Оралхан Бөкей бейнесі суретшілер көзімен
Ол танымал суретші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағы мен «Mondial Art Academia» Халықаралық Француз өнер академиясының мүшесі Бауыржан Байділда Нұрбекұлы.
Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, график - кескіндемеші, ҚР "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, суретші Алмас Сырғабаевтың шығармалары көпшілікке бұрыннан танымал.
Алмас Сырғабаев М.Мақатаев өлеңдерін, «Когда, спять лебеди», «Райымбек! Райымбек» поэмалары мен кітаптарын безендірген.
«Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің үш қаласында (Стамбул, Бурса, Измир) шығармашылық жеке көрмесі қойылған.
Сіздердің назарларыңызға суретшінің «Оралхан Бөкей» портретін ұсынамыз.
Суретші Ержан Тұрғанбаевтың ең жақсы көретін жанры - табиғат көрінісі (пейзаж). Қылқалам шеберінің суреттерінен өзі туып өскен Боран ауылының көшелерін, аулаларын, табиғаты әсем жерлерін қызықтауға болады. Автордың қолтаңба туындылары ШҚ Өнер Мұражайының түрлі тақырыптық экспозицияларынан орын алған.
Ержан Тұрғанбаев О.Бөкейдің 75 жылдығына (2018 ж.) орай Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханасында өткен "Оралхан Бөкей шығармалары суретшілер көзімен" атты қылқалам шеберлері байқауында топ жарып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Қылқалам шебері суреттерінің түпнұсқасын Оралхан Бөкей атындағы кітапханадан келіп көре аласыздар.
Қазақ жазушыларының ішінде қылқаламды жанына серік еткен суретшілер де бар. Соның бірі және бірегейі көрнекті жазушы, баспагер, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Әлібек Асқар.
Әлібек Асқар Алматы көркемсурет училищесін (1975 ж.), ҚазМУ-ді (1982 ж.) бітірген. Қаламгерді жазушы ретінде білетін көзіқарақты оқырманның көкейінде, әрине, «салған суреттері қайда?» деген сауал тууы мүмкін.
Бір өкініштісі, Әлібек Асқардың салған суреттері сақталмаған. Достары таратып әкете береді екен. Біраз суреттер, соның ішінде Оралхан Бөкейдің портреті де бар, Орағаңның мұрағатында болуы мүмкін. Өйткені, «Менің сызғандарымның көбісін Оралхан сұрап алып кететін», – дейді Әлібек аға.
Оралхан Бөкейдің биік тұлғасы мен оның түкпірлi, қатпарлы көркемдік әлемін тану мен танытуды басты назарда ұстағандықтан, назарларыңызға ұсынылып отырған суретті де Оралхантануға қосылған бip тамшы үлес деп қабылдасақ керек. Суретті салған - Әлібек Асқаров.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлының бойында суретшілік өнері де бар. Маралтайдың суретші болуының тарихы қызық. 5 - сыныпта жүргенде бір қызға ғашық болып, сыртынан ұрланып, соның суретін салатын «кеселге» душар болыпты. Онысын байқап қалған мұғалімдерінен талай ескерту де алып, бұрышқа да тұрып, таяқ та жеп көрсе керек, бірақ әлгі әдетін қоя алмаған. Алайда, амал не, жас ғашықтың жүрек сырын ұқпаған ол ару бойжеткен бетте-ақ басқа біреуге еріп кетіпті. Сөйтіп, бір қыздың бейнесін кескіндей-кескіндей суретші бола бастаған бозбала Жамбыл пединститутының көркемсурет-графика факультетінен бір-ақ шығады.
Маралтай басында кілең қыздардың кескіндерін салады. Кейін оларға өлеңмен хаттар да жазыла бастайды... Сөйтіп, суретші бала біртіндеп кәдімгі ақынға айнала бастағанын аңғармайды.
Бұл жайлы Маралтай өзі былай дейді: «Живопись - көзбен көретін поэзия, поэзия - құлақпен еститін живопись», - деген екен Леонардо да Винчи. Екеуі де бір үйдің егіз баласы сияқты нәрсе. Басында маған ішкі әлемімді шығаруға бейнелеу өнері лайықты сияқты боп тұрған. Кейін сөз өнері басып кетті, соған қарай ауысып кеттім».
Назарларыңызға Маралтай салған Оралхан Бөкейдің бейнесін ұсынамыз.
Суретшілік, журналистика, фотоөнер... Бойына осы үш өнерді бірдей тоғыстырған Мерей Қайнарұлы жер жәннәті Катонқарағай ауданына қарасты, Шыңғыстай ауылында 1985 жылы дүниеге келген. Бала кезінен сурет салумен айналысса, кейінірек фотоөнермен әуестенген.
Мерей Қайнарұлы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ портрет, шарж салуға ден қойған. Сол кезде-ақ Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов сияқты ағаларының портреттерін салған.
Қарындашпен салынған сол портреттерді бірде Алматыдан ауылына келіп жатқан Дидахмет Әшімхан ағасына көрсетеді. Дидахмет Әшімхан риза болып: «Суреттерің керемет, алған бетіңнен тайынба, сурет салу үлкен өнер» деп арқасынан қағып, батасын беріпті. Дидахмет ағасының сол сөздері жас суретшіге жігер беріп, мамандық таңдауда осы өнерді таңдауына үлесін қосса керек.
Өскеменде жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеге қатыспақ болып ниеттеніп, бірақ ол көрмеге шеберліктің шыңына жеткен кәсіби суретшілер суреттерін қойып жатқаннан кейін маған әлі ертерек деп ойлап қатыспаған екен.
Кейіннен Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына орай салған қаламгердің сол портретін Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне табыстапты.
Суретші Бейсенова Рада Талғатқызы Катонқарағай ауданы Қайыңды ауылында туып-өскен. 10-11 жасынан бастап сурет сала бастайды.
Рада Талғатқызының негізгі тақырыбы – ауыл өмірі, табиғат құбылыстары... «Туып өскен ауылымның тыныс-тіршілігін, көрікті табиғатын кескіндеме арқылы көрсеткім келді» - дейді Рада Талғатқызқызы. Ең алғашқы «Көктем» атты суретінде егістік, жер жырту кезін суреттеген екен. Суретшінің салған суреттерінде табиғаттың әр құбылысы өрнектеліп, ерекше әсерге бөлейді.
Рада Талғатқызы Алтай жазушысы Оралхан Бөкейдің суретін де тамаша кескіндеген. «Мен Оралхан ағаны оқушы кезімде ауылымыздың клубында жазушымен кездесуде көрген едім. 2021жылы Өскемен қаласында Оралхан Бөкей атындағы кітапханада "Көктем бояулары"атты көрмеге қатыстым. Көрме Оралхан Бөкееев атындағы кітапханада өтеді деген кезде маған бірден Оралхан ағаның бейнесі көз алдыма келді. Содан кейін Оралхан ағаның портретін салғым келді. Маған, неге күнбағыстың қасында салдың, неге Алтай тауын, Кербұғысын салмадың дегендер болды. Ал, жазушы ағамыздың күнбағыстың да өз тарихы бар екенін айтқан әңгімесінен кейін, күнбағыстың қасында күндей жарқыраған тұлғасы бейнеленді. Оралхан шығармаларының бәрі тұнған сурет... сала бергің келеді ... – дейді суретші жерлесіміз.