Қарағызұлы Бауыржан

Біртуар
(Оралхан Бөкейге)

Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ Ақыны –
Кербұғы секілді Қазақтың кербезі!
Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай Сезімі тәкаппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы;
Бұрынғы Әулие,
Кешегі Жыраулар жалғасы –
Сұңқардай шүйіліп,
Лашындай түйіліп,
Тұйғындай толғанған;
Тілегі Алашқа,
Жүрегі Алтайға айналған,
Қаламы ғарышпен сүйісіп,
Кіндігі Еліне байланған – Оралхан!
Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,
Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.
Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған –
Көкірек көзінен аққудай ақиқат сұңқылдап,
Еркіндік қырандай қомданған!
Әттең-ай!
Дүния-ай, не деген шолақсың?!
Найзағай отындай жарқ етіп Бес Күннен,
Жан Аға, о, неге тым ерте көштің сен?!
Сендегі әр Сөзде – Қос Әлем шалықтап,
Құдайдың «дауысы» құпия естілген!
Жанардан сорғалап жалғанға жаңбыр – мұң,
Өкіндік өртеніп, өксік жеп опындық…
Қайтейік, сұп-суық сызығы сызылса Тағдырдың…
Жан Аға!
Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге,
Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!
Ал, қазір біздің Жақ –
Биліктің қан-жынын ұртына тыққылап,
Қалғанын, мұртымен сүрткілеп жарысқан,
Ар өліп, тұншығып ұяттар, сатқындар сатқынмен табысқан.
Сен айтқан: «Сейітқұлдар»* – «құрметті әкімдер»,
Сен айтқан: «Анаулар»* – «атақты данышпан».
Ақылын қорлаған, иманын таптаған,
Атасын, күшігін, айғырын мақтаған.
Не деген кө-ө-өп еді жазу-шы-сымақтар, Шыбындай қаптаған!
Біздің Жақ осындай,
Ішімнен жылаймын, ызамен күлемін,
Сен айтқан: «Бархандай»* қан құсып жүрегім,
Сен айтқан: «Ақтандай»* ашынып жүремін.
Жан, Аға!
Біздің Жақ мәз-мейрам рухани тұралап,
Жанымды кім келіп жұбатар?!
Қалымды қай адам сұрамақ?!
Қайтадан оралшы біздерге, Оралхан,
ҰЯТТЫҢ отына өртенсін мына Жақ!!!