Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы

Оралхан Бөкей 1943 жылы қыркүйектің 28 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған. 1960-шы жылдары әдебиетке келіп, қазақ прозасының салмақты жүгін көтерген  дарынды өкілдердің бірегейі.

Оралханның әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі екен. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарған. Керемет дауысы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл – Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келген кез сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанады. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.

Оралхан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінде білім алады. Мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін айтады екен. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: – «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да, мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін», – деген екен. Иә, асқақ арман, үкілі үміт өшпеді. Алла ақ тілекті, ақ ниетті қабыл алды. Өр Алтайдың өр де өжет ұлы мақсатына жетуге жолында талмай талпынды.

1961 жылы Шыңғыстай мектебін бітірген соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істейді. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай окуға түседі де, оны 1969 жылы тәмәмдап шығады.

1965-1968 жж. Шығыс Қазақстан облысы, Үлкен Нарын аудандық «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар) газетінде әдеби қызметкер міндеттерін атқарады.

«Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, 1983-1993 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редакторының орынбасары, бас редакто болған.

«Қамшыгер» (1970), «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным» (1973), «Мұзтау» (1976, орыс тілінде -1987), «Ән салады шағылдар» (1978, орыс тілінде – 1981), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984ж, орыс тілінде – М., 1984) әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» (1983ж, орыс  тілінде -1984) романы, «Құлыным менің» (1987)  пьесалар жинағы шықты.

«Құлыным менің» (2 актілі драма, 1974), «Теке-тірес» (2 актілі драма, 1976), «Қар қызы» (2 актілі элегия, 1982), «Зымырайды поездар» (2 бөлімді драма, 1984), «Жау тылындағы бала» (2 бөлімді драма, 1985), «Мен сізден қорқамын» (2 бөлімді драма, 1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылды.

Орыс тілінде «Жасынның ізі» (М., 1978) әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған. Жазушы шығармалары бойынша «Кісікиік» (реж. М.Смағұлов, 1985), «Сайтан көпір» (реж. Д.Манабаев, 1986) көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль (1986, балетмейстер Б.Аюханов) қойылды.

«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1986), Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтык әдеби сыйлықтың (1978) иегері.

Ұлы драматург Б.Шоу: «Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуға тиіс» деген екен.  О. Бөкей де қолына қалам ұстағаннан-ақ өз замандастарының мұңы мен куанышын шынайы суреттеуге тер төкті. Бұл ретте автордың өзі де: «Әйтеуір не жазсам да, өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын», – деген екен.

Айтқанындай-ақ, оның кейіпкерлері – «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең-алаңдағы» Зарлык, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ақтан – өзіміз   күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз.

Бір ерекшелігі – бұл кейіпкерлерді әдебиетіміздегі замандастар бейнесі галереясынан басқаға шатастырмай бірден танитынымыз. Бұл да жазушының образ сомдаудағы өзіндік ізденісінің нәтижесі. Мұның сыры – О. Бөкейдің өз кейіпкерлерінің іс-әрекетінен гөрі, олардын ішкі әлеміне, жан дүниесіне көбірек үңілетіндігінде еді. Олар шетінен арманшыл, қиялшыл болып келеді. Мұның себебі автор шығармалары да кейіпкер ой-толғаныстарын табиғат суретімен астарласып, астасып жататығында. Өйткені, табиғаттың төл перзенті адам сол табиғат иесін сезініп, түйсінген кезде оның арманшыл, қиялшыл болмауы мүмкін емес. Кейіпкер болмысын табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту О. Бөкеев шығармашылығының өзіндік бір қыры. Бұл ретте автор табиғат жыршысы. Ол – бүгінгі әсем де, сұлу өлке, өр де, асқар Алтайдың асқақ жыршысы болды.

Оның өскенін, шығармашылығындағы алтын өзегін тапқан, нағыз реалистік, психологиялық прозаға тән арнаға түскенін «Біздің жақта қыс ұзак» атты жинағына енген   шығармаларынан көреміз.

Автор шығрмаларында өз заманы, замандастары туралы терең толғаныстарға барып, олардың жан дүниесіне үңіліп, адам – жұмбақтың ішкі  әлеміндегі жықпыл-қалтарыстарын ашуға ұмтылады.

Оралхан Бөкей – Ұлы Отан соғысы жылдары дүииеге келген ұрпақтың өкілі. Сол бір кездегі алапат сойқанды өз көзімен көрмесе де, тылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсіне, күңірене жүріп күн кешкен жандармен бірге тыныстап, бірге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз емес.

Бүгінде соғыс жаңғырығы алыстап кеткенмен, оның адамдар жүрегіне салған жарасы жазылып кеткен жок. Сол жараның қан майданға қатысқан, тылдағы ауыр еңбекке араласқа әрбір адамның жанын әлі де сыздататыны анық. Әдебиетімізде соғыс кезіндегі қара жұмыста болғандардың еңбегі туралы жазылған шығармалар жоқтың қасы. О. Бөкейдің «Бәрі де майдан» атты повесі осы тақырыпқа арналған.

Жазушы драма саласында да өнімді еңбек етті. 1987 жылы «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары республикалық театрларда қойылып  тиісті бағаларын алды.

Көптеген шығармалары ТМД және басқа да шетел тілдеріне аударылды. О. Бөкейдің шығармалары: «Кісікиік», «Сайтан көпір» бойынша көркем фильмдер түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесі бойынша балет-спектакль қойылды. 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Әр шығармашылығында киелі Алтайдың тамаша табиғатын көркем тілмен кестелеген бірегей суреткер жазушы көркемөнер көкжиегін кеңейтіп, қазақ прозасын көкке көтерді. Осылайша, өзгелерден озып туып, озық тұрды. Сондықтан да, Ару Алтай мен Оралхан есімі қазақ әдебиетінде мәңгі қатар астасып, ұрпақтан ұрпаққа жететініне күмән жоқ.

Оралхан Бөкей Үндістан елінде шығармашылық сапармен жүрген кезінде, 1993 жылы 17 мамырда,  Дели қаласында өмірден озды.