Оралхан туралы қаламгерлер пікірі

  Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдың асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді.

Қасым Қайсенов

 

***

  Бөкеевтік прозаның әуені мұңлылау, әрі мұнтаздай болып келеді. Сондықтан  әсері күшті: Жалғыз басты адам, Жалғыз киіз үй, Оқшау жаратылысты, оның үстіндегі күн және иесіне адал аттың жалғызсырай тықыршуы.

Владимир Личутин

 

***

  Қайдасың, қасқа құлыным» – әуел бастан әдебиет есігінен жақсы аттаған талантты қаламгердің жүрісінен жаңылмағандығына ғана емес, қазіргі қазақ прозасында өрелі ізденіс, жақсы қарқын барына айғақ бола алатындай санаулы шығармалардың санатына қосылуға әбден қақысы бар елеулі еңбек.

Әбіш Кекілбаев

 

***

  Оралхан Бөкеев… Осы бір есім қазақ әдебиетінде небары 25 – 26 жыл ғана өмір сүріпті. Сол аз ғана ғұмырдың ішінде ол туған әдебиетінің аспанында құс жолындай айқын із қалдырды.

Дулат Исабеков

 

***

  Оралхан еш уақытта тақырыптан таусылып көрген жазушы емес. Бір-ақ сөйлемдік мәселеден қалауынша шығарма тудыра беруге қабілетті де, құдіреті де жететін.  Сол себепті де болар, ол «Жоспарланған дүниемнің көптігі сондай, оларды ешқашан жазып тауыса алмайтын шығарма» деп қиналатын.

Дидахмет Әшімханұлы

 

***

  … Оралхан Бөкей – ақын. Әр әңгімесі, әр повесі ақындық жүрекпен өмір тылсымын терең түйсініп, сол жұмбақтан өзіндік тың пәлсапа түйе отырып жазылған.

Талаптан Ахметжан

 

***

  Оралхан Бөкей – суреткер. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жіті тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Және де сол суреттері өзі көргендегідей тылсым күйінде, жұмбақ қалпында тұңғиығына сыр бүгіп тұрады.

Талаптан Ахметжан

 

***

  Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту… Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..

Марат Қабанбай

 

***

  … О.Бөкейдің кітаптары өмір сүре береді. Олар жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады…

Шерхан Мұртаза

 

***

  …Бөкеев суреттеп отырған өңірдің табиғатына таңғалмау, тамсанбау әсте мүмкін емес. Әлгі көп айтылатын пейіштің өзі осындай-ақ болар деп қаласыз. Мынандай табиғаттың аясындағы өмір тек бір ғана бақыттан тұратындай, ондай ортада тек бір өңкей періштелер рана өмір сүретіндей боп көрінеді.

Әбіш Кекілбаев

 

***

  Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде-бірі қаламдастары мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын.

Әйтеуір қалай болғанда да оның қаламынан шыққан шығарма оқушыны бей-жай қалдырмайтын.

Дулат Исабеков

 

***

  …Оралхан Бөкеев қазақтың көрнекті жазушысы болған және болып қала бермек. Оның өткір де жарқын повестері мен әңгімелері тек қазақтың ғана емес, бүкіл кеңестік әдебиеттің биік шығармалары болды.

Анатолий Ким. Мәскеу, 3 қазан 2003 жыл

 

***

 Оралхан Бөкеев – қазақ прозасының шынайы шебері. Оның есімі ондаған жылдар бойы Қазақстанда даңққа бөленді.

Оралхан – табиғат пен махаббатты жырлаған Алтайдың шабытты жыршысы еді, біртұтас ұрпақтың ойының шынайы әміршісі, адамның рухани жан-дүниесін үлкен шеберлікпен суреттеген жазушы.

Оралхан Бөкеев қазақ әдебиетінің нағыз шебері болып қала бермек.

Роллан Сейсенбаев

 

***

  Уақыттың өз заңы бар: замана көші алыстаған сайын кішкентай тұлғалар кішірейе бермек, ал үлкен тұлғалар бұрынғыдан үлкейіп, асқақтай түспек. Оралхансыз өткен жылдарда оның жазған шығармаларының көркемдік құдіреті, поэтикалық қуаты бар бояуымен, бар шұғыласымен жарқырай көрінуде. Әдебиет есігін аттаған жас ұрпақ Оралханның талантын айрықша бағалайды.

Оның Алтай тауының мұзарт шыңдарындай тәкаппарлығы, елге, жерге, жарға деген махаббат сағынышы, азаттықты аңсаған асау көңілі, жасындай жарқыраған ғажайып тілі оқырман жүрегіне өшпейтін із қалдырары сөзсіз.

Ендеше Оралханды өлді деу мүмкін емес. Қазақ халқы, қазақ әдебиеті бар жерде аса талантты жазушы Оралхан да бар.

 

Төлен Әбдіков

 

***

  Жақты, сүйекті, тұмсықты, тұрпатты, бірақ ашаң. Мұрнының үсті қыр дөңес, бірақ еті жұқа, бет терісі талыс, бірақ, құбалау, саусақтары салалы, бірақ жіңішкелеу, сүйріктеу. Нұрлы көздері үлкен де болса қиықтау, маңдайлы. Орта бойлыдан бір бас биік. Египеттіктер, ежелгі мысырлықтарға ұқсамайды. Ол кісі нағыз алтайлық. Ежелгі қорымнан қазып алып, қайта сомдағандай, антрополог сәл жетілдіргендей…

 

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы

 

***

  Оралхан Бөкеев – көзі тірісінде өз-өзіне саф алтыннан рухани мазар орнатып кеткен қаламгер. Тоқымдай жерде тірлік етіп жатқан Қаратай руын қойып, иісі қазақтың ардақтысына айналған жан. Орекең дүниеден өткен қаралы күннен неғұрлым алыстаған сайын оның бейнесі сомдалып, биіктеп барады. Жарықтық: “Осы біз шал болмайтын шығармыз”-деп жиі айтушы еді. Айтқаны келді. Ол қартайған жоқ.

   Әне, толқынды қою шашы қобырап сахна төрінде тұр.

Әлібек Қаңтарбаев

 

***

  Пенде Оралханның кеудесінен шыбындай жаны ғана пыр етіп ұшып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев тірі екен. Шығармашылық өмірі тек қана өнермен, соның інжу-маржанымен көмкерілген Оралхан кербез жымиып, әне, арамызда жүр. Олар: Нұржан (“Қар қызы”), Таған (“Атау кере”), Аға (“Жылымық”), Қиялхан (“Жасын”), Аман {«Сайтан көпір”), Ақтан (“Мұзтау”), Жеңісхан (“Ұйқым келмейді”) қойыңызшы, тіпті, газет үшін жазылған ұсақ мақалаларының өзінде Орекең тұр тәкәппар көз салып.

Оған кербездік жарасушы еді. Оған жұмбақтық жарасушы еді. Оған… оған бәрі-бәрі жарасатын.

   Оны алты алашқа сүйкімді еткен де, ерке еткен де, шашын жұлғызып, жоқтатқызған да хас таланты болатын. Ал, таланты үшін, ол – Аллаға ғана қарыздар…

   Ел айтады: Оралхан Бөкеев тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына – Кербұғыға айналып, Алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен…

Әлібек Қаңтарбаев

 

***

Ғабең (Ғабит Мүсірепов) Оралханның бір сөйлемін сынаған кезде, оған Орекеңнің қаттырақ сөз айтып тастағаны да есімде. Кейін Ғабең айтады екен: «Әдебиетті бір бұзса, осы Оралхан бұзады», – деп. Расында, Оралхан бұзды да. Әдебиетімізге публицистиканың кейбір элементтерін алып келген – сол Орекең шығар. Оның ешқандай кемшілігі де артықтығы да жоқ. Кім қалай жазады, өзі біледі. Оралхан – прозаның публицисті. Публицист деген – айтқыштық. Бұл Оралханның әдебиетте өзі қалаған формасы. «Ореке, мына шығармаңыздың мына жері артық қой», – десең: «Иә, артық. Дәл сол жерде мен бармын», – деп жауап беретін.

Дидахмет Әшімханов

 

***

 «Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді» деген екен. Бұл жазушыға берілген бір ғана баға емес. Ол туралы көп айтылды. Әлі де айтыла түседі. Бүгін назарларыңызға Оралхан туралы айтылған үздік он бес пікірді ұсынғалы отырмыз.

 «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш – өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді».

 Әбіш Кекілбаев

 

***

 «Әдебиетіміздің қазіргі аспанын жарқыратып тұрған аяулы жұлдыздарымыздың бірі, ғажайып нәзік суреткер, тамаша журналист Оралхан Бөкей қапыда, қиыр алыста оралмас сапар кешті, біз тіл жетпейтін өкініш кешіп, тағы жылап қалдық».

Қасым Қайсенов

 

***

 «Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту… Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..».

                                                                                   Төлеген Тоқбергенов

 

***

  Оралхан – бір оқылатын жазушы емес. Оралхан – қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер.

Дулат исабеков

 

***

Оралхан дүниеге шыр етіп келгенде таланттың топырағы бұрқ етті.

Әбіш Кекілбаев

 

***

Оралхан кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді.Олар жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытсызға медет береді.

Шерхан Мұртаза

 

***

  Жазушы Бөкей – туған өлкесі – әсем Алтайдың   жыршысы. Оның шығармалары Алтай өлкесінің  гимні іспеттес.

Рабиға Сыздықова

 

***

  Оралхан – тума дарын, туа біткен журналист.  Ол көркем әдебиетке журналистика арқылы келді. Бөкей – қазақ журналистикасына төңкеріс әкелген қаламгер. Ол бұрыннан қалыптасқан сеңді бұзды, тоңды талқандады. Бөкейше кетті. Оқырман алғашында аңырап қалды, жүре – бара аузын ашып, көзін жұмды. Ол көркем шығармаға «ауыз салғанда» да журналистиканың публицистика жанрын оққағар етті, өзегіне айналдырды.

Қалихан Ысқақ