Оралхан бөкейдің күнделігінен

Менде нағыз дос жоқ, әріптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейін білдім. Сол секілді менде ішек – қарны араласқан, жалғыздығым мен жанымды түсінетін туыс жоғын да кеш сездім. Менде өзімнен басқа ештеңе жоқ, тіпті творчествома да ешқашан қанағаттанған емеспін. Бұл – түңілу емес, өмірге, өз-өзіңе үңілу.

 

***

Менің ұлтым ылғи да алдамақ болып, өзі алданумен келеді. Сондықтан басынан сипасаң, басы-байлы құлың болуға бейіл… Аңқау да адал…

 

***

Теңіз шетінде қырдан домалап түскен нар тастар жатады. Теңіз толқыса – су ішінде, қайтса құрлықта қалады. Ол тастың екі отаны бар, бірақ, екеуі де оны мойындамайды.

 

***

Календарьдың әр бетін жыртқан сайын тағы бір тамаша күнімді өз қолыммен жерлегендей саусақтарым дірілдеп кетеді.

 

***

Мектеп қабырғасында жүргенде армандаудың үлкен мәні барын өз басымнан кештім. Журналист болам дедім – болдым. Ал кластасым Жеңіс ұшқыш болам деді – болды. Демек, қиялдаудан асқан арғымақ жоқ.

 

***

Аурудың жақсысы, адамның жаманы болмайды.

 

***

Қазіргі адамдардың бәрі асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқандарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой…

 

***

Көркем шығарма дегеніміз – өмір атты алып кітапты оқу арқылы жасалған конспект ғана. Сондықтан да, біздер, жазушылар – өмірдің мәңгілік студенттеріміз.

 

***

Рокуэлл Кенттің «Это я, Господи» автобиографиясын қарап шыққан соң, дәл осындай өмірбаяндық шығарма жазғым келді. Ал менің өмірім – өз замандастарымның ішіндегі ең қызықтысы.

 

***

Бүгін ежелгі жұрт -шығармашылық үйіне келдім. Баяғы базары тарқамас қызығы да, қызы да көп күндер адыра қалған. Жым-жырт тыныштық. Кәрібайды көрдім. Дулат пен Бексұлтан да осында деп естідім, әлі көргенім жоқ. Мен есік алдында айбын болып отыратын Ғабеңді сағындым. «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын ақсақал таба алмаудан өкінішті не бар екен?! Мен соңғы төрт-бес жылда ешнәрсе жазғаным жоқ. Ақшадан қысылған соң «Қасірет» деген тарихи драма жазып едім, көңілім толмады. Тіпт қаламнан қол жазып, жатырқап қалғаным соншалық, зауқым соқпайды. Бәлкім, берерімді беріп алып, енді екі балам үшін өмір сүріп, жүрген шығармын.

 

***

Түстен кейін себелеп жаңбыр жауып, тұман басты. Қызық, әтеш шақырып, қой маңырайды. Қозылаған болу керек. Қалада отырып, ауылды сағынғанда мұндай тосын үн есту жаныңды жарылқайды екен.

1987, IV-VIII