О.Бөкей өмір жолы

Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.

Абай атындағы Шыңғыстай орта мектебінің оныншы сыныбына 1960 жылдың қыркүйегінде қабылданады.

1962 жылы 12 қыркүйектен – 1963 жылдың 14 шілдесіне дейін Шыңғыстай орта мектебінде  аға  тәлімгер (пионервожатый) болып қызмет атқарған.

1963 жылы 14 шілде күні Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсуге өз еркімен жұмыстан босайды.

Сол жылы жазушы консерваторияның театр және кино факультетінің студенті атанады (Асанәлі Әшімовтармен бірге оқыған), бірақ ата-анасының қарсы болуына байланысты қайтадан елге оралады.

Ауылға оралған болашақ жазушы Алтай совхозының № 3 бөлімшесінде жұмысшы болып істейді (1963, желтоқсан – 1964, тамыз аралығында).

1963 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқуға түседі.

1964 жылы 17 тамызда өз еркімен бұл жұмыстан босап, Үлкен Нарын ауылындағы Катонқарағай аудандық «Еңбек туы» газетіне корректор қызметіне орналасады.

1966 жылы 1ақпан айында бұл жұмыстан өз еркімен босап, 1966 жылдың 7 ақпанында облыстық «Коммунизм туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады.

1966 жылдың 21 қазанында бұл қызметінен «Еңбек туы» аудандық газетіне редактордың орынбасары қызметіне ауыстырылады.

Осы газетте істеп жүрген Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді.

Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Оралханның бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды да жіберді. өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді.

1969 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдайды.

1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.

Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістанда, Дели шаһарында дүниеден өтті.


Печать   E-mail