Раисова Бақытжан

Оралхан ағаға ақ өлең

Сенің атың қап-қара сызықтармен қоршалып,

Дүниеден өткеніңді әйгілейді жар салып.

Қыз Жібектің тойына

Төлегеннің ер-тоқымсыз аты келген сияқты,

Аға, сенің орныңа

Суық хабар келді де,

Ел-жұртыңды жылатты.

Қаратайдың еліне

Ардағына тірісінде сый көрсету бұйырмаған секілді.

Азаматтар қайғыдан қабырғасы қайысты да, өкінді.

Жоқтау айтып, ән салады шағылдар.

Кең дүние бір-ақ күнде тарылған.

Бұқтырманың кім басады солығын?!

Шашын жайып қызарады долы күн …

Туған ұлың өлді десе, кім тоқтар,

Туған елден, Туған жерден асып ұлын кім жоқтар?!

Сен жасаған бейнелер де өзіміздей бір түрлі

қатал, сұлу, пәк тіптен,

Жұмсартқысы келгендерді

мойындамай кеттің солай мәрттікпен.

Сен тауларға,таулар саған қарайтын,

аудан жұмбақ, жылы сәуле тарайтын.

Сол сәуледен жұлдыз жасап, жарқыраттың маңайды,

Саған елің сөнбейтін жұлдыздарша қарайды!