Оралхан Бөкеевтің шығармалары ағылшын тілінде сөйледі.

Оралхан Бөкеевтің қазақ көркем әдебиетіне қосқан үлесі баға жетпес жауһар қазына.

 

Халықаралық  қазақ ПЕН-клубының қызметіндегі басты міндеттердің бірі қазақ әдебиетінің жетістіктерін шетелге насихаттау. Осыны бағыт еткен клуб кейінгі жылдары ағылшын тілді елдерде ондаған қазақ классиктерінің шығармаларын  аударып, жарыққа шығарды.  Атап айтқанда, Мұқтар Әуезовтың «Қаралы сұлу» (повестер мен әңгімелер) кітабы, Мұқағали Мақатаевтың “Таңдамалы” шығармалар жинағы, Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы, Олжас Сүлейменовтың “Код слова” шығармасы, Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үй»” романы, Герольд Бельгердің «Таңдамалы» шығармалар жинағы және т.б. Ағылшын тіліне аударылған бұл шығармалар топтамасы «Біз – Қазақтар…!» атты жалпы атаумен шығарылды.

 

 

23 ақпанда Астанадағы Astana Marriott Hotel-інде ПЕН-клуб қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, драматург Оралхан Бөкейдің Англияда аударылып, жарық көрген шығармаларына арналған ауқымды алқалы жиын өткізді. Кестелі сөз зергерінің «Кербұғы» кітабын ағылшын тіліне аударған дарынды аудармашылар Саймон Холлингсворт және Саймон Гейган Лондоннан арнайы келіп, алқалы жиынға қатысты.

 

 

Әдеби шараға қатысушылар Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллинның баяндамасын тыңдап, жазушы Әлібек Асқаровтың қазақ әдебиетіндегі  Оралхан Бөкеев қазынасының маңызы мен жас ұрпақтың тәрбиесіне тигізер ықпалы туралы талдауын тыңдады. Осыдан кейін жазушылар Кәдірбек Сегізбаев және Қуанышбай Құрманғалиев  Мұзтаудың мұзбалағы туралы естеліктерін бөлісті.  Жазушының мұрасын насихаттап, ұрпаққа үлгі ету және әлемге таныту бағытындағы бұл Жобаның демеушісі «Қазақтелеком» АҚ-ның басшылығы екенін айта кеткен абзал.

 

Шығармашылық аудаманың қыр-сыры, мәнері және автордың пәлсапалық тұрғыда аударудағы ізденістері туралы аудармашылардың өзі әңгімесінен есту  алқалы жиынға қатысушылар  үшін  айырықша қызық, әрі пайдалы болды.

 

 

Жиында баяндамашылар мен спикерлер жазушылар мен аудармашылардың адамзат пен қоғам алдындағы  жауапкершіліктері туралы көкейтесті мәселелерге де тоқталды.

 

https://informburo.kz/stati/oralhan-bokeev-zagovoril-na-angliyskom.html