О.Бөкей шығармаларындағы ойшылдық

                                                                        Таза мінсіз асыл тас,

                                                                       Су түбінде жатады

                                                                    Таза мінсіз асыл сөз

                                                                       Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас-

                                                                           Жел толқытса шығады.

                                                                           Ой түбінде жатқан сөз-

                                                                           Шер толқытса шығады.

(Асан қайғы)

Ойлау дегеніміз не? Адамның ойлау қабілетін зерттейтін сала - логика деп аталады. Яғни, адамның ойы - ғылымдардың зерттеу обьектісі болып табылады. Логика - ойлау формалары мен заңдары туралы ғылым. Оның негізгі формалары: ұғым, пікір, ой, қорытынды. Ой, ойлау деген өте күрделі, қайшылыққа толы, сан қырлы процесс. Оны түсіну қандай қиын болса, меңгеру де оңайға соқпайды.

«Бой жетпеген жерге ой жетеді,

Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» - деп халқымыз бекер айтпаған болар. Оны меңгеру отбасынан, балалар бақшасынан басталғаны жөн. Ойлай білуге, дұрыс ойлауға жастарды ерте кезден, жасынан машықтандырған дұрыс. Өйткені, қазіргі кезде мектеп былай тұрсын жоғарғы оқу орындарында да ойлай алмайтын студент жастарды көптеп кездестіруге болады. Олардың көбінің ойлау қабілеті дұрыс жетілмеген. Сондықтан ондай жастар адамзат ғасырлар бойы жасап келген ұшан-теңіз материалдық және рухани байлықтарды игере алмайды, олардан сусындап, нәрін татпайды. Ойға шорқақ келеді, өз ойларын жеткізіп айта алмайды.Сондықтан да көптеген философиялық, әдеби, ғылыми мұралар игерусіз қалып жатыр. Шынын айтсақ, олардың көбін түсінбейміз. Талай-талай асыл сөздерімізді шаң басып жатыр. Шүкіршілік, қазір егемендігімізді алғаннан бері ойшылдарымыздың еңбектері ақталып, жарыққа шығып жатыр. Тіліміз де қараңғы қапастан жарыққа шыққандай болып, еркіндеп бойжазуға мүмкіндік алды. Тіл мен ой тікелей байланыста тұрады. Осы орайда айтылған қазақтың талай мақалдары бұған дәлел. Мысалы: «Ойдың көркі - тіл», «Қиял-ой қанаты, ой-тіл қанаты», «Ми ойлағанды тіл тындырады», «Тіл-ақылдың өлшемі» деп тағы да кете береді.

Еліміздің мәдениетінің дамыған дәрежесін көрсететін де осы - ой мен тіл. Ендеше, ойлай білуге, сол ойымызды айтып, жеткізе білуге дағдылануымыз қажет. Ол үшін көркем әдебиеттерді көбірек оқуымыз керек сияқты. Меніңше, көркем әдебиет болғанда ой мен сөз зергері, жерлес жазушымыз О.Бөкейдің шығармалары жас болсын, жасамыс болсын оқыған адамын ой ойлауға итермелейтін сияқты. Оралханның шығармаларындағы кейіпкерлердің барлығы да ой баққан адамдар. Жазушының өзі: «Меніңше, көркем туындыда жалғыз ғана кейіпкер бар, ол - жазушының өзі, яғни оның айтайын, уағыздайын деген ойын арқалап жүрген кейіпкер», - деген екен. Жазушының үзеңгілес інісі, жазушы Д.Әшімханов өз естелігінде: «...ол өте шапшаң жазатын. Қандай көлемді дүниені ұзаса бірер айда бітіріп тастаушы еді. «Ойыма қаламым ілесе алмай отырады» дейтін бұл жөнінде. Ойына қаламы ілесе алмайтыны - Оралхан прозадағы импровизатор (суырыпсалма) еді. Шығармаларындағы әуез-ырғақтың әдемілігі, ой ағысының арындылығы, композициялық тұтастық, бәрі-бәрі суырыпсалмалықтың жемісі деп білген жөн. Бұл жағынан оны ақын десек, артық болмас»,- дейді. Яғни бұл орайда кейіпкерлерін жазушыдан бөле - жара қарамаған абзал. Кейіпкер жазушының өзі, ол жазушының ойлағанын ойлап, айтайын дегенін айтып тұр.

Оралханның қай - қай еңбегін оқымаңыз терең философиялық ой тұңғиығына сүңгитініңіз анық. Жазушының бір ерекшелігі кейіпкерлерінің қай-қайсысы болмасын арманшыл, қиялшыл, жалғыздықты жанына серік еткен ойшыл болып келеді.

Мысалы, «Құм мінезіндегі» Бархан: «О несі екен ?»,- деп бастап күні бойы ат үстінде, қой соңында ілбіп жүрсе де ой ойлаудан жалықпайды. Оның жалғыздығын бөлісер Қызылқұмның тек өзі ғана түсінер тілі мен қолынан жем беріп, жарасын емдеп, асыраған қарақұйрық. Ол құммен сырласады, мұңдасады. Өз ой-қиялын табиғатпен үндестіреді. Барханның ойы ұсақ-түйек нәрселерге ғана, алаңдамайды, кейде әлемдік проблемаларға айналған табиғат пен адамзаттың азу процесіне де ой жүгіртіп, толғанады. Мәселен: «Күні кеше жер қайыстыра жортып жүрген аң-құс қайда?», «табиғаттан әділетсіз не бар, бір жерге бар байлығын: суын, ағашын, тау-тас, аң-құс,орман-тоғайын төгіп бере салады; енді бір жерді бір жұтым суға, тіс шұқыр ағашқа зарықтырып қояды... Әділетсіздіктің өзі табиғаттан жұққан екен-ау», «Бақыт деген не өзі? Бақыт дегеніміз атақ па, байлық па, әлде самолетке мініп жер шарын шыр айналып шығу ма?», - деп ойдың ұшы-қиырына бір жетпейді.

«Өліарадағы» Қойшы да өз ой-толғанысын: «Ақсақалдар айтады» деп бастайды. Бастайды да, күні бойы ат үстіндегі мазалаған ойдың ұшығын таба алмай шай үстінде де ойы онға, санасы санға бөлінеді. Қой соңындағы қойшының да күні бойы ойлайтыны ой, ермегі - кітап оқу. Жалғызсырағанда ол да астындағы тор шолақпен сырласады. Қойшы туған жерін алтын бесікке теңейді. «Меніңше, менің дүниедегі ең пайғамбар жазушым - өз ана тілінде жазып-ақ әлеми аспанға көтерілу - өз ұлтының жілікті де сіңірлі дәстүрі мен бар керемет қасиетін, кесапат мінезін тарамыстап, қайып суреттеу. Өйткені менің ұлтым арқылы-ақ жалпы адамдық қадери-халдерді паш етуге болады ғой, өйткені олар да - адам », «Жер бетінде алакөз адамдар, бір-бірін бөліп тұрар шекаралар неге қаптап кетті? Неге жер беті сан сұмдыққа, уайым-қайғыға, жылап-сықтаулар мен жетімдердің зарына толы?»,- деп адамзат шешімін таппаған сұрақтарға жауап іздейді.

«Қайдасың, қасқа  құлыным» хикаятындағы кейіпкерлер де көсіле, көсемси сөйлемейді. Олар да Оралханның басқа кейіпкерлері сияқты үнсіз оңаша ойға батады. Жазушы осындағы кейіпкердің ойы арқылы оқырманды өткен-кеткен және болып жатқан оқиғадан хабардар етіп отырады. Пошташы Бөкен де, оның ұлдары Орал мен Қаршыға да, қылаяғы о дүниеге аттанғалы жатқан, өткен өмірдің сарқындысы сияқты Сарқынды шал да түні бойы көз ілмей ой ойлайды: «Заман! Кімді жарылқады, кімдердің төбесін көкке жеткізді? Кімдерді қуантты, кімдерді қуратты?», - деп ескі заман мен жаңа заман текетіресі жайлы ойға батады.

«Атау-кередегі» Таған да философиялық ой-толғаныстарын, «Неге біз осы, осындаймыз?»- деген сұрақтан бастайды.Жазушы осы сұрақ арқылы оқырманды кейіпкерімен бірге ойлануға жетелейді, ойы бар оқырман осыдан бір логикалық тұжырым жасауға тиіс.

Оралханның қай шығармасын алып оқысаңыз да ойланасыз, бір оқығанда жазушының айтар ойын түсінбеуіңіз мүмкін, Оралханды қайталап оқыған сайын жаңа әлем ашылғандай болады. Өйткені оның шығармалары оқырманын ойландырмай қоймайды. Маған Оралханның шығармалары, жазушылығы, қилы тағдыры жайлы салиқалы ғылыми зерттеулер жазылмағандай болады да тұрады. Айтылар сөздер әлі алда.

Бұл мақалада мен жаңалық аштым деп ойламаймын, бірақ О.Бөкейдің өз халқына, келер ұрпаққа арнаған асыл ойларын барлығымыз, әсіресе жерлестері білуге тиіспіз, оның шығармаларын тереңірек оқуымыз керек.

Әлде, қазіргі кезде біз ойланатын нәрселер жоқ па? Егемендік алып, жеке мемлекет болдық дейміз. Ана тіліміздің көсегесінің көгермеуін неге басқа ұлт өкілінен көреміз? Жарайды, кеңес өкіметі кезінде олардан көрдік, енді неге өзіміз бен өзіміз басқа тілде шүлдірлейміз? Әрбір қазақ ана тілінде сөйлесін дегенге де заң керек пе? Неге осы біз, тойшылмыз? Сәл нәрсеге бола, бөркімізді аспанға атып той жасайтынымыз не? Сонда, қазақта тойдан басқа проблема қалмаған ба? Неге осы біз, көрсеқызармыз? Біріміз бен біріміз неге бәсекелеспіз? Неге жемқормыз? Қолынан іс келетін адамдардың етегіне неге жармасамыз, қолында билігі барлардың алдында неге жорғалаймыз?

Кезінде М.Дулатов «Оян, қазақ!» десе, қазіргі кезде «Ойлан, қазақ!» деуіміз керек сияқты. Біздің ойланар нәрсеміз көп, ағайын. Осы ойларыңыздың көбінің шешімін ойшылдарымыздың еңбектерінен табуға болады. Олар мұны кезінде көрегендікпен айтып, жазып кеткен.

Ендеше, ойлы жас, Оралханды оқы, ойлан!

 


Гүлзира Дәулетханқызы.

 

 


Басып шығару   E-mail