Қажаева Ләззат

Алтайдан ұшқан ақ иық қыран өзіңсің

Жылыстап жылдар тарихқа кіріп барады,

Есімің жыр боп қазаққа бүкіл тарады.

Сені аңсап Алтай, шыңдары биік Мұзтаудың,

Сағынышпенен тағы да жолға қарады.

 

Бұқтырма дағы күрсініп сені жоқтайды,

Құлақ сап оған жолаушы дағы тоқтайды.

Үн қосып сол бір сағыныш толы сарынға,

Күркіремеңнің суы да жарға соқпайды.

 

Сәйгүліктейсің бәйгеден озар дарабоз,

Естілер жырдай сен тізген өрнек-қара сөз.

Сездің бе ерте боларын қысқа ғұмырдың,

Сусыған құмдай өтерін жастық, бала кез?

 

Ұқсайтын еді тұлғаң да өршіл маралға,

Жүйелі ойың, әсері де мол адамға.

Жұлдыздай ағып, жарқырадың да жоқ болдың,

Жасында ердің атой сап шабар қамалға.

 

Жырладың ән ғып Катонның тауын, шөбін де,

Қырандайсың сен қалықтап ұшқан көгінде,

Табиғат тылсым сенеді арман-сағымға,

Мұзбалақ қыран оралар деп бір тегінде.

 

Сомдадың өзің тұлғасын биік адалдық,

Киелі елің өсірген сені адам ғып.

Шынардай биік символы болып шындықтың,

Шыңына Мұзтау ту болып мәңгі қадалдың.

 

Есінде елдің жас болып ылғи қаласың,

Кішіге аға, үлкенге әлі баласың.

Жүрегіңе сен қалайша ғана сыйғыздың,

Арайлы Алтай таулары менен даласын?

 

Жетпіске кепті жылдарың менен жасың да,

Бар еді талай мазасыз ойлар басыңда.

Ұрпаққа келер үлгі боп мәңгі қаласың,

Жазылып атың тарихтың мәрмәр тасында.