Ол ешкімге ұқсамайтын

Оралханмен бір ауылда өстік, бір мектепте оқыдық. Бірақ Орағаңның менен жеті-сегіз жас үлкендігі бар. Кішкентай кезімнен бастап, көзден кеткенше оны үлкен аға есептедім. Ол кісіні дәл қай жылы, қай күні көргенімді есіме түсіре алмаймын, шамамен 1959 жылы алғаш рет көрдім. Содан бастап 1993 жылы 15-мамырда өмірден өткенге дейінгі уақыт аралығында Орағаңды жақсы білдім. Сегіз жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге үзеңгілес болып жұмыс істедік. Ол кісінің көзін көрген құрдас-замандастарының, ауылдастарының көбісі о дүниелік болып кетті. Оралхандардың буынының, яғни соғыс жылдарында туылғандардың көбінің ғұмыры қысқа болды, алды отызға келмей, соңы елуге жетпей қиылды. Марқұм Оралханның өзі де елуге төрт ай қалғанда қапияда көз жұмды...

Оралханды ойыма алсам, туған жерді есіме түсірем, Оралханды сағынсам, Алтайдың түкпірінде Шыңғыстайымды сағынғаным. Біздің балалық шағымыздың бәрі сол жерде өтті.

Барлық бала секілді Оралхан да бала болды, асыр салып ойнады. Тым арманшыл, қиялшыл болатын. Бірақ мен білетін Оралханның арман-қиялы басқалардан бөлек-тін.

Ауылда қарағайдан қиып салған ескі клубымыз бар еді. Қыс болатын. Бірде ептеп басып сол клубқа кірсем, жіп-жіңішке, шашын артына қайыра тараған бозбала гормонды құлаштай тартып отыр. Ол әуенге бәрі билеп жатыр. Гормоншы бала «Дунай вальсін» шарықтата жөнелді. Бұл алғаш Оралханды көргендегі есте қалған бірінші көрініс. Оның төбесі барлық жерде көзге бірінші түсетін.

Әнді де тәп-тәуір айтатын. Біздің ауылда ғана айтатын «Қонғаны ауылымның Құрымбайсаз» деп басталатын Алтай туралы бір ән бар болатын. Сол әнді өмірінің соңына шейін айтып кетті. Дастарқан басында Орағаң осы әнді бастайды, бәріміз оған қосыламыз. Бұл Қатонқарағай аудан азаматтарының Алматыдағы әнұраны іспетті еді.

Үшінші сынып оқитын кезім. Сабақтан қайтып келе жатырмын. Алдымда - Оралхан мен Рахметолла деген жоғары сыныптың окушылары. Арттарынан үндемей ілесіп келем. Оралхан қызық әңгіме айтып келеді өзі айтып, өзі күледі. Әңгімелері қазірше айтсақ интимді тақырыпта. Маған қызық. Тыңдағым кеп ізбе-із ілесіп келем. Мен де олардың сөзіне күлемін. Қарқ-карқ күлген Оралхан кенет артына жалт қарады да, мені көріп: «Ей, мынау қайдан келе жатыр. Бырс!» - деді, мысық қуғандай. Сосын үй жағыма зыта жөнелдім. Бұл бала кезде Оралханнан қалған екінші естелігім еді.

Үшінші есте қалғаны - Оралханның белсенділігімен байланысты. Ол ауыл жастарының ішінде ылғи алда жүретін. Есіліп, көсіліп тоқтамай сөйлейтін. Қай уақытта қай жерде сөйлесе де жұртты өзіне қарататұғын. Мен бесінші сыныпты оқып жүргенде, ол мектепті бітіріп, мектебімізге «пионер бажатый» болып келді. Мектептегі тәрбиелік жұмыстардың барлығын өзі атқаратын. 1962 жыл. Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалған кезі. Сыныпқа Оралхан кіріп: «Балалар, араларыңда батыл, жақсы сөйлейтін, көпшілік алдында ұялмайтын кім бар?» - деді. Бәрі: «Әшімханов бар ғой», - деп маған қарасты. «Әй, қара бала, осы сенен бірдеңе шығады. Маған Аяз атаға Жаңа жыл болатын бала керек. Мен Аяз ата, сен Аяз атаның баласы боласың. Ендеше кешке біздің үйге кел. Саған киім тігеміз», - деді Оралхан бірден. Мен келістім. Үйіміз ауылдан төрт шақырым жердегі Бозтал деген қыстақта. Үйіме қайтпай сабақтан соң, бірден Оралханның үйін бетке алдым. Олардың үйі тура Бұқтырманың үстіндегі жарқабақта орналасқан. Ар жағы сыңсыған қалың тоғай. Үйіне кірсем қарындасы Мәншүк бар екен. «Дикөш, сен келіп қалдың ба? (Мені Оралхандар Дикөш дейтін) Оралхан ағаң сені Аяз атаның баласы болады деген. Қазір екеуміз саған арнап киім тігеміз», - деді Мәншүк. Оралхан ұлдан жалғыз болды. Төрт қыздың кенжесі - Мәншүк. Ол Оралханға қатты ұқсайтын, өте ақылды, тік мінезді жан еді. Оралхан да оны ерекше жақсы көрді. Ұмытпасам, Мәншүктің сол кездегі жасы он үш-он төртте. Маған қызыл шалбар мен желеттің жан-жағына мақта жабыстырып, бөріктің маңдайшасына «1963 жыл» деп сәндеп жазып, Жаңа жыл киімін дайындап берді.

Ертесіне киімдерімізді киіп біз өз міндетімізді аткардық. Үлкен-кіші: «Аяз ата мен баласы келді», - деп мәз. Сонда бір таңғалғаным - Оралханның шешендігі. Адам баласы қалайша бұлай ағылып-құйылып сөйлей береді деп ойладым. Жұрттың бәрі ұйып тыңдады. Күлдірді. Таланттыларды таниды. Бәріне аралап жүріп ән салдырды. Ол сондай көңілді-тін.

Осы сәттен бастап Оралханның ізін басу маған жазған шығар. Бір ауылдан екі бірдей жазушы шықтық. Оралханның мінез-құлқы, табиғаты, стилі бәрі-бәрі менен мүлде бөлек-ті.

Оралхан сегізінші, тоғызыншы сынып оқып жүргенде, ауыл балаларын жинап алып, ойын ұйымдастыратын. Екі жаққа бөлініп алып қылыштасамыз. Оралханның қарағайдан қақтаған ақсары әдемі қылышы бар болатын. Ойынды бастап жүргеннен кейін екі жақ болып соғысқанда, ол жерде Оралханды жеңетін «жау» жоқ. Атаман өзі. Жау жағында жүргендердің өзі сатылып, Оралхан жағына шығып кетеді. Өйткені, ол адамды қай жағынан да тартып ала қоятын керемет талант-тұғын. Онда бала мінез, еркелік көп болды. Бірақ ол ақылды тентек-тін. Ұйымдастыра білетін, қай ортада болмасын бедел жинай алатын. Бала кезден-ақ өзгеден гөрі өзінің оқ бойы озық тұрған Оралхан екенін танытты. Ол танытайын демейді, оның табиғаты, болмысы солай жаратылды. Әкесі Бөкей ауылдың атқа мінерлерінің бірі болды. Оралханға шеше жағынан төрт-бес атадан қосылатын нағашы болып келеміз. Шешесі ғажап жан еді. Бір материалымда Оралханның анасы туралы «Етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі еді» деп жазыппын. Қара сөздің бетінен қаймақ қалқығандай Күлия апам сөйлеп кеткенде, жел тынып, дауыл басылғандай болатын. Күлия апамдай өле-өлгенше есімен, сесімен кеткендер сирек. Адамның бойындағы дарын-қабілет негізінен шеше жағынан келеді ғой. Қазақ «алып анадан туады» деген сөзді бекер айтпаған болар.

Оралхан алғаш Алматыға консерваторияға түсем деп келді. Асанәлілермен (Әшімов) бір жыл бірге оқыпты. Үйдің іші келіспегесін, консерваторияны ары қарай жалғастырмаған. Ауылға келіп қара жұмыс та істеді.

Оралхан газетке ерте араласты. Аудандық «Еңбек туы» деген газетте мектеп оқушысы Оралханның бірнеше лақап атпен мақалалары жүретін. Оралхан Бөкеев, О.Бөкей, О.Исахан, О.Садақбай, О.Алтай, Орал Ахмет лақап аттары газет бетінен жиі көрініп жүруші еді. Кейін Оралхан деген: «Бала кездегі дүние ғой, Зырянның архивінде жатқан», - деп мән бермеді сондағы жазғандарына. Өйткені бала кезде жазған өлеңдерін өзі керемет дүние деп есептеген жоқ.

Мен жетіншіде оқып жүргенде Оралхан аудандық газетте редактордың орынбасары болды. Тырнақалды өлеңімді Оралхан басты. Ол менің әдебиеттегі ең бірінші тұсауымды кесті

Аудандық газетте істеп жүріп, Алматыға сырттай журфакқа оқуға түсті.

Ұмытпасам Оралхан 1966 жылы үйленді. Ол кезде баламыз. Клубтың терезесінен сығалап қалыңдықты көрдік. Жеңгемізді аудан орталығынан алып келген-ді. Ең әдемі қалыңдық болды, сонда Айман жеңгеміз. Өзі орысша оқыған. Жаны жайсаң, мінезі жібектей мұндай әйел заты кездесе бермейді. Қызға тән биязы мінезімен келін боп түсіп, өмірден сол мінезімен кетті...

69-жылдары Шерхан Мұртаза «Лениншіл жаста» редактор болып тұрғанда ол сонау Алтайдан материал жіберіп тұратын. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі жайында жазылған «Сарыарқаның жаңбыры» атты әңгімесі жарық көрді. Меніңше, Оралхан шығармашылығы «Сарыарқаның жаңбырынан» басталады. Шерағаңның көзі қырағы ғой, оның жазғандарын ұнатып, Алматыға шақырды. Бірден қызметке алды. Оралхан бұрынғы стильді сырып тастап, очерктерге жан бітірді. Оралхан өзі: «Тау басында қойшы тұр. Ол неғып тұр? Қой бағып тұр ма, ой бағып тұр ма? Мен оның қойынан бұрын ойына көп көңіл бөлдім», - дейтін. Сөйтіп Оралханның очерктері арқылы адамның жан-дүниесі көрінетін болды.

Біз бір сөйлем жазып, екіншісіне ойланып отырамыз ғой. Ал Оралханға ағылып келе беретін. Өзі:«Менің қолым ойыма ілесе алмайды» дейтін. Табиғатынан батыл жазатын. «Аққала жасап ойнаған құрбым-ау» деген очеркі әлі есімде. Ауылдағы Қайкен Жұртбаев деген тракторшы жігіт туралы. Ауыл жастарының ауыр тұрмысы керемет берілген. «Міне, мен Көктөбенің басындағы ресторанда отырмын. Қайкен, сен қайда отыр екенсің?» - деп басталатын ол очерк.

Оралхан шығармашылығына сынаудан гөрі, мақтау көп болды. Қызық, бір күні ащылау сын естіп қалса, шашын артына сілкіп тастап: «Осы жұрт қызық! Әдебиеттен тек классиканы ғана көргісі келеді. Бізде классик біреу-ақ. Ол - Әуезов қой. Әдебиетте XX ғасыр жазушыларынан Әуезов қана қалады, біздікі жай дүние ғой», - деуші еді. Кейде тіпті сын естігенде ешкімнің беделіне қарамай, ойындағысын ақтарып тастайтын. Ғабең (Ғабит Мүсірепов) Оралханның бір сөйлемін сынаған кезде, оған Орекеңнің қаттырақ сөз айтып тастағаны да есімде. Кейін Ғабең айтады екен: «Әдебиетті бір бұзса, осы Оралхан бұзады», - деп. Расында, Оралхан бұзды да. Әдебиетімізге публицистиканың кейбір элементтерін алып келген - сол Орекең шығар. Оның ешқандай кемшілігі де артықтығы да жоқ. Кім қалай жазады, өзі біледі. Оралхан - прозаның публицисті. Публицист деген - айтқыштық. Бұл Оралханның әдебиетте өзі қалаған формасы. «Ореке, мына шығармаңыздың мына жері артық қой», - десең: «Иә, артық. Дәл сол жерде мен бармын», - деп жауап беретін. Сөйтіп, ол өзін қорғай да білетін. Біреу жақсы дүние жазса, өзі жазғандай қуанатын. Ал таланты кемшін жандар болса, оны бетіне басып айтып отыра беретін. Артық кеткен жері болса, оны да түсінетін. Тікелей келіп кешірім сұрамаса да, өзінің кінәлі екенін, артық кеткенін сезіндіретін. Қайтымы жылдам еді.

Оралхан киімге өте талғампаз-тын. Ауылдың дүкеніне жаңадан қандай киім түссе, сол киімді Оралханның үстінен көретінбіз. Жазушылардың ішінде де ең әдемі, ең жарасымды, соңғы сәнмен киінетін де осы Оралхан болатын. Және қандай киім кисе де өзіне жараса кететін. Бір күні мен байқамай костюмімнің сыртына қаламсабымды салып қойыппын. Мұны байқаған Оралхан: «Дикөш, ауылдағы счетчиктерге ұқсамай, қаламсабыңды ішкі жан қалтаңа салып қойшы»,- деді. Содан әлі күнге шекті қаламсапты ішкі қалтама немесе басқа жерге салып жүретін болдым.

Орағаң Алматыда жүргенде-ақ ешкімнен қымсынбай Алтайдың тиін бөркін киіп алатын. Тиіннің құйрығы төбесінде үкі сияқты желбіреп жүреді. Дубленканы да Алматыда ең алғаш кигендердің бірі - Оралхан. Бірде біз: «Осы студенттер жақсы киінетін болды», - деп әңгіме етістік. Сонда Орағаң: «Студенттерді қайдам, мен өзі әлі күнге дейін киінгенде студенттерге жеткізбей келе жатырмын ғой. Студенттер талғаммен киіне алмайды» дейтін. Ол кісінің шашы өмір бойы ұзын болды. Сонда айтатын: «Осы менің бар сымбатым шашымда тұрған сияқты. Егер мен жұрт секілді шашымды ретке келтіріп қиып, тарасам, онда мен кәдімгі ешкібас болып шыға келер едім. Қидыруға басымның формасы келмейді, жетпей жатқан жерімді шашыммен толтырып қоямын» деп. Орағаң жылтырақ дүниеге әуес емес-тін. Өйткені, Айман жеңгеміздің өмірінде әйел болып құлағына немесе қолына сырға-сақина салғанын көрмеппін. Күйеуі алып берсе де: «Жарайды, артынан тағам ғой», - деп тақпай қояды екен. Мұны көрген Оралхан жылтырақ тақсын ба? Мен қанша уақыт бірге жүріп, оның сақина таққанын көрмеппін. Үстіне артық-ауыс ештеңе жамамайтын. Қызыл түсті ұнататын. Мойнына шарф орап жүру немесе сәнді шүберек орамал байлап алу - Оралханда ғана болатын.

Оралхан - ешқашан ескірмейтін жазушы. Ол үлкеннің де, кішінің де жан дүниесін оята алатын, мұңға да батыратын жазушы. Ол елуге келгенше еліне ерен еңбек сіңірген жан.

Дидахмет Әшімханов.

Жазып алған Жадыра Аймаханқызы.

Әшімханов, Дидахмет. Ол ешкімге ұқсамайтын [Мәтін]: /Д.Әшімханов//Ақ желкен.- 2010.- № 9.- Б. 32-34.


Басып шығару   E-mail