Жазушы Оралхан Бөкейдің өмір жолы

Оқиғалар жылнамасы 

  • 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
  • 1951-1961 жж. Шыңғыстай ауылындағы С. Торайғыров атындағы орта мектепте білім алды.
  • 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген.
  • 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1969 жылы тәмәмдап шығады.
  • 1965-1968 жылдар аралығында аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде қызмет істейді.
  • 1968 жылдан бастап республикалық «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болды.
  • 1970 жылы «Қамшыгер» әңгімелер жинағы жарық көрді.
  • 1971 жылы «Үркер» хикаялар жинағы шықты.
  • 1972 жыл 11 шілде – Оралхан Бөкейге Қазақ ССР Министрлер Советінің Мемлекеттік баспасөз комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің сыйлығы берілді.
  • 1973 жылы «Қайдасың, қасқа құлыным?» хикаяттар мен новеллалар жинағы шықты.
  • 1974-1983 жылдары «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, әрі редколлегия мүшесі болды.
  • 1976 жылы «Мұзтау» повесть, эссе, новеллалар жинағы жарық көрді.
  • 1976 жылдың 29 қазаны – «Құлыным менің» пьесасы үшін О.Бөкеевке Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының сыйлығы берілді.
  • 1978 жылы «Ән салады шағылдар» атты повестер мен әңгімелер жинағы шықты.
  • 1981 жылы «Өз отыңды өшірме» романы жарыққа шықты.
  • 1981 жылы «Үркер ауып барады» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді.
  • 1983 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болды.
  • 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестер жинағы шықты.
  • 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды
  • 1985 жылы «Кісікиік», 1986 жылы «Сайтан көпір» бойынша көркем фильмдер түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесі бойынша балет-спектакль қойылды.
  • 1986 жылы «Құлыным менің» пьесалар жинағы жарық көрді.
  • 1987 жылы «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары республикалық театрларда қойылып,  тиісті бағаларын алды.
  • 1989 жылы 26 қараша – 1 желтоқсан аралығында РСФСР-дың Астрахань облысында қазақ әдебиеті мен өнерінің күндері өтті. Оған М.Мағауин, О.Бөкеев, Б.Бодаубаев, А.Шамкенов, А.Бақтыгереева, С.Қасқабасов және т.б. қатысты.
  • 1990 жылы «Ұйқым келмейді» повесть, әңгімелер жинағы жарық көрді.
  • 1991 жылы қазақ әдебиетшілерінің «Аққұс» шығармашылық ассоциациясын құрып, оның президенті болды.
  • 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістанда шығармашылық сапармен жүрген кезде, Дели шаһарында дүниеден өтті. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
  • 1993 жылы 3 қыркүйекте – Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жазушы О. Бөкеевтің есімін мәңгі есте қалдыру туралы қаулы қабылдады.
  • 1993 жылы – ШҚО, Өскемен қаласының Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы бұрынғы № 33 орыс мектебінің ғимаратында № 44 қазақ орта мектебі ашылды. 1994 жылы мектепке ресми түрде Оралхан Бөкей есімі берілді.
  • Глубокое кентіндегі қазақ орта мектебіне Оралхан Бөкей есімі берілді.
  • О.Бөкей Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы.