Әбішұлы Самарбек

 Мұзбалағы Алтайдың…

Ақиық өр Алтайдың ақ сұңқары,

Шын дүлдүл, шаң жұқтырмас нақ тұлпары.

Көркіне ғашық болып туған жердің,

Арнаған ақжүрегін, бар іңкәрін.

 

Сырласқан табиғатпен мұзбалағым,

Ұғынған жан тылсымын құз, даланың.

Өрнектеп тіл жетпейтін тамашасын,

Ойнаған ақ қағазда біз қаламың.

 

Ұшқыр ед уақыттан да арман, ойың,

Пәл-сәпәң терең жатқан бейне шойын.

Сұм ажал ерте жетті-ау тосын келіп,

Тойлатпай Орекеңнің мерейтойын.

 

Түсіндің кер маралдың кербездігін,

Өткір ед қалжың, әзіл сөз-кездігің.

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ»,

Ұғынды жан сырыңды ол кезде кім?!

 

Түсіндің табиғаттың тылсым сырын,

Талғамың алған болар содан шырын.

Заманның ағысын да ерте болжап,

Ой салдың өзгелерге елден бұрын.

 

Берді ме саған дарын туған жерің,

Төбесі көк тіреген асқар белің.

Жаныңа нұрын құйып күн шуақты,

Өсіріп, еркелеткен қимас елің.

 

Күркіреп тулап аққан «Көктерегің»,

Жыл сайын орға жыққан топ терегін.

Бойыңа шабыт, дарын құйды ма екен,

Дәл басып, жан-пернеңнің нақ керегін.

 

Ойыңа нәр берді ме «Қызыл қайың»,

Дәм татқан бал суынан әр күн сайын.

Сол кезде толғаныспен жүрдің бе сен,

Күндіз-түн ойлауменен елдің жайын.

 

Орнында тулап аққан «Күркіремең»,

Аң-құсы дауысынан дүркіреген.

Ары өткен бері өткендер шөлін басып,

«Зәм-зәм су ғой ғажайып, шіркін!» деген

 

Орнында сен шомылған «Көк иірім»,

Туғызған тереңінен ой түйірін.

Жаттың ба күнге күйіп жағасында,

Ойларың шарлап өтіп көк биігін.

 

Күш берген ата жұртың «Ұзақ тауың»,

Көрінген төбесінен мұз Ақтауың.

Сол ма екен жетелеген биіктерге,

Бой бермей ойларыңныңұсақтауын.

 

Көрдің бе мүмкін сонда қыран бүркіт,

Тығылған түз тағысын одан үркіп.

Тұрдың ба қанат бітіп арманыңа,

Ұшса деп дәл солайша әттең, шіркін!

 

Орнында жер жанаты «Шабанбайың»,

Армансыз аралаушы ең әр жыл сайын.

Өзгеге ашылмаған құпиясы,

Өзіңе сыр сандығы болған дайын.

 

Орнында сан сырласқан «Маралқашқан»,

«Тасшоқы» жер биігі тұман басқан.

«Кербұғы» мекен еткен жер жанаты,

«Қар қызы» «Өскелеңдей» қырдан асқан.

 

Орнында Өр Алтайың қар-мұз басқан,

Сәулесі шұғылалы шағылысқан.

Кеудесін кере ұстап кербезденген

Кей кезде күрсінгендей сағыныштан!

 

Талайлар айтушы ед «Паң, тәкәппар» деп,

Жарасар тәкәппарлық өзіңе тек.

Ана деп туған жерге бас июші ең,

Оралып Алматыдан еліңе кеп..

 

Сені іздеп туған жерің сағынады,

Ақ бүршік қыз қарағай тағынады.

Серпілтіп ақша бұлтын сені іздеген,

Алтайдың ақбас Мұзтау – шаңырағы.

 

Шуылдап «Қызыл қайың» сыр шертеді,

Тағынып ақ сырғасын тербетеді.

Ата жұрт «Ұзақ тауың» – құт мекенің,

Көз жасын сағынышпен селдетеді.

 

Шапқылап «Қасқа құлын» кісінеген,

«Кербұғы» кербез сылқым үркер неден.

«Қар қызы» жүр ғой қазір арман болып,

Ну орман, сай-саланың ішіменен.

 

Сағынып туған елің сені іздеген,

Пара-пар сағынышы теңізбенен.

Төбесі көк тіреген күмбез биік,

Гималай, Өр Алтаймен егіз дер ем.

 

Көргенде Гималайды мұзбалағым,

Дедің бе «Биігіңді қызғанамын».

Туған жер, Өр Алтайың түсіп еске,

Жүректің сезбедің бе сыздағанын ?!

 

Дарының олардан да шырқау биік,

Жырладың қара сөзбен елді сүйіп.

Оқырман жүрегінде атың қалды,

Мәңгіге тағзым етер басын иіп.