Өнерге өлердей-ақ ғашық еді
Оралханның әдебиет пен өнерге бейімдігі оқушы кезінен-ақ көріне бастаған. Ол әдеби кітаптарды өте көп оқып, бейнелеп, шешен сөйлеуге бейім, жүріс-тұрысы тиянақты, өзгелерге сын көзбен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көпшіл болған. Осындай ерекшелігін байқаған ұстаздары оқушылардың комсомол комитетінің хатшысы, қабырға газетінің редакторы етіп сайлаған. Оралхан оқушылар арасында көркем әдебиеттер конференциясын өткізіп,оқыған кітаптарындағы кейіпкерлер туралы үнемі сипаттама жасап тұрған. Ауылдағы шағын клубта әдеби кештерді жиі өткізген. Жазушылардың шығармаларын жатқа айтқан, қазақ жазушыларының ішінде Сұлтанмахмұт пен Бейімбетті қатты пір тұтқан. Өзінің алғашқы «Сарыарқаның әңгімесі» атты «Лениншіл жаста» жарияланған әңгімесін Сұлтанмахмұтқа арнаса, ал әсіресе «Шұғаның белгісін» талай алқалы топта тебіреніп тұрып, жатқа айтқанын көрген куәгерлер әлі күнге жыр қып айтады.
Ал қарындасы Ғалияның айтуы бойынша Оралхан «Егер жазушы болмасам, әйтеуір өнер адамы болар едім»,- дейді екен.
Оралханның гармонда да жақсы ойнап, әнді де нақышына келтіре тамаша орындағаны, бидің төресі вальсті де жақсы билегені естеліктерде жақсы жазылған. Тіпті әуелі, Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен. Ол уақыттағы түсінік тым бөлек қой. Жалғыз ұл болғандықтан, шешесі көршінің қызы Бағилаға хат жазғызып: «Әртіс деген жынның оқуы, одан да үйге кеп трактор айда, үйге қайт», – депті. Содан анасының сөзін жерге тастамай, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға ауысады.
Жазушының қолөнерге де ебі болыпты. Көршісі ағаш ұстасы Гриша ағайдың жанында жүріп, сол кісінің көмегімен үйге кітап сөресін, орындық, дөңгелек жер үстел жасап әкелген де екен.
Өзінің «Дүниедегі ең қиын мамандық» атты мақаласында аға пионер вожатый кезіндегі оқушылармен өткізген мәдени-көпшілік шаралары туралы: «Біз аудандық жарыстарда бірінші орын алып жүрдік. Әсіресе, пионерлер көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы ерекше өріс алды. Бізде драмалық үйірме жұмыс істеді. Б.Майлиннің «Сексен сом» деген әңгімесін пьесаға айналдырып сахнаға қойдық. Біз шаңғымен серуенге шығып, көрші ауылдарға «Черново», «Жаңа үлгі», «Еңбекке» баратынбыз» - деп еске алады. Яғни, болашақ драматург сол кезден-ақ өзі пір тұтқан жазушының әңгімелерін драмаға айналдыруға талпыныс жасаған.
Ол өнер туралы көп жазды. Өмірі өнердің әр саласымен тығыз байланысты болды. «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Мен сізден қорқамын» атты драмалық шығармалары Алматыдағы екі театрда кезегімен қойылды. Актер, режиссерлермен дос болды. Олар туралы очерктер жазды.
Кейіннен дүниеден өткеннен кейін жарық көрген «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» атты жинағына сол өнер туралы әр жылдары жазылған келісті көсемсөздері, өрелі очерктері, әсерлі эсселері топтастырылған еді.
Осындай мысалдардан-ақ жазушының жасынан өнерді жанына серік етіп, сұлулыққа құштар болғанын байқаймыз.
Қыздардың бәрі онымен билегісі келетін
«Оралхан вальсті керемет билейтін. Билегенде де бабына келтіріп тұрып билейтін. Және өзі кез келген қыздармен билей бермейді. Өзінің билейтін қыздары болатын.»
(Бала кездегі жолдасы Нұрлан Әкімбаевтың айтқандарынан)
– Вальсті керемет билейтін еді расында. Мені жиі шақырушы еді… Жарықтық ай десеңші… (орнынан тұрып, көңілі толқып Оралханның вальс билерде басын иіп, қолын ұсынатын сәтін көрсетті). Сөйтіп клубтың басынан аяғына дейін дөңгеленіп шыр айнала билейтінбіз. Жаңа айттым ғой, Оралхан керемет билейтін. Қыздардың бәрі ол кісімен билеуді армандайтын. (Бақтина Жақиярованың айтқандарынан)
Жалынды жастықтың қызықты сәттерін бірге өткіздік. Талай қызықты думанды кештер бастан өтті. Киноға, би алаңына жұбымыз жазылмай бірге баратынбыз. Сыр суыртпақтап, ойын ойнайтынбыз. Мен биге шорқақтық танытсам, Оралхан керісінше, әсіресе вальсті тамаша билейтін.
(Бала кездесі жолдасы Аманжан Нұқсараның естелігінен)
«Оралхан өзі сондай тәкәппар, өзі сондай сымбатты, ұзын бойлы, әдемі жігіт болды. Көп қыздар соңынан жүргенімен біріне де көз салмайтын. Толқынды шашын сілкіп қойып жүретін. Құмарша Әдиханова деген қыз бізбен бірге оқыды. Сол қыз Оралханмен бірге шыр көбелек айналып вальс билейтін. Жалпы, ол кісімен қыздардың бәрінің билегісі келетін. Алайда Оралхан билегісі келетін қыздармен ғана билейді.»
(Ауылдасы Бақсара Базарбаеваның айтқандарынан)
Қасым, А. Біз ойын қуып жүргенде ол кітап оқып отыратын немесе Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы не білеміз? [Мәтін] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 17 ақпан. - Б. 20-21.
«Аға сіз жазушы болмасаңыз қандай мамандық иесі болғанды қалар едіңіз?» деп сұрадым бірде.
Жауабы: «Әйтеуір өнер адамы болар едім. Жас кезімде балет бишілеріне қатты қызығатынмын. Онша түсіне бермесем де Опера балет театрына жиі баратынмын».
(Ғалия Бөкейқызының естелігінен)
... Оралхан ән де салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, аруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді:
«… Әуре боп неге біткен ажар-көрік…» — деп сыңсыта, баяулата бастап:
— Әне, — деді жолдасым, — әне, Шұғаның белгісі көрінді. Шұғаның белгісі! — деп оң қолын қамшы ұстағандай алысқа-алысқа, қиянға сермеп, түр-түсі бұзылып: «Әй, өзі де Шұға десе — шұға еді-ау!.. — деп аяғын мұңды сазбен, өкінішпен, өксігендей болып барып бітіретін.
Әуелде Оралхан театр институтына түспекші екен, кейін ауылдағы жағдайға байланысты ма, әйтеуір, сәті түспеген. Егер әртіс болғанда да, ол сол ортаны да жанартаудай жарып шығар еді-ау деп ойлаймын ғой, оның мына «Шұғадағы» кескінін көріп...
... Оралхан ылғи күңіреніп өткен жоқ. Жайма-шуақ жарқылдап жүретін күндері де болатын. Бірақ тағдыр тарандығын, жарық дүние сараңдығын әлдеқалай сезетін сияқты, кейде ән салатын. Оны мен басқа ешкімнен, не радиодан, не концерттерден естіген емеспін. Тек Оралхан ғана айтар еді:
Дүние ойлап тұрсам - о - о-у, шолақ екен - а - а-й,
Қарағай басын кессе - а - а - е-ей, молақ екен, ахау, аха - хай.
Он бес пен жиырма бес - о - о-у, қайран отыз - а - а-ай,
Үшеуі-үш күн қонған - е - е-ей, қонақ екен - ахау, аха - ха-ай.
Елімнің, бір жайлауы - о - о-оу, Құрымбай саз - а - а-ай,
Жайлаған алты-ай жазға - е-е-ей, Сарыала қаз, ахау, аха - ха-ай.
Шолпандай таң алдында - о-ооу, туып - батқан - а - а-ай,
Қайтейін, о дариға - е - е-ей, ҒҰМЫРЫМ аз, ахау, аха - ха -ха - а-ай.
(Ш.Мұртаза О.Бөкей еске түскендегі елес пен ойлар)
Оралхан [Мәтін] : Естеліктер, эсселер және мақалалар / құраст. Р. Мәженқызы. - Алматы : Өнер, 2000. - 320 б.