тест материал

Оралхан Бөкей шығармаларындағы Алтай аңыздары

"Тоқылдақ кемпір" аңызы

«Баяғыда, Еңбек ауылында Тоқылдақ кемпір атанып кеткен әйел ғұмыр кешіп еді. Ел басына күн туып, ер-азамат майданға аттанғанда, қаралы ауылдың қазанына ас тұрғызбай ұрлай береді екен... Мұқым ауыл қапыда шапқан Гитлерді, содан соң әлгі кемпірді қарғаған... 

Сол кемпір соғыс бітіп, қой үстіне бозторғай ұялаған заман туғанда айтса адам баласы иланғысыз зауалға тап болады. Іңір жамылып, қас қарая бастағанда, үйінің асты өзінен-өзі тоқылдай бастайды екен. Содан таң қылаң бере ғана толас табады екен. Қараңғы түсе қақсай жөнелетін тоқылдақ үнді үйге барған адам естімейді, тек кемпірдің өзі ғана «әне, басталды» - деп, екі құлағын тарс басып, бүк түсіп жатады екен. Содан кемпірдің түні күнге айналып, жарық түсе жанары жұмылады екен. Күндіз ұйықтап, түні бойы баспанасынан безіп, дала кезіп жүреді екен. Милиция шақыртып, үйінің астын қарайды – ешкім жоқ, басқа үйге ауысады – сонда да естіліп тұрады, тіпті басқа ауылға көшіп барса да, қыр соңынан қалмай, әлгі ғажайыптан туған тоқылдақ үн ере береді екен. Мұның сырын тірі пенде біле алмайды. 

Өз қорқынышына өзі шыдай алмаған кемпір көп ұзамай Бұқтырма өзеніне ағып өлген екен.

Міне сол жылдардан бастап ауылда «Тоқылдақ кемпір» деген аңыз тарады».

О.Бөкей «Сайтан көпір».

 

«Қаракөл» аңызы

Қаракөл (Язевое) көлі - өзінің мөлдірлігімен және тұнықтығымен ерекшеленеді. Бұлтсыз ашық күндері көл бетінен Мұзтаудың бейнесін көруге болады. Қаракөл Мұзтауға апаратын басты жолда орналасқан. Бұл аймақтағы аққайран мекендейтін жалғыз көл.

«...Қаракөл - жағалауын ұзын-ұзын қарағай-самырсын қоршаған самала құздардың ортасына орналасқан айнакөл еді, бірақ суы қанша мөлдір болғанымен, күндіз-түні қап-қара болып тұнып, уайым уыстап жататын. Сол өңірдің малшылары жаз жайлауға шыққанда, Қаракөлдің маңына қонбайтын. Кешегі кезде Қаракөлде су сиыр бар екен, түнде көлден шығып жайылып жүргенін көрдік, деген әңгіме тараған. Ал су перісі өмір сүретіндігі жайлы әңгіме тым әріден келеді.

Мен оның қайсыбірінен де бейхабармын, менің білетінім, әкеме еріп Шабанбай жайлауына шыққанда, әкемнің «барма, шошынасың» дегеніне қарамай, Каракөлдің жағасына түнегенім. Мен сонда не көрдім десеңші.

Күн таласып батып бара жатқан шақта, байыған алқызыл нұры Қаракөлдің майда толқынды дидарына түскенде, әлгінде қара барқынданып жатқан көл айтып жеткізгісіз алтынға шомылғаны, қарап көз тоймайтын көркем күйге түскені еді. Мен сонда жаһанда бұдан сұлу ешқандай көлдің жоқтығына іштей иланып тұрып, бейуақытта суға қараудан қорқынышты еш нәрсенің жоқтығын саналағанмын.

Түні бойы көз ілген жоқпын. Көлден ескен майда самал, жайлаудың салқын түні, саумал ауасы өн бойымдағы енжарлық пен дел-сал халден арылтып, сергек сезімге бастаған; тек таң сібірлегенде ғана, көзім ілінгендей болған. Сол сәтте Қаракөлден қара шашты аппақ қыз шығып, маған үнсіз тесіле қарағандай болып еді; қарап тұрып жымиып күлген, судан шыққан сұлу қыз жалт-жұлт еткен шашының суын сорғалатып, қайтып көлге шым батып кеткен еді. Көзімді аштым: күн енді-енді ғана асқар таудың төбесінен сығалай бастаған екен, әлгі түсімде көрген су періштесі жайлы бұған дейін тірі жанға айтқан емеспін.

Кейде қысыр қиялға шомып отырып ойлаймын: мүмкін, өмірге өкпелеген сұлу қыз - су қызы адамдарды мәңгілікке талақ тастап көлге батып өлген шығар...».

Оралхан Бөкей. «Жылымық» әңгімесінен үзінді.

 

«Қар қызы» туралы аңыз

«... Баяғыда он сегіз жасар жолаушы қыз жөн сұрап Қоңқайға жолығады. Қыстақтағы шешесі қатты ауырып, ат-шанасымен Үлкен жердегі ауруханаға апарады да, қайтарында әлгі жалмауыз шалдың жалғыз үйіне тап болады.

Шалдан: «Ата, асуда жол бар ма, тау айналып жүргенше тіке тартып кетейін деп едім. Асығыспын, ата, қорада қамаулы қой қалып еді», - деп ақыл күтеді. Бұғының қанын ішіп, көзі қарайып отырған шал әлгі қызды тарпа бас салып, жұлмалай бастайды... Түн ішінде шырылдап әрең дегенде жалаңаш, жалаң аяқ қашып шыққан қыз... ақ қар, көк мұздың арасында адасып, тіпті ызым-ғайым жоқ болған. Не бөрі жегенін, не үсіп өлгенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді.

Кейбіреулер айтады: «Ол қыз қарға айналып кетіпті. Қыста осы тауды шарлап ән салып жүреді екен де, жаз шыға жер астына түсіп кетеді екен».

***

«... осыдан 24 жыл бұрын кержақ ауылы Огневкадан бір қыз жоғалды. Бәріміз ат сабылтып іздеп таба алмағанбыз. Онда да дәл осындай қақаған қыс еді. Бір-екі жыл өткен соң, өліп қалдыға жорып қойдық. Бірақ кейін бір сыбыс естілді. Қоңқай үйіне қыстатып шығарған екен де, екі қабат болған соң, «Қоңқайлар ұрпағы көкек секілді, өз баласын өзгеге асыратып өсірмесе, жұрт тұқымын құртады» деп, арғы беттегі ауылға апарып тастаған екен. Тіпті, Қар қызы туралы аңыз сол кезден бері ел аузында...»

Оралхан Бөкей. «Қар қызы» хикаятынан.

 

Мақажан ақын туралы

«...Мақажан Алтайды жайлаған Қаратайдың елді аузына қаратқан ақыны еді. Дәулеттің ішіндегі Көкі. Мақажанның түсінде Қызыр - ассалам «Көген аласың ба, өлең аласың ба?» деп, аян бергенде, «өлең алам» деп, өлеңдетіп тұрған екен деседі...

...Мақажан қандай қуғын-сүргін көрсе де мойымай, ел мен жердің шырқын бұзған Ісләм нәшінге:

- Арқаға біткен қайыңды,

Білемін қалмақ жайыңды,

Жолаушыға беруші ең,

Талқан менен шайыңды.

Обада жатып өлуші ең,

Көлденең тістеп найыңды,

Қазаққа кеп байып алған соң,

Ұмыттың ғой құдайыңды, - деп ежетірекке алып еді ау.

Қайран, от ауызды, орақ тілді, Мақа-ай, сен де күркіреп, жаңбырдай сіркіреп өте шықтың мына жалғаннан;

Бірде Мақажан төменгі жаққа – Үлкен Нарын өңіріндегі Андағұлдарға жолаушылай барыпты. Елге еркелеп еркін жүретін ақын Қатпа деген болыстың үйіне түскен екен.

«Алыстан алты алашты аузына қаратқан Мақаң келді» деп, қонақасына серке соймақ болып, ақынның алдына көлденең тартып бата сұрайды. Қойдан гөрі ешкі етінің жеңіл екенін айтып, сырғақсыған болыстың сараң сыңайын таныған Мақажан бұл да болса олжа дегендей, қанағат тұтып, үндемеген көрінеді.

Тамақ пісіп, алдарына тартылған табаққа қараса, бағанағы серкенің басы тым кішірейіп қалғанын байқаса керек. «Ал, ақын, бата жасаңыз», - деген Қатпа байға былайша өлеңмен бата беріпті:

Заман, заман, заман-ай,

Жылдан-жылға заманы

Жұмбақ болған заман-ай,

Сарқыраған өзені

Бұлақ болған заман-ай,

Алғаш қонақасыға келгенде,

Атан ақ серке еді,

Тамақ болып піскенде,

Лақ болған заман-ай

Аллауакпар, - деп бетін сипапты.

Қайткенмен Қатпа болыста сөз төркінін ұғар намыс бар екен, түн ішінде қотаннан қой алдырып сойдыртыпты дейді».

Оралхан Бөкей. «Атау кере» романынан.

 

Мәметек бидің Дайландқа барғаны

(Асан шалдың өтірігі)

«...Біздің арғы атамыз Мәметек би көзі тірі кезінде сонау Күршімнің құйғанынан бері қарай қазақтан өзге бір ұлтты аттатпаған екен. Он сегіз жасқа толғанда Омбы түсіп ақ патшаның атына арыз жазып жиырма бес жылдық договормен мөр басқан қағазын алыпты. Бірақ сол тентек қылығына кейін ол қатты өкініпті. Мәметек өр наймандағы ең бай, азулы шешен кісі болса керек. Жылқысы қара суға бас қойып бір ішкенде тауысып кетеді деуші еді....

...Мәметек бабам Мәккә - Мәдинеге барып қажы атағын алған соң бүкіл алты алашқа атағы тарап, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін төбе би болды. Жарықтық ол кісінің атын естіген қазақ-орыс ішкен асын жерге қоятын, жылаған баласы уанатын, күндегендер де, құрмет тұтқандар да айбарынан ығушы еді. Кейін заман алай-түлей болып ел іргесі іри бастағанда Мәметек бабам қатты күйзеліп ойға батты. Әсіресе Ақ патшаның атына жазған жер дауы туралы арызы құлақтардың пайдасына шешілген соң, бұл Алтайдың мекен бола алмайтындығын, патшаның боданы болып бұдан әрі бұл жерде қала алмайтынын айтты.

Сонымен, не керек, қысы да, жазы да болмайтын жерұйық іздеуге бел буады. Халқының қамын ойлаған қайран бабам жанына елушақты нөкерін ертіп алыс сапарға аттанады...

...Мәметек би асқан ақылды адам ғана емес, асқан жершіл, ізшіл, жағырапияны жатқа білетін ғұлама екен. Осы Аршалыдан шығып, сонау ит арқасы қиян Дайланд деген жерге баруы, ешкім сенбейтін, таңғажайып ертек секілді дүние емес пе. Үйден атпен шығып кеткен қазақты қойып, қазір самолетпен сол Дайланыңа бара аласын ба? Не деген төзімділік, не деген жанкешті батылдық десеңші!

Сонда баспаған тау, бармаған жері жоқ бабам Қаратайлар үшін жерұйық іздеп Дайланға барғанда өмірі қыс болмайтын, егіні екпей ақ бидайық секілді жыл сайын қаулап өне беретін табиғи азық табады. Содан үш жыл дегенде есен-сау еліне оралады. Келесі жазда бүкіл Қаратайлықтарды түгелдей Дайлаңға көшіріп әкетем деп отырғанда Асыл бабам, Мәметек бабам дүние салыпты. Егер ол кісі тірі болғанда қазақтың бір руы Дайлан деген жерді жайлайтын еді...»

Оралхан Бөкей. «Мұзтау» хикаятынан.

 

Мұзға қатырған қыз аңызы

«...- Шіркін, Науа жер төресі ғой. Шырағым, Науада кісі өлімі болмайды. Науада өлген кісінің бейітін көрсем көзім шықсын... Бұл жердің ауырған кісіні жазатын қасиеті және бар. ...баяғыда Ақбала деген тоқсандағы кемпір қатты ауырып, әл үстінде жатқанында балалары сонау Көкала айғырдан осында әкеліпті зузамен. Құдайдың құдіреті, осында әкеліп, Науаның суынан жұтқызғанда көзі шырадай жаныпты. Ауылға ауруынан айығып қайтыпты. Бірақ, кетерінде Науамен, анау Маралкөлмен көп қоштасып, өлетінін, енді қайтып көре алмайтынын айтып, арыздасып, көп жыласа керек. Ақбала ерте қоштасқан екен, келер жылы қайта келіпті есен – сау. Сөйтіп не керек үш жыл қоштасып, үш жыл қайтып келгенде: - «көре - көре көлден де ұялдым, өлмесе болмас», - деген екен. Содан марқұм келесі жазда Науаға келмей, ойда қалған кезде барып дүние салыпты. Ойлаймын, барлық жер осы Науадай қасиетті болса деп, қасиетті болған да шығар.

...Естуімше, Мұзтауында қатырған атты қыздың сүйегі бар дейді. Кәдімгі өлген қызды атымен қоса мұзға салып қатырған да, мәңгі ерімейтін Мұзтаудың ішіне орнатқан. Менің бір білетінім, Қаратан, сен де көрген шығарсың, анау Тілеуқан отырған сайлаудың өр жағындағы қызыл тастың бетіне қашап отырып салған, атқа мінген қыздың суреті бар. Сосын, аяғына ескі жазу жазылған. Ойлаймын: Мұздан қатырған қыз бен тасқа салған қыз арасында байланыс бар ма деп.

- Менің естуімше, - деді сөзге араласып Қаратан, - Алтай деген батыр жігіттің сүйген қызы ауырып, соны Науаға жеткізбек болады. Бірақ, Қатын суы шанағынан аса тасып, өткел бермесе керек. Қыз Науаға жете алмай, өзеннің арғы бетінде қайтыс болыпты. Содан Алтай сүйген қызын мұзға қатырып, Мұзтауына қойған. Арманы – Науадағы тасқа ойып суретін салған».

Оралхан Бөкей. «Ел мен жер» эсселерінен.

 

Оралхан Бөкей шығармасы парсы тіліне аударылды

Жазушы-драматург, журналист Оралхан Бөкейдің "Бес тиын" әңгімесі алғаш рет парсы тілінде жарық көрді. Бұл туралы parstoday.com ақпарат агенттігі 2019 жылдың қазан айында жазды.

Шығарманы қазақ тілінен парсы тіліне аударып, парсытілді оқырманға ұсынған - Айнаш Қасым. Бұдан бөлек жазушының "Қасқыр ұлыған түнде" әңгімесі де парсы тіліне аударылып, жуырда ирандық әдеби журналда жарық көрмек.

Ақпарат агенттігінң ақпараттарына сүйенсек, қазақ әдебиетінің ұлы ақыны Абайдың қара сөздері мен поэзиясының, М.Әуезов шығармаларының, Н.Келімбетовтың бір шығармасының парсы тіліне орыс тілі арқылы аударылғанын ескерсек, парсыға аударылған шығармалардың саны саусақпен санарлық екен.

 "Парсы тілдес оқырманның қазіргі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігімен көп таныстығы жоқ екені де аударма ісінің кенжелігімен тікелей байланысты. Оның үстіне шығарма делдал тіл арқылы аударылған кезде оның ұлттық реңкінің солғындай түсетіні де шындық. Осындай жағдайда Оралхан Бөкей шығармаларын қазақшадан тікелей парсы тіліне аудару үдерісінің басталуы көңіл қуантатын іс", деп түйіндейді ирандық БАҚ.

 

 

 

 

 

 

Произведения Оралхана Бокея на персидском языке

Впервые произведения Оралхана Бокея зазвучали на языке, обладающем богатой многовековой литературной традицией, включая признанные шедевры мировой литературы - на персидском.

И это благодаря нашей соотечественнице - Айнаш Касым - востоковеду, преподавателю персидского языка и литературы, переводчику, кандидат филологических наук, редактору Казахского радио в сети дипломатических служб Иранской ассоциации телевидения и радио в Иране, Тегеран.

Она уже перевела два произведения мастера казахской прозы и одно из них "Бес тиын" опубликовано в иранском журнале "Азма" в 2019 г. 

А электронную версию выставил на литературном иранском портале piadero.ir 

Приглашаем всех насладиться произведением Оралахана Бокея "Бес тиын" на персидском языке в переводе Айнаш Касым. 

 

 

 

«Қар қызы» немесе Оралханның өзі

Аманғали Қалжанов Көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісімен бір уақытта Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары сахналарына спектакль жол тартты. Елорданың «Жастар» театрында әдеби шығарма аттас романтикалық драманы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналады.
Қоюшы режиссердің өзі актер кезінде шығармадағы кейіпкердің бірі – Бақытжан бейнесін сомдағанын айта кетейік. Ал бұл жолы бұл бейнені жас әртіс Ербол Тілеукеновке тапсырды.
Повесті оқығандар білер, шөпке трактормен аттанған үш жігіт боранда адасып, арып, ашып, жапандағы жалғыз үйге жетеді. Ондағы қыңыр, қырсық Қоңқай шалмен тартысқа түседі. Бастарынан әртүрлі оқиғаларды кешіп, ең соңында сиыршы шалдың үйінде аңыз болып кеткен қар қызымен кездеседі. Нұржан (Елдос Шайкенов) мен қар қызы – Алмажан (Қаламқас Мелисова) арасында сезім пайда болып, жігіт қар қызының мекенінде қалуға бел байлайды. Мұндағы Нұржан – Оралханның өзі. Яғни жазушы шығармасында өз басынан кешкен оқиғаларды жазып шыққан.
Бір атап өтерлігі, спектакльде сиыршы шалды Оралхан Бөкейдің құрдасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап кейіптеді. Сексеннің сеңгіріне жақындап қалған актер бекітіп берілген бейнені сергек ойнап шықты. Көпшілік Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжановтың да өнерін са­ғынған болар. Көрермендер әйгілі актерді Қоңқай шал бейнесінде көрді.
Сонымен қатар спектакльде Данияр Оразаев, Шехназа Қызыханова, Наурыз Сабағатова сынды жас әртіс­тер көрінді. Олар сомдаған кейіпкерлерден жастыққа тән албырттықты, аруларға сай келетін нәзіктікті көрдік. «Жастар» театры «Қар қызы» спектаклінің премьерасымен осы жылды жапты. Қазіргі кезде өнер ошағында балаларға арналған жаңа жылдық ертегілер жүріп жатыр.
 
Қалжанов, Аманғали.
«Қар қызы» немесе Оралханның өзі. [Мәтін]: /А.Қалжанов// - Астана ақшамы.- 2019. - 24 желтоқсан.
 
 
 
 
 
 

КНИГИ   СПИСКИ    МАТЕРИАЛЫ    ВОСПОМИНАНИЯ