Қызыр Жәнібек

Оралханды сағыну

Жатырсың 6а аға, тірліктен мына дамылдап?

Өмірден оздың тұлпардай шауып ағындап.

Өзіңе деген сағынышы туған еліңнің,

Бояуындай күздің күн сайын барад қалыңдап.

 

Шығыстың биік шынары,

Алтайдың ақиық қыраны.

Өзіңдей дарын өмірде,

Ғасырда бір рет туады.

 

Боз інгендей жоғалтқан жолда ботасын,

Боздайды тауың, боздайды орман-ағашың,

Кім жазар екен, опасыз жалған дүние-ай,

Жүректерге тағдырдың салған жарасын.

 

Өзіңсіз аға, жалғасты жылдар тізбегі,

Ысырып жазды, Алтайға тағы күз келді.

Мұңды әнін айтып, қоштасып туған жерімен,

Тырналарқайтып,бетке алып барад Мұзбелді.

 

Өр кеуделі Мұзтауымдай арысым 

Өр Алтайдың ақиығы атанған

Құлагерім оза шапқан қатардан.

Келешекті болжап білген әулием,

Тың соқпақты жалғыз салған қаһарман.

Тақағанда мерейтойың-алпысың,

Жыр арнамай өзіңе құр жата алман.

Сыйлас жандар болмасақ та тіріде,

Жүрмесем де жақын Сіздей іріге.

Ауылдағы көп ініңнің бірі боп,

Жалыныңнан мен де өзіме от алғам.

Аламанға

Қосылып ең құлынмен,

Сол кезден-ақ тұлпарлығың білінген.

Айлық жерге алыс кеткен ағаңды,

Жалт қараттың болат тұяқ, дүбірмен.

Шапқан сайын шабысыңды түзедің,

Кезің болмай ой мен қырда сүрінген

Шөлін бастың шөліркеген қазақтың

Анамыздың ең шұрайлы тілімен.

 

Асыл аға,

Бүгін жоқсың арада,

Бұл өкініш, сыймайтын жай санаға,

Елу жасты өзіңнен де көпсінді.

Арсыз ажал

Қалмай қойған соңыңнан,

Далада да, ауылда да, қалада.

 

Қалдық-ау өзіңді кеш түсініп,

Орның қалды ортайып, мың кісілік.

Тұлпарға емес, жабыға табыныппыз,

Бойламай жүргеніне құр ісініп.

Кеше алсаң, кешір аға біздерді,

Айта алмаған ана тілін пісіріп.

 

Қадіріңді бар кезіңде білді кім?

Ақылға – кең, ойға терең жүйрігім.

Тауымдағы кер маралым, кербезім,

Көркем сөзде теңдесі жоқ білгірім.

Тажал ажал

Сені таппай қоймады,

Жерінен де Үндінің.

 

Өтсеңдағы мына фәни өмірден,

Өшкен жоқсың жүректерден, көңілден.

Жаңа ғасыр босағасын аттадық,

Өр Алтайдың Мұзбалағы, жыршысы,

Суреткері – Бөкеевпен – өзіңмен.

Кейінгі ұрпақ көрмей өскен жүзіңді,

Шығармаңнан жатқа айтып үзінді,

Жыр етіп жүр

Ата-анасын, ағасын,

Ауылдасын ана тілден безінген,

 

Жақын едің бейтанысқа, алысқа,

Аяулысың ағайынға, танысқа.

Бөкеевті қазақтан кем білмейді,

Моңғол, кәріс, ұйғыр менен орыс та.

Болашаққа кетті есімің таралып

Жарты әлемге: шығыс пенен батысқа.

 

Кілең жампоз басын қосқан топқа еніп,

Айбарыңмен біреулерге сес беріп,

Келте өмірде қыруар іс тындырдың,

Қаламменен ғасыр жүгін еңсеріп.

Аға саған теңесе алмай шаң қапты,

Талай тұлпар бәске түскен белсеніп.

 

Өткеніме сағына енді қараймын,

Сізбен болған сәттерімді санаймын

Келгенде елге бір бас сұқпай кетпеуші ең,

Катондағы мекеніне «Арайдың».

 

Жатсадағы жұмыс бітпей, орталап,

Қоршайтынбыз жан-жағыңнан анталап.

Ағыл-тегіл әңгімеңе қанығып,

Тарайтынбыз үлкен арман арқалап.

Сондай кезде сезілетін біздерге

Бойымызға біткендей боп қос қанат.

 

Оты барды тартып ішке, бауырға,

Дейтін едің:«Жоғалмаңдар ауылда»

Талай жасты өз қолыңмен түлеттің,

Таныстырып қалың елге, қауымға, …

… жетілгенше қанатыңда ұстадың.

Ұрындырмай ала құйын дауылға.

 

Бәріне де даяр едің ел үшін,

Езді көрсең келетұғын намысың.

Өшпейтұғын із қалдырған артына

Өр кеуделі Мұзтауымдай арысым.

60-ды көп боп тойлап жатырмыз

Ол еді ғой сен жетпеген қарлы шың,

Ұшқан ұяң қандай жұмақ екенін

Қазақ жұрты көзбен көріп, танысын!

 

Қаратайдың пырағы

Жаз шықса да, сезілген ызғар әлі,

Алтай да қабақ түйіп сызданады.

Қарағайлар көз тігеді Алматыға,

Мұзтаудың қайда жүр деп мұзбалағы.

 

Қосылған аламанға бала кезден,

Сақта құдай, деуші едік тіл мен көзден.

Қаратайдың пырағы, құлагері,

Қара сөзі артық-ты өлең сөзден.

 

Тілдесіп туған дала, табиғатпен,

Еліткен замандасын ақиқатпен.

Арынды Бұқтырмадай үлкен талант,

Келісіп қалай жатыр бақилықпен.

 

Оралмай өзі шыққан тұғырына,

Жем бермей өз қолымен кербұғыға.

Өмірі сағынышын баса алмаған,

Бір келмей Шыңғыстайдай ауылына.

 

Арадай сөз-өнерден бал іздеген,

Тілдеспей қайда кетті Қар қызымен.

Аспан-шал да тілейді көрісуді,

Бөкейдің тұлпар тұяқ жалғызымен.

 

Өнердің биігіне самғай барып,

Төменде пенделікпен тұрмай қалып.

Халқының жүрегінен орын алды

-Қазақтың үркеріне өзі айналып.