Қаңтарбаев Әлібек

Құйрықты жұлдыз аққан түн

немеса Оралхан Бөкеевтің соңғы сөзі Элегия

Дели. Мейманхана Бөлменің ауасыны қапырығы-ай,

Неткен жер, неткен ыстық, япырым-ай.

Ізімше қайтсам ба екен Алматыма,

Аман-сау осы таңды атырып-ай?!

 

Қой, Ораш, кеткенің бе бала болып,

Көзіңді аш, оң-солыңды қара көріп.

Жас Тәуелсіз еліңнің бетке ұстары,

Деп жіберген қазағың дана көріп.

 

…Жүрегім әлсін-әлі құрыстайды,

Байқаймын, бүгінгі кеш жиі ұстайды.

Ойларым сан-сапалақ, шым-шытырық,

Бұрынғыдай бір-бірін қуыспайды.

 

…Әкем, анам аңырап жеткен екен,

«Тез елге қайт!» деп қатты сөккен екен.

Осындай шала бұлдыр түс көріппін,

Әлгінде көзім ілініп кеткен екен.

 

Сондай селқос, боп-бозғыл кейіптері,

Ұмытты деп жүр ме екен кейіп мені?

Қарындасым, апайым – бәрі бірге,

Байқаймын, келмеген-ау сейілткелі.

 

Қоймады ғой жүрегім тым мазалап,

Үрей буып барады, тұр қамап ап.

Буалдырланып бар әлем бара жатыр,

Неткен аппақ дүние…Не ғаламат?!

 

Мынасы кім, тағы да, тек елес пе,

Түрін-ай, шақырғандай ерегеске.

Құдай-ау, әлгі өзіміз айта берер,

Атышулы Ажалдын өзі емеп пе?

 

Өңі мүлдем бұзылып кеткен екен,

Келген-ау әкеткелі бетке бөтен.

Сезуші ем, төрт жыл болды бұл тажалдың

Ізімді аңдып жүргенін. Жеткен екен.

 

Дәл өзі. Орнымнан да тұрғызбайды,

Мойнымды телефонға бұрғызбайды.

Өзін сөзге шақырып көрейінші,

Мүмкін, мүмкін… әй, дәурен құрғызбайды.

 

Ажал мен Бөкеевтің үзік әңгімесі

Оралхан:

Ей, Ажал, көріп тұрмын сені міне,

Аз күнде келуші едім Елуіме.

Қыспашы жүрегімді босат, босат,

Жат жерде орай көрме кебініңе.

 

Жат еді маған мүлде жасық қылық,

Бақиға әкетпеші асықтырып.

Көп сұраман, бір Он жыл ғұмыр берші,

Жазарымды жазайын тасып тұрып,

Пасықтардың кеудесін басып тұрып!

 

Білесің, мен Бөкейдің жалғызы едім,

Алтайдың шыңындағы жалбызы едім.

Бұл фәниде күнәм жоқ, міне Құран,

Жалғыз-ақ сыйынарым Қар қызы еді.

 

Ажал:

Бөкеев, дауысың неткен өктем еді,

Іздеп сені шарладым Көктөбені.

Ақыры Үндістанда қолға түстің,

Ізіңді аңдып едім көптен бері.

 

Жүргенше күйкі тірлік жетегінде,

Неге ерте ойламадың кетеріңді?

Күрес-өмір шаршатқан шығар сені,

Жатасың тыныш мәңгі мекеніңде –

Қасиетті Алатаудың етегінде.

 

Мейлі, сен ойшылмысың, ақынбысың,

Білемін, өз ортаңда тақымдысың.

Сауысқандар сұңқар боп жүрген жерден,

Таңцап қана әкетем ақылдысын.

 

Айтамын тыңдайды деп, ұғар сені,

Болады ғой төзімнің шыдар шегі.

Қоңқайлармен алысып қоғамдағы,

Жүрегің де шаршаған шығар сенің?

Өмірге неге жаның құмар сенің?!

 

Есті адам көздің жасын бұласын деп,

Әкетем қоштастырмай, сұрасын кеп.

Тіріңде қадіріңді көрмегендер,

Өтірік бетін тырнап жыласын деп.

 

Оралханның соңғы сөзі:

Шіркін-ай, жеткізбедің сауығыма,

Осы жаз барсам деп ем ауылыма.

«Қош» айта алмай арманда кетер болдым,

Ауылдағы аға, іні, бауырыма.

 

Алтайдан дәл жиырмамда кетіп едім,

Өмірдің сан өткелін өтіп едім.

Жалғанда ұрпақ көрмей жаңа ғана,

Құдай-ай, арманыма жетіп едім!

Құдай-ай, сол ғой менің өкінерім!

 

Ата-анам, апайымды – барымды алдың,

Қарындасым Мәншүкті, жарымды алдың.

Бір кіндіктен жер басып біреу қалсын,

Тоса тұрғын, жалынам, тарылмағын!.

 

Тым құрыса жетейін Алматыма,

Көз жұмайын мекенім – жәннатымда.

Шыдай тұршы, оянсын жолдастарым,

Шыдай тұршы, таяды-ау таң да атуға.

Уақыт бер, бар-жоғымды жисам деп ем,

Әлі де қу тірлікті қусам деп ем.

Жалғызым – Айханымды жеткізейін,

Бір 15-10 жылыңды қисаң деп ем!

 

Ажал:

Жо-жо-жоқ! Қия алмаймын, жетер енді,

Соңғы рет жыр-кеудеңді көтер енді.

Фәнидегі талқаның бітті осымен,

Уағымыз болып қалды кетер енді.

 

Оралханның қоштасуы:

Бәрі кеш. Қош, Қар қызы, Қамшыгерім,

Мынаны дойырыңмен салшы бері.

Жүрегімді Ажалға шабақтатпай,

Қар қызы-ау, өз қолыңмен алшы бері!

 

Қош, мәңгілік Қаратай, елім менің,

Жерім менің, Алтайым – керім менің!

Жәннатым – Шабанбайдай серім менің,

Барамын жырлап сені тауыса алмай,

Жарқырап тұра берсін көгіңде Күн,

Жалған-ай… Шыңғыстайым… Төрім менің!!!.

 

Төр Алтайдың жоқтауы:

Неткен сұмдық қасірет! Құрсын бәрі,

Теңселмей, кәрі Алтай-ау, тұрсың нағып?!

Мейірімсіздік, уа, неткен қатыгездік,

Ажал жұлды, әкетті, жыршымды алып!

 

Не шара, болсамдағы алып күшті,

Тағы бір асылымды қағып түсті.

Бөкеев ең бір жарық жұлдызым ед,

Түнек басты-ау, ол-дағы ағып түсті.

 

Сәйгүлік болар деген Орал-тайым,

Белгілі ед, «ә» дегеннен қонар сайың.

Бұқтырмаң қанды жаспен бетін жуып,

Артыңда зарлап қалды-ау Төр Алтайың.

 

Орашым қара сөздің ақыны еді,

Ей, Ажал, қараңды сен батыр енді!

Онсыз да бауырымдағы көп шуылдақ,

Байлығымды ит жем ғып жатыр енді!

Орашым бірегей ет, арыстан ед,

Уақытпен бәсекелес- жарысқан ед.

«Алтайды қорғайық!» деп, е, жалған-ай,

Қоңқайлармен отыз жыл алысқан ед.

 

Мұзтауың көлдің жасын көлдетеді,

Биыл жаз көлдетеді, селдетеді.

Шыңымнан ерте ұшқан мұзбалағым,

Қайғың қатты батады-ау, елге сенің.

 

Бұқтырмаң жатыр тасқа тасын ұрып,

Жаутаңдайды, қарайды басын бұрып.

Өзіңдей ақиығын жоқтап, боздап,

Отыр әні, Қар қызы шашын жұлып.

 

Тілімді алса-дағы кесіп, мейлі,

Бермесе, керегі жоқ несіп, мейлі.

Керең болып қалған ба, дауысымды,

Неге, неге Құдайым есітпейді?

 

Қайтейін бұл тағдырдың наласына,

Көңіл де түсер бір кез сабасына.

Ораштың аруағы риза болсын,

Қалмайық іші тардың табасына.

Саған деген көңілімді суытпаймын,

Әз жаныңа арамды жуытпаймын.

Еліңнің жүрегінің төріндесің,

Ал, Алтайың мәңгіге ұмытпайды!!!

1993 жыл.