Нақтыбайұлы Есімжан

Оралхан жайлы толғау

Күңірентіп асқар шың мен даланы да,

Жазатын жүректегі жараны да.

Жібіткен Оралханның жауһар сөзі

Қатыгезді қан қатқан қабағына,

Оның да ізін қуған ағалар бар

Алтайды арқау еткен қаламына.

Солардың арасында сүмбіледей

Оралхан сәуле беріп жанады да.

Оралхан мәуелі бақ шынарындай,

Ұрпақтың асыл тірі, ұранындай,

Көгінде еркін сермеп қанаттарын

Шыңдарда шарықтаған қыранындай,

Жасырмай ашып айтып сырларыңды-ай,

Жүрегін талайлардың ұрладың ғой.

Қиялың сенің, аға, ұшан-теңіз.

Алтайдың заңғар биік шыңдарындай..

Ақтарып құпиясын алыс сырдың,

Аққуды айдынымен табыстырдың.

Алтайды мекен еткен Қаратайды

Сен тұңғыш жалпақ жұртқа таныстырдың,

Бір сәттік өткінші өмір тамшы еді,

«Жылымықпен» сезілер таң сілемі.

Қаламын серік еткен сезіміне

Сен едің қара сөздің «Қамшыгері».

Жат қылықты жұртыңа білдірмедің –

«Қияли» боп еліңді күлдіргенің.

«Үркер ауып барады» арқан бойы,

Қадағалап өмірдің бұл дүрмегін.

«Маңдайынан біреудің бағы тайған»,

Арыла алмай қысасты қалың ойдан.

«Поездай зымыраған» әр таңыңның

«Бәрі майдан», өмірге, бәрі майдан.

Баладай жау тылында жаутаңдаған,

Жетімсіреп қалған ба дархан далам?!

 

Қалдырдың кімге сол бір ақ боз атты.

Қиялыңда Тортаймен арқандаған.

«Өз отыңды өшірмес» қаратайың,

«Қар қызындай» көрінер бала қайың.

«Сайтан көпір» бүгінде сағынады

Асыр салған Оралхан балақайын.