Махаббат
«Махаббат жағына келсек, анау-мынау қыздарды менсінбеді Оралхан. Өз ауылының қыздарын менсінбей, іргедегі «Өрнек» деген ауылдағы Бұтабаева Жазира деген қызға ғашық болып жүретін.»
(Бала кездегі жолдасы Нұрлан Әкімбаевтың айтқандарынан)
Қасым, А. Біз ойын қуып жүргенде ол кітап оқып отыратын немесе Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы не білеміз? [Мәтін] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 17 ақпан. - Б. 20-21.
Оралхан Айменді қатты жақсы көрді. Айменнің өзі де суреттей сұлу еді ғой. Жанары тұп-тұнық, мөлдіреп тұратын. Ішкі дүниесі де сыртындай сұлу болатын. Екеуі өте жарасымды болды. Бірақ араларында бала болмауы өте қиын болды... Айменнің Оралханды құрметтейтіні соншалық, ішетін айранына дейін тамағы ауырып қалмасын деп жылытып беретін. Орекеңнің рұқсатынсыз әйел болып бір жерге қонаққа бармайтын. «Міне, қазақтың әйелі» деп мақтанатындай әйел еді Аймен. Қайын жұрт, жолдас-жоралғы, ерін сыйлау жағынан Аймен барша әйелге үлгі болды ғой.
(Сыныптасы Нұрсара Бақыжанқызының естелігінен)
...Сөйтіп жүргенде Ораш бір күні:
- Ей, Аманжан, мен бүгін кереметтей бір сұлумен, хор қызымен, әңгімелесіп, танысып келдім. Қара торының әдемісі. Көркіне мінезі сай. Бәрі-бәрі қатты ұнады! - деп өрекпіген жүрегін баса алмай құлап түсті. Қош, қайырлы болсын айтып мен жатырмын. Іле шала үш-төрт күннің арасында Айман сұлумен мен де танысып, ұзағынан сүйіндірсін деген тілегімді білдірдім. Айман ашық-жарқын, жайнап тұр. Аузын ашса жүрегі көрінетіннің нақ өзі. Бүкпесіз ашық сөйлеседі екен.
Ораштың Айманға деген сезімінің күннен-күнге зорайып, шынайы махаббатқа бет бұрғаны оның жүріс-тұрысынан, дегбірсізденуінен, сөзінен тайға таңба басқандай әйгіленіп тұрды.
«Ә, бәлем. торға түстің бе?! – деп мен жүрмін. Өзіне тең жар тапқанына дос ретінде мен де қуандым...
(Бала кездегі жолдасы Аманжан Нұқсариннің айтқандарынан)
Нұқсара А. Айман – Оралханның асыл жары да, бақыты да еді... / А.Нұқсара //Арай.- 2013.- 12 шілде.
Оралхан Бөкей туыстарын Айманмен таныстыру үшін әдейі "туған күн» кешін ұйымдастырған
Бүгін, міне, жиырма үшке толыппын,
Талай жырға, талай сырға жолықтым.
Шыным осы, ақ тілеулі достарым,
Мен анамның жалғыз ұлы болыппын.
Дастарханым тарлау болса, құрбылар,
Пейілімнің кең екенін ұғыңдар.
Ақ жүректің ақ батасы секілді,
Махаббатым сендерменен туыңдар.
Сондықтан да, уа, достарым, түсінші,
Осы кештің мәңгіліктік құны бар.
1966 жыл. 1 қаңтар.«...1966 жыл. 1 қаңтар. Ағам өзінің туған күнін атап өтуге дайындалды. «Зенит» деп аталатын кішкентай фотоаппаратымен түсіріп, осы «шақыру билетін» шығарды. Сол шақыру қағазындағы бір шумақ өлеңді өзі жазды да, оны маған жаттатқызды. Ал, мен болсам соңынан қалмай сенің туған күнің 1-қаңтар емес, 28-қыркүйек қой, неге ерте жасайсың деп әбден мазасын алдым. Сөйтсем, ағам туған күнді сылтау етіп, Айман жеңгемді туыстарымен, достарыман таныстыруды көздеген екен. Сол жылы 24-қыркүйекте ағам үйленді.Үйлену тойындағы «шақыру билетін» де өзі жасады...»
(Ғалия Бөкейқызы. «Аға, сен қайда асықтың?» атты естелігінен).
Жазушының орыс қызына ғашық болуы
(Тұрсын Жұртбайдың айтуы бойынша)Тұрсын Жұртбай Алтайға жазушы досы Әлібек Асқармен барған. Сол сапарында Оралханның анасы Күлия шешейге сәлем бере Шыңғыстайға барады. Бұл әңгімені жазушының анасының өз аузынан естіген.
Күлия шешей ол әңгімесін былай бастаған еді: «Орашым ержетіп қалған кезде осында бір Мәрусә деген орыстың қызы пайда бола қалды. Ол құрғырдың қай жерде жүріп қыз болып, қылтия қалғанын білмеймін. Құлпырып шыға келіпті. «Құдай атқыр, Шыңғыстайда неғып жүр?» деймін. Күдігім дәл шықты. Орашым әлгі қызға ғашық екен. Үйленіп қалса қайтемін? Зар жылап отырып, Орашыма түсіндірдім. Әкесінің бір кекимесі бар еді, бір қисайса көнбейтін. Бұл да соған тартыпты. Енді аңдығаным ұлым болды. Клубқа барып аңдимын, қайтқанда аңдимын. Бір күні түс әлетінде сәнденіңкіреп үйден шықты. Бір уақытта қарасам, Орашым Бұқтырманың жағасына қарай қарды омбылап, қайқая басып кетіп барады. Мәрусәмен сол арада кездеспек қой. Енді аянып қалмайын деп соңынан айғайлап тұра жүгірдім. Үстімдегі киімдерімді бірінен соң бірін лақтырып тастап, өкпем күйіп жүгіріп келемін. Ол да қиналады ғой, жүрісін баяулатты. Жанына жақындағанда көйлегімді де жыртып лақтырып жібердім. Булығып шыдай алар емеспін. Шошып кетті: «Ей, қу жалғыз! Қайт үйге! Осыдан кетсең, сен мені қайтып көрмейсің. Тура Бұқтырмаға ағып өлемін», - дедім. Сәл бөгеліп еді, Бұқтырмаға тұра жүгірдім. «Тоқташы», - деді. Тоқтадым. «Қоштасайын», - дегеніне көнбей: «Жоқ, не алдыма түсіп үйге қайтасың, не менің сүйегімді Бұқтырмадан іздеп таба алмайсың орыс қатының екеуің», - дедім.
Амалсыз алдыма түсті. Шашылған киімдерімді жинап, үстіме кигізіп отырды. Ой, мен сондай алакеудемін. Орыс та болса адам ғой. Мәрусә да түсініп, ауылдан кетті. Сөйтіп барып тынышталдым».
Күлия шешейдің сол бір кейуаналық болмысы, әңгімені әзіл, мұң, жігер араластыра айтуы, шешендігі, ең бастысы, ұлына деген мейірімінің ыстық табы арада 30 жылдан астам уақыт өтсе де әлі кеудеме басылып тұрғандай...Жұртбай Т. Қайран ақмаңдайлы Айман жеңеше... / Т. Жұртбай // Жұлдыздар отбасы Аңыз адам. - 2013.- №15. - Б. 22