Бас жүлде – Мұхтар Ниязовта: Алматыда Оралхан Бөкейдің мерейтойына арналған айтыс өтті
Алматыда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған аламан айтыс өтті. Әділқазылар алқасының шешімімен республикалық айтыстың бас жүлде иегері атанған Мұхтар Ниязов 2,5 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Қазірет Бердіхан І орынды жеңіп алса, ІІ орынның төріне Шұғайып Сезімхан мен Жансая Мусина жайғасты. Ал ІІІ орынды Серік Қуанған мен Төлеген Жаманов өзара бөлісті.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен сөз сайысына еліміздің беткеұстар 14 айтыскер ақыны қатысты. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Мұхтар Ниязов, Ардабек Ақбаба, Нұрзат Қаруқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақниет Жұбаныш, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров пен Фархат Марат бар. Кіл жүйрік бақ сынасқан сөз додасының тізгінін әйгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстады.
«Алматының халқы да айтысты сағынып қалған екен. Ине шаншар жер жоқ, зал толып отырды. Жыр арқауы – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғаларының бірі, классик жазушы Оралхан Бөкей ағамыз. Айтысқа ағамыздың да тікелей қатысы бар. Ол 90-жылдардың кезінде өзі ұйытқы болып, Алматыда бірнеше рет айтыс өткізген. Ал бүгін оның мерейтойында ақындар келіп, Оралхан ағаны жырға қосып отыр. Кітап оқитын, әдебиет сүйетін ұлт бар кезде ағамыздың бейнесі жадымыздан өшпек емес», – деді Аманжол Әлтай.
Айтыс арасында композитор, этномузыкант, ҚР Мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов өнер көрсетіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісінде театрландырылған көрінісін сахналады. Сондай-ақ сөз додасын тамашалауға келген құрметті қонақтар мен игі жақсыларға мерейтойлық медальдар тапсырылды.
«Бүгін қазақтың қабырғалы қаламгерінің мерейтойы дүркіреп тойланып жатыр. Оралхан Бөкей шығармаларының өміршеңдігі сондай, оны бір оқыған адам қайта айналып соғып отырады. Осындай дарынды да, талантты перзентті өмірге әкелген шығыстың топырағы мен Шыңғыстайдың ел-жұртына алты Алаштың алғысы шексіз», – деді бас жүлдені иемденген айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.
Сонымен қатар Бошай Кітапбайұлының 10 жылдығына арналған арнайы жүлдені Әсем Ережеқызы еншілесе, Абай атындағы халықаралық қор тарапынан берілген жүлде Мейірбек Сұлтанханға бұйырды.
Айта кетсек, жазушының туғанына 80 жылдығын тойлау қаламгердің туған жері Катонқарағай ауданында бастау алған болатын. Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында мұражай-үйінің ашылуы болды. Катонқарағайлық кәсіпкер Серік Толықпаевтың демеушілігімен қаламгер тұрған үй 10 млн теңгеге сатып алынып, одан музей жасақталып, мемлекет қарамағына берілді. Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылып, 2 автокөлік тігілген аламан бәйге өтті. Астанада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференцияда жазушының шығармалары мен ол туралы естеліктер жиналған «Шолпандай таң алдында туып – батты» кітабының тұсауы кесілді. Мерейтой аясындағы іс-шаралар жазушының жастық шағы өткен Алматы қаласында да жалғасты. Кеңсайдағы қаламгер қабіріне зиярат жасалып, Ұлттық кітапханада «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференция өтті.
Әдебиет әлемінде өшпес мұра қалдырған Өр Алтайдың Оралханын ұлықтау мақсатында шаралар Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қоры мен Катонқарағай ауданының кәсіпкерлерінің бастамасымен өтті.