Алтайдың асқақ жыршысы

Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы аталып өтілді

Жыл басынан бері заңғар жазушының есімі әспеттеліп, әртүрлі шаралар өтіп келеді. Туған ауылы, өскен мекені ұлан-асыр тойды жалғастырды. Катонқарағай ауылы орталық алаңында сквердің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қуанышқа жиналған қауым Мұзтау мұзбалағының ескерткішін гүл шоқтарымен көмкерді.

 

Той ары қарай Оралханның туған үйі, өскен құжырасында, көпке әйгілі Шыңғыстайда жалғасты. Оралхан туардан бұрын әкесі Бөкей өз қолымен салған үйдің сыры кетсе де сыны кетпеген еді. Аудан әкімшілігі мен кәсіпкер азаматтардың арқасында жөндеу жұмыстарынан өтіп, музейге айналып отыр. 
Үйдің оң жақ іргесінде жазушының бюстінің ақ матасы түріліп, Алтайға көз тіккен асқақ бейнесі жұртымен жүздесті.


 

 

 

 

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықбаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жасақталып отыр. Қордағылар музейдің туристер арасында драматург шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімді.

 

 

 

 

Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған мақалалар мен естеліктерден топтастырылған «Шолпандай таң алдында туып-батты» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Құрастырушы – Қайырды Назарбаев.

Мен Оралханның туған ауылында Шыңғыстай орта-мектебін бітіргенмін. Оралхан ағамыз менен үш жас үлкен еді. Орта мектепті бітірген кездің өзінде әдебиетке бейімделіп, өлең жазып жүретін. Содан кейін Оралханды үлгі тұтып, онымен жиі әңгімелесіп жүрдім. Сөйте-сөйте жақын болып кеттік. Ауылда бір-бірімізге барып-келіп, байланысымыз жақын боп кетті. Шығармаларын насихаттап жүрдім, елу жылдық мерейтойының қарсаңында Алматыға сессияға барғанымда, келер жылы 28 қыркүйекте болатын мерейтойы туралы ақылдастық. Екеуміз отырып оның сценарийін жасадық. Алайда елу жасына жетпей 17 мамыр күні Үндістанда дүниеден өтті. Сөйтіп, Орекеңнің елу жылдығының орнына асын бердік. Кейін 60, 70 жылдығын тойлаттық. 70 жылдығында «Біздің Оралхан» деген жинағы шықты. Тағы да көптеген естеліктері мен шығармалары жарық көрді. Оралханның 80 жылдығында естеліктер кітабын жасайын деген ойға келдім. Туыстарын, араласқан адамдарын, жолдастарының бәрін танитын болғандықтан, мүмкіндікті пайдаланып осы кітапты құрастырып шықтым,  - деді кітап авторы.

Жаңғыртылып жатқан музей төрт бөлмеден тұрады. Жұмыс бөлмесінде әрбір шығармасына куә болған жұмыс столы, орындығы, қол портфелі қойылған. Шешесі Күлия өз қолымен жабдықтаған төсек жабдықтары мен сырмақтары өткен уақыттан тіл қатады. 1962 жылы алғашқы еңбекақысына ата-анасына сыйға тартқан диваны мен теледидар да сақтаулы тұр. Қара домбырасы, қамшысы, кий таяғы, өмірінің әрбір сәтінен сыр шертетін суреттер топтамасы өткеннің белгісіндей болып тұр. Достараының сыйға тртқан қанжары, бозбала кезінде қолына таққан сағаты, үнемі жанынан тастамайтын фотоаппараты, әдемі суреттерден топтама жинақтаған. 

Оралхан Бөкейдің бір қызығушылғы – темекі түтігін жинау. Өзі жинаған 200-ге тарта темекі түтігінің екеуі музейге қойылған.

Ата-анасының жатын бөлмесіне төсек орындары, алаша сырмақ, бөстектері мен тігін машинасы қойылған.
Ас үйде Күлия апаның қолданған ыдыс-аяқтары, сол кезде ішкен грузин шайы жинақталған. Атақты «Апамның стауы» әңгімесіне арқау болған астау да осында сақтаулы.

Оралхан Бөкейдің шығармаларының бәрі осы Алтайға – оның тау-тасы, орман-тоғайы, халқына алналған ғой. Рәбиға Сыздықова айтады ғой: «Оралханның шығармалары Алтайдың гимні іспеттес», – деп. Үлкен академигіміздің өзі Оралханның шығармаларын талдай отырып, оның ой-өрісінің жоғары екенін біліп, өз бағасын берген. Бүгін қаламгердің ескерткішінің қасына Оралханның атымен жаңа алаңның ашылып жатқаны өте жақсы іс-шара. Оның мұражай үйінің қайтадан қалпына келтіріліп, заңды түрде облыстың деңгейінде берілетіндей дәрежеге жетіп отыр. Оған өте қуаныштымын, ризамын! - Бөкей әулетінің кенжесі Ғалия Бөкеева. 

Сонымен қатар музейдің ашылуына келген қонақтар «Төр Алтай бояулары» атты суретшілердің пленэр-көрмесімен танысты. Музейдің ашылу салтанатынан кейін заңғар жазушыға арнап ас берілді. Түстен кейін жұртшылық Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған Республикалық бәйге мен гала-концертке куә болды.

 

                                                                                                                                                                                                                    Ғылымнұр Кәрібай


Басып шығару   E-mail