Оңғарсынова Фариза

Шыңғыстай

Шыңғыстайдың келбетін көктемдегі
Көрсем деуші ем, армандап көптен бері.
Құшағына алып Алтайдың от шеңбері
Жабырқаған көңілім көкке өрледі.
Жылу беріп жаныма Мұзтау жақтан
Жүгіріп кеп бетімнен өпкен желі.
Осы екен ғой Шыңғыстай – Оралханның
Орман кезіп, ой кешіп өскен жері.
Дос-құрбысы бар ма екен – мен білмеймін,
Әлде таппай өтті ме дос пендені…
Ардақтай ма бүгінгі ел Оралханын,
Келгенім жоқ мен мұны тексергелі.
Асылдарды аяққа басуға әзір
От қолқалы ғасырдың шоқ шеңгелі,
Қазы, жалды ысырып бүгінгінің
Жейтініндей тамсанып шоқ шөңгені.
Кербұғыны, о ғажап, қара мына!
Біреуді іздеп тауға өрлеп барады ма…
Жалт бұрылды, кілт тоқтап, маған қарай
Көзін салып мұң тұнған қабағыма.
…Жас іркіліп оның да жанарына.

 

Жолда

Алтайдың таулары қандай кие жерімдей,

шың, тасын, қалың орманын сүйем елімдей.

Ақ бұлттар жусайды аунап жоталарында

қос өркеш Маңғыстау жақтың түйелеріндей.

Жоталар жатыр жамбастап қатар жағалай,

жол қиын, табиғат мұнда қатал ма, қалай…

Қос таудың арасыменен келеміз ұшып

титімдей тікұшақпенен Катонға қарай.

Бұл жақты ән-жырға қосқан талай жолдасым,

адамы-биік, тауларды жанай туғасын.

Ғасырлар дақ сала алмаған мынау өлкеде

алыптар Оралхан сынды қалай тумасын!

Талайдың «Кербұғыны» оқып аңсаған елі,

мұнда ешкім күтіп алмайды жар сала мені.

Керіліп Кербұғылардай кербез қылықпен

Оралхан тірі болса егер қарсы алар еді.

Катонда жанымен құштар әркім өлеңге,

өлмейді ұлтымның рухы салты бар елде!

Бұл жерде туады әлі талай ұл-қыздар

жаятын қазақ елінің даңқын әлемге!

 

Талпыныс

Перзенті ем шет-шегі жоқ сары даланың,

тау дейтін төбенің де жарқабағын,

«Адамдар тауда өспеген тау киесін

ұқпайды», – десе біреу шамданамын.

 

Мен, рас, көрмей өстім алма бағын,

тау-тасқа өлең-жыр да арнамадым.

Алтайдың тыр жалаңаш шың-құзына

шалқалап қараймын да таңданамын.

 

Көрсең ғой таулы өлкенің таңғы алабын!

Бұл елді сүймеуге енді бар ма амалым,

Алтайды көрмегенге Оралханның

әр сөзі – үлгісі ғой жарнаманы

 

«Баянда» саумал ішіп, жал жамадым,

тамсана аюға ұқсап бал жаладым.

Самырсын, балқарағай өскен сонау

биікке жетсем-ау деп қарманамын.

Көрем де самғап ұшқан қаршығаны,

Алтайдың қолдар деймін әр шынары.

Ұмтылам, бірақ жетем деген сайын

шыңдары көк күмбезге шаншылады.

 

      Қоштасу

Қош енді, Қаратайдың асқақ елі,

Жасқанбай жан бітірген тасқа демі.

Биікке сұқтандырып шақыратын

самырсын, балқарағай, жас терегі.

Аман бол, қыран мекен – Бүркіт шыңы,

Қатынсу, Бұқтырмадай басты өзені,

«Баянда» өткен күндер есте мәңгі –

мөлдір су, жұпар ауа – жақсы еді емі.

Шығыста туғанымдай бауыр басқан

ұл-қызды қимай көзім жас төгеді.

Жаныма қуат берген осынау ел

кенелтті іні-сіңлі, досқа мені.

Болғанмен өңім асқақ, көңіл жүдеу –

мендейлер мейірімге аш келеді.

Өзге жұрт мақтанса да, асқар Алтай,

әлемнің сендей болмас басқа жері.

Болғасын көңілің ақ, ісің жарқын,

киесін кездесудің түсінді әркім.

Қоштасу керек шығар қимастармен

сағынып қайта оралу үшін бәлкім…