«... Үйде телефон болса да маған «хат жаз» дейтін. Мен ауылдың бүкіл жаңалығын жазып жіберемін. Біздің үйге ауылдың ақсақалдары, көршілер көп келетін. Ағамның тапсырмасы бойынша мен үлкен адамдардың әңгімесін көп тыңдадым. Олар қызу әңгіме үстінде неше түрлі мақал-мәтелдерді қолданатын. Мен соны жазып алып, жинақтап қоятынмын. Ағам өзіне ұнағандарын белгілеп алып, кейбіреулеріне таңдана қарап, «сөзді ұмытып барамыз» дейтін. Бұрын кездестірмегендері болса, «мына мақалды кім айтты? Есіңе түсірші», – деп отыратын. Одан қалса, ауылдың, үйдің барлық жаңалықтарын жіпке тізгендей етіп ағама хат жазып тұратынмын.
...1987 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты Қырымдағы санаторийде демалды. Сонда маған: «Жері таулы, неше түрлі ағаш бар. Біздің санаторий – үлкен. Тура Қара теңіздің жағасында. Күтімі, тамағы жақсы. Тек зерігесің. Әбден жалығып, ел-жұртты сағынып біттім», – деп хат жазған».
Бөкейқызы, Ғалия. Әлемдегі ең бауырмал, ең тәкаппар, ең шыншыл адам менің ағам еді... [Электронный ресурс] / Ғ. Бөкейқызы // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам. - 2013.-№ 15. - Б. 6-10.