Иран-Ғайып

Аспанның өңі қарайып…

Жерінде Үнді елінің,

Жоғалып алтын сынығы –

Кетірді көңіл сенімін,

Ажалдың ұзын құрығы.

 

Өнердің шырқау көгінен,

Қазақтың ағып жұлдызы –

Көз жасын сүртіп жеңімен,

Қасірет жұтты ұл-қызы.

 

Шейіт боп қапыл халқымның,

Бір туар қайран асылы –

Қарашаңырығына марқұмның,

Тағдырдың түсті жасыны.

 

Мейірімін төкті соңғы рет,

Аспанның өңі қарайып –

“Оралхан Бөкей өлді!’ – деп,

Айтамыз қалай, халайық?!

 

– Қисынсыз қыршын кетсе де,

Қырқылжың кетер жол қайда?! –

Қайғының қосын жеккенше,

Қаламым сынса болмай ма?..