Қашқынбаев Талғат

«Алтайым» деп толғаған қалам тербеп

Алтайдың тау-құзындай асқаралы

Өр кеудесі, келбеті, қас-қабағы,

Қыранның көздеріндей – қиядағы

Қалт еткенді байқайтын қос жанары.

 

Алтайдан түлеп ұшқан ұлан еді,

Туған жерге нұр шашқан шырақ еді,

Бақилық болғанында – тау күңіреніп,

Қалып еді артында жылап елі.

 

Алтайдың төске біткен шынары еді,

Жасынан биіктікке құмар еді,

Аман жүрсе бүгінде, әлемдегі

Әдебиеттің шыңына шығар еді.

 

Жымдасқан көркем сөздің шебері еді,

Тереңнен ой толғаған кемел еді,

Шығарма желісіне өзек еткен

– Ауылдың адамдарын берекелі.

 

Жерлестердің мінезін біліп жетік,

Әңгіме, повестердің арқауы етіп,

Табиғат пен адамның үндестігін

Жеткізген санамызға дәл көрсетіп.

 

Алтайдың сай-саласын аралаған,

Табиғатқа жай көзбен қарамаған,

Үңіліп әр тасына, ағашына

–Адамның тағдырындай саралаған.

 

Сүйген еді жерінің өзен-көлін

Жарқырап, айшықтаған Алтай төрін,

Орман-тоғай өз туған үйіндей боп,

Кезуші еді аңдардың соқпақ жолын.

 

Алтайда кербез бұғы, марал қандай,

Сұлулыққа теңеу боп жаралғандай

Табиғаттың осынау ғажайыбын

Жан жоқ-ау суреттеген Оралхандай.

 

Оймен ұшқыр, санамен – ерен сергек

Ұмтылды биіктерге қанат сермеп,

Түйсініп туған жердің зор тынысын

«Алтайым» деп толғаған қалам тербеп.

 

Жаратқан беріпті оған қысқа ғұмыр,

Мәңгілік мекен тапты жерден жұмыр,

Тағдырдың шолақтығын мойындамай

Орнатып кетті өзіне берік тұғыр.

Үлкен Нарын ауылы