Сөзге шешен болды

Оның тағы бір ерекшелігі сөзге шешен, суырып салма болды. Біз сөз таба алмай күмілжіп тұрғанда Оралхан суырылып шығатын. Әкесі көп сөйлемегенімен шешесі Күлия бүкіл Шыңғыстайға мәлім, адуынды, сөзшең кісі болды. Оралханның сөзшеңдігі анасына тартса керек.
(Бала кездегі жолдасы  Нұрлан Әкімбаевтың айтқандарынан)

Қасым, А. Біз ойын қуып жүргенде ол кітап оқып отыратын немесе Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы не білеміз? [Мәтін] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 17 ақпан. - Б. 20-21.

Оралхан өз сыныптастарының арасында ерекше көзге түсетін-ді. Пысық, ширақ, қауып та, тауып та сөйлейтін, көпшіл еді. Жүріс-тұрысы тиянақты, өзгелерге сын көзбен қарайтын. Осындай ерекшелігін байқаған соң оқушылардың комсомол комитетінің хатшысы етіп сайладық. Қабырға газетінің редакторы болды. Қазақ тілі - әдебиетінен сабақ беретін Жомарт Нұрғазиннің жетекшілігімен "Жас қанат" деп аталатын шығармашылық газетін басқарды. Оған өзі де үнемі қалам тартып, шағын өлең, әңгіме жазып тұратын.

Оралханның тағы бір әдеті - оқушылар арасында көркем әдебиет конференциясын өткізетін. Онда өзі оқыған кітаптарындағы кейіпкерлер туралы үнемі сипаттама жасап тұрушы еді. Апта сайын ауылдағы шағын клубта көркем әдебиет жайлы әңгіме кештерін өткізіп тұратын. Өзге жазушылардың шығармаларын жатқа айтушы еді. Белсенділігі жоғары болатын. Мектеп бітірген соң бір жыл аға вожатый ретінде ұстадым. Келесі жылы оқуға түсу үшін Алматыға кетті.

(Ұстазы Жошыхан Қасимановтың естелігінен. Әңгімелескен Қуаныш Қожаев, Семей).

Ол ауыл жастарының ішінде ылғи алда жүретін. Есіліп, көсіліп тоқтамай сөйлейтін. Қай уақытта қай жерде сөйлесе де жұртты өзіне қарататұғын.

Біз бір сөйлем жазып, екіншісіне ойланып отырамыз ғой. Ал Оралханға ағылып келе беретін. Өзі: «Менің қолым ойыма ілесе алмайды» дейтін. Табиғатынан батыл жазатын.

(Жазушы Дидахмет Әшімханның естелігінен)

Оның мінезі де, жүріс-тұрысы да, киім киісі де, тіпті, шаш қойысы да өзгеше еді. Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ ол маңайындағыларға менсінбей қарайтындай көрінетін. Бір нәрсені ұнатпаса, біреудің көңілін қалдырармын-ау деп ойламайтын, ойласа ойлар да, бірақ айтайын дегенін кері жұтпайтын, бастан сөз асыруды да білмейтін, лапылдап көп сөйлей де бермейтін, ал айтыса кетсе, түйдек-түйдек ойларын бұлтартпайтын дерек - дәйектермен дәлелдеп, қарсыласының үнін өшіретін, жарты сағат сөйлесе, бір сөзін екінші қайталамайтын шешен еді.

(Әріптесі Ж.Әділбаевтың  естелігінен).

Әділбаев Ж. Ешкімге ұқсамайтын Ораш еді: Оралхан Бөкейдің туғанына 60 жыл толуы қарсаңында / Ж. Әділбаев // Дидар. - 2003.- 17 мамыр. - Б. 5.

«Дидар» газетінің бір топ журналистері Күршім ауданында өткен Көкжарлы Барақтың туғанына 290 жыл толуы мерекесіне барғанбыз...

Сөз кезегі өзіне тигенде Оралхан да көл-көсір шешіліп бір сөйледі дерсің. Орекеңмен бұған дейін сан мәрте кездесіп жүргеніммен, оның топ алдында сөйлегенін көрмеген едім. Қайран, Ореке-ай, құдайым саған тіл мен жақты берген-ақ екен, мұндай шешен болып туармысың! Қысқа сөйлесең де нұсқа сөйлеп, сол кеште дүйім жұртты аузыңа қаратқаның күні бүгінге дейін есімде. Барақ бабамыздың кім екенін төрт-бес минуттық сөзіңе сыйдырып айтып бердің-ау! Кейбіреулердің жарты сағаттық ұзақ сонар баяндамасына мұндай сүйсінбесіміз хақ. Орекеңмен бұдан кейін кездесудің сәті түспеген-ді. Соңғы кездесу екенін кім білген...

(Мұрат Әміренов).