Оралханның орамды ойлары

  Қызық, қалада миллиондаған халқы бар қалада тұрған кезіңде туған жерің, тіпті өз үйің – өлең төсегің, үйелменің, аты-жөн, ата тегің барын ұмытасың. Оны қойшы, аспанда ай мен күн барын сезбейсің.

 

***

  Тағы бір қызығы, қала адамдары бір-бірімен тығыз тұрған сайын аралары суып, бөтенси бермек. Меніңше, бәрімізді «шаһар» деп аталар үлкен (алып) машина қорабына салып алып, қасапханаға (қараңғы көрге) әкетіп бара жатқандай қорқынышты.

 

***

  Түстен кейін себелеп жаңбыр жауып, тұман басты. Қызық, әтеш шақырып, қой маңырайды. Қозылаған болу керек. Қалада отырып, ауылды сағынғанда – мұндай тосын үн есту жаныңды жарылқайды екен.

 

***

  Қаладағы қазақтар тамырынан жұлынып әкеліп отырғызған ағаш секілді, қанша мәпелеп суарғаныңмен өз топырағын аңсап, сарғая бермек. Немесе басқа ағаштың қалпына түсіп, өз болмысын, өз тегін жоғалтып алмақ.

 

***

  Мен өзімді әмәнда жалғыз сезінетінмін, мен қайда барсам да, қайда жүрсем де біреумін, айталық, маңымда быжынаған адамдар, бірақ тек өзім ғана жалғыз жүретін секілдімін… Мен жер шарының өзі секілді жалғызбын…

 

***

  Ұлылық – жалған дүниені майға шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу. Яғни өз өміріңізді оқыс әрі әдемі аяқтау.

 

***

  Мен – ақынмын! Ақылшым – туған жер, ұстазым – тәкаппар да қатал Алтай.

 

***

  Ұлылық – жалған дүниені майға шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу. Яғни өз өміріңізді оқыс әрі әдемі аяқтау.

 

***

  Жазушылық дегеніміз – шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бірден-бір формасы.

 

***

  “… Алтай жазы жауынды болады. Ашық күндері аз. Әсіресе, шілде айында күн күркіреп, жан шошырлық найзағай ойнайды. Найзағай ойнаған сайын жай түсіп, зәулім қарағайларды қақ айырады. Кей күні бауырсақтай-бауырсақтай өткінші бұршақтар жауып өте шығатыны бар. Алтайда алба-салба бай самырсындар бар, оның басына жаңғақ өседі, бір ай нөсер жауса да, әлгі самырсындардың түбінде отырған адамға су тимейді. Алтай жазы келте, мүмкін, өзгеше келбетті болғандықтан да солай шығар…”

Оралхан Бөкей