Дәулет

Дәулет

Бескенің Дәулетінен Есқұлұлы, Досқұлы атты екі ұл туған. Есқұлыдан Бәйкісі және Бәйтен, ал Досқұлынан Құратай, Қыйсық аталары тараған.

Ақтанберді жыраудың батасын алып, Найман ішіндегі Сыбаннан шыққан Ақтайлақ бимен бір кезде өмір сүрген Жарылғас бидің немересі – Мая би Қаратай еліндегі құрметпен еске түсіретін абзал абыздардың бірі. Мая би және Қаратай елінің байы Есбол Құратайұлы мен баты­ры Шеруші Жәнібек Шақабайұлы үшеуі 1750 жылдары елдің алғашқы бір тобын бастап әкеліп, дәл осы қазіргі мекеніне қоныстандырған.

Мая Тоқарыстанұлы – жазбаша тарихқа кірген адам. 1745-47 жылдары Семей, Өскемен қаласының әкімдерімен келіссөз жүргізіп, Өр Алтайды бетке алып, ежелгі мекенге ба­рып қоныстанғанын хабарлайды. Отаршылардың әдеті емеспе, қазақ пен қалмақтың арасына ши жүгіртіп, соғыстырмақ болғаны қағазда қалған сықылды. Бірақ Мая бидің көреген саясаткерлігі елді арандатудан аман алып қалады. 

Мая биден кейінгі Қаратай елінің сөз тізгініне ие болған қайраткер – Дәулет Есбол байдың тұңғышы Мәметек. Катонқарағай өңірінде тұратындар жақсы біледі, аяқ бассаңыз болды, жер атауы, көл атауы, төбе, шоқы, жота, саз, бұлақ Мәметек атымен ата­лады. Жарылғас пен Мая бидің ерекше қасиеті Есбол ба­лаларынан Мәметекке ғана дарыған ғой. Мәметектен кейінгі Қаратай елінің сөзін ұстаған – Дәулет ішінде Бәйкісі атаның баласы Шәкен. Әкесі - Бұрхат Байкісіұлы. Би болған. Шәкен – Бұрхат бидің баласы. Ол да атақты би болған. Еңбек ауылының батыс жағында «Шәкен бұлағы»деген жер бар. Моңғолиядағы Өр Керейлерді биле­ген.

1860 жылға дейін Қаратай елі не Ресей, не Қытайға қарағанын білмей, дүбәра тіршілік кешіп келсе, осы кезде жүргізілген екі мемлекеттің шекаралық комиссиясының шешімі бойынша, Катонқарағай өңірі біржолата Ресей құрамына қарайтын болды. Осыдан кейін Шәңгіштай болы­сы құрылды. Сөйтіп Шыңғыстайдың алғашқы болысы болып Ережеп Ноқайұлы сайланып, содан 30 жыл табан аудармастан Қаратай елін басқарды. Бұл ұлы жазушы М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы: «Жиынға Өр Алтайдан Ережеп келді» дейтін Ережеп осы. Ережеп Дәулет Есболдың алтын­шы ұлы Жанмырзадан тарайтын шөбересі. Болыстың бірінші биі, яғни басты биі болып Маяның немересі Рүстем сайлана­ды. Сөйтіп Рүстем би атанады. Бір таңданарлық тарихи де­рек: Ережеп те, Рүстем де 30 жылдан кейін өз қызметтерін ұлдары Әбдікерім мен Мұсаға тапсырып өткізіп кеткен. Ере­жеп пен Рүстем екеуі де сөзге бірдей жүйрік болғандықтан, елі оларды Қос Қарагер деп атаған екен. Ережептің бәйгеден қатар озып келетін екі қарагер сәйгүлігі болған деседі. Халқы соны меңзеді ме, әлде екеуінің де түсі қараторы болды ма екен, кім білсін?! 

Алыптардың соңғы тұяғы, Қаратай елінің ақырғы атақты биі – Мұса Рүстемұлы. КСРО және Қазақстан оқу ісінің үздігі, Ленин орденді ардагер ұстаз Садық Түкебайұлының қалдырған мағлұматы бойынша Мұса би 1861 жылы туып, 1928 жылы қызылдардың қысымынан пәниден баз кешті. Бай-кулактардың тізіміне ілігіп, жер аударылатын болған соң, туған жердің топырағы бұйырсын деп, өзіне-өзі қол жұмсаған. Мұса бидің айырықша атап өтер еңбегі – сол кез­де санаулы адамдар ғана шұғылданған қазақ шежіресімен айналысып, оны 1910 жылдар шамасында кітап етіп баспадан шығаруы еді. Бошай аға Кітапбаев Мұса би шежіре кітабын өз қаржысына Омбыдан бастырып шығарған десе, Садық ақсақал Қазаннан шығып еді деп отыратын. 1992 жыл ғой деймін, күзде Оралхан Бөкеймен Катонқарағай аудандық баспаханасында кездесіп, Мұса бидің шежіре кітабын тауып алғанын айтып, сүйінші сұрап, ротопринтпен көбейтіп, бір-бір данасын Қайырды екеуіңе жіберем деген уәдесі бар еді, тағдыр оны орындауға мүмкіндік бермеді. Мұса би ту­ралы және оның сөздері жөнінде Б. Кітапбаевтың «Шежіре» кітабының 2-томында толығырақ қамтылып жазылған.

Мақажан ақын – Таңырықтың аталас інісі. 1840 жылда­ры туып, 1920 жылдарда таулы Алтайдың Қосағаш ауда­нына қарасты Жазатыр ауылында қайтыс болған. Мақажан Байпақұлы да Дәулеттің Көкі атасынан тарай­ды. Қаратайдың өткен ғасырда өмір сүрген ақындарынан көбірек ауызға алынатыны да, өлеңі көбірек сақталғаны да осы Мақажан. 

Мақажанға өлең он жеті жасында дарыған екен дейді... Түсінде Қызыр бабамыз: «Көген аламысың, өлең аламысың», – деп сұраса керек. «Көгенді қайтем, тіршілік болса то­лады, баға жетпес қазына – өлең берсең болады», – дей беріп оянып кетсе керек... Сөйтіп үш күннен кейін Мақажанға өлең қонады. 

Таңырық та, Мақажан да құйылып, төгіліп тұрған ақпа-төкпе ақындар болған. Оларға ойын қарасөзбен жеткізуден гөрі өлеңмен жеткізу әлдеқайда жеңіл екен. Ал Қаратай Шеруші атадан шыққан Қатшыбай ақын әрі тауып айта­тын өткір, әрі қауып айтатын сыншыл, міншіл ақын болған. Қазіргі поэзия теориясының тілімен оның өлеңдері шым­шыма деуге де болатын, мысқыл, әжуа қоюланып келетін сықақтар. 

Дәулет ішінде Тайлақ деген атадан тарайтын Тікебай ақынның ел аузында жүрген шығармалары көп. Бірақ ол кісі туралы көп дерек қолыма түспеді. 

Назырбаев, Қ. Катонқарағай қаламгерлері. [Мәтін]: Өмірдеректері мен шығармалары туралы Қ. Назырбаев. – Астана: Нұра-Астана, 2017. – 176 бет. 


Басып шығару   E-mail