Музей-Үйіне саяхат


Жазушы Оралхан Бөкейдің Музей-үйімен педагог-психолог маман Сарсембаева Альмира Нургумбетовна таныстырып, әңгімелейді.

Кезінде Оралханның әкесі Бөкей қызыл қарағайдан қиып салған қара шаңырақ қазір жазушының Музей-Үйі. Бұл үйде Оралханның балалық, жастық шағы өткен. Әңгімесін Оралханның достары мен туған-туыстары сыйға берген бұйымдар тұрған бөлмеден бастап, ас ішетін бөлмеде қолданған ыдыстары, анасы Күлияның көзі тірісінде қолданған заттары, апамның астауы шығармасындағы астау, анасының кестелі орамалы тәрізді ерекше бұйымдармен таныстырады.  

Оралхан ата-анасын ерекше жақсы көріп құрметтеген. - дейді Альмира әңгімесін өрбітіп.  Оралханның ата-анасының жатын бөлмесінде ата-анасының портреттері ілінген екен. Ал,жұмыс бөлмесінде кітаптары жиналған шкаф, отбасылық көне альбом, достары сыйлаған бұйымдары, кий таяғы қойылған. Сонымен бірге, апайлары Шолпан мен Клараның сыйлықтары, Оралханның өзі  жанынан тастамайтын фотоаппараты, қолсағаты, жақын достары сыйлаған қанжар мен домбырасы – мұның бәрі де мұражайда сақтаулы тұрған құнды жәдігерлер.

Музей-Үйдің алдында жайқалып тұрған мойылдар мен қайыңдар, жазушы ойланып отырып шығармаларын жазған қара тас та Оралхан шығармашылығының куәсіндей. Оралхан Бөкей есімі елінің мәңгі жүрегінде қалады – деп аяқтайды танымдық әңгімесін Альмира Нургумбетовна.