Оралхан Бөкей актерларға «Шешендік өнерден» сабақ берген

  • Оралхан – мектеп тәлімгері

    Жазушының жарияланбаған мақаласы

    Оралхан Бөкейдің мектеп бітірген соң өзі ұшқан ұясына бір жыл аға тәлімгер (вожатый) болып қызмет атқарғанын біреу білер, біреу білмес. Жазушының сол кездегі мектеп өмірінде мықты ұйытқы болғаны жайлы сол кездегі өзі айтқандай «мектептегі ең тентек, сойқан алтыншы сыныптың» оқушысы болған, бүгінде ҰҚК отставкадағы полковнигі, өлке тарихына арналған бірнеше кітаптардың авторы Ербол Баянғазыұлының «Менің пионервожатыйым» атты тебіреністі естелігінде Оралханның табиғатынан озық жаратылған, қабілеті мықты ұйымдастырушы, мықты психолог, тамаша режиссер болғандығы өте жақсы айтылған.

    Баянғазыұлы Ербол. Шығысымшырайлы мекенім. «Медиа-Альянс» баспасы, 2012. – 275 бет).

    Құрметті оқырмандар! Төменде асқақ тұлғалы, ерекше бітімді Оралхан Бөкейдің осы мамандық жайлы жазған "Дүниедегі ең қиын мамандық" (1973 жылы жазылған болса керек) мақаласын ұсынып отырмын. Бұл мақала ШҚО мемлекеттік мұрағатының жазушыға арналған жеке қорынан алынған (жазу машинкасында басылған, жазушының өз қолымен терілуі де мүмкін), бұрын жазушы жинақтарында жарияланғанын көзім шалмады.

    Дүниедегі ең қиын мамандық

    Мен аға пионер вожатый жұмысын дүниедегі еш мамандыққа теңгермес едім. Мен мектеп бітірген соң совхозда екі жыл, мектепте бір жыл жұмыс істедім. Сонсоң аудандық газетте корректор, әрі аудармашы, облыстық газетте әдеби қызметкер, тағы да аудандық газетте редактордың орынбасары, «Лениншіл жас» газетінде істеген соңғы бес жыл – міне, осылайша өмір жалғасып келеді. Ойлап отырсам, осынау сан салалы қаракеттің ең қиыны, әрі ең қызығы аға пионер вожатый болған шақтар екен. Адам тәрбиелеуден жауапкершілігі үлкен қасиетті іс бар ма? Әйтсе де аға пионер вожатый елу балаға емес, екі жүз елу балаға жауап беруі керек.

    Әлі есімде, бір күні екі бала /аты жөні есімде жоқ/ сол кездегі мектеп директоры отыратын бөлменің терезесі алдына келіп, балағаттасып қалған екен. Оны естіген директор Ж.Қасиманов мені шақырып алып, жарты сағат ұрысты. Өз алдына шекісіп жүрген пионерлер үшін осылайша жауап беруіме тура келді.

    Мен ол кезде тым жас едім. Сондықтан да балалармен көп ойнайтынмын. Біздер, қысқы демалыс күндері таудың құзар басына шаңғымен шығып, табиғатқа саяхат жасайтынбыз. Таудың басынан етекке қарай зымырағанда екі көзімізден жас парлап, ертеден қара кешке дейін әрең жеткен жолды көзді ашып - жұмғанша басып өтер едік.

    Сол кездегі алтыншы класс ең - тентек, сойқан класс еді /Қалман, Алтайбек, Елтай т.б./. Осы класс кезекші болып концерт дайындағанда бүкіл мектеп таң қалған. Бәрі ақ көйлек киіп, алқызыл галстук тағынып сахнаға шыға келгенде мен ойладым, апырау, баланың жаманы болмайды екен-ау, тек тілін, ығын тауып тәрбиелей білу керек. Баланың мінез-құлқын, не ойлайтынын, арман-мақсатын білмейінше онымен ортақ мәмлеге келу мүмкін емес.

    Біз аудандық жарыстарда бірінші орын алып жүрдік. Әсіресе, пионерлер көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы ерекше өріс алды. Бізде драмалық үйірме жұмыс істеді. Б.Майлиннің «Сексен сом» деген әңгімесін пьесаға айналдырып сахнаға қойдық. Біз шаңғымен серуенге шығып, көрші ауылдарға «Черново», «Жаңа үлгі», «Еңбекке» баратынбыз.

    Әрине, пионер жұмысының романтикасы мол болса, істер ісі ұшан-теңіз. Тіпті істеген ісің көрінбейді де. Бірақ әр оқушының жүрегіне арманның алауын жағудың, олардың есінде қалудың өзі бақыт екен. Мен олардың қаншалықты есінде қалғанымды білмеймін, бірақ, менің көз алдымнан мойнына алқызыл галстук байлаған жас бүлдіршіндер кетпейді.

    Бір жылғы өмірден естелік айту ретсіз болар. Егер аға пионер вожатый болып жаман жұмыс істемеген еді деп айтар болсаңыздар, сөз жоқ, әуелгі рахметті құрметті ұстазымыз Зәбилә Алпысоваға арнау керек. Өмірі еңбектену мен ізденуден жалықпайтын осынау мазасыз Адам бейнесін көркем шығармаға түсіру - әрі шәкірттік, әрі жазушылық міндетім.

    Оралхан Бөкеев, ССР Жазушылар Одағының мүшесі«Лениншіл жас» газетінің қызметкері.

  • Ол сезімнің адамы еді. Ең алғаш көргенде-ақ оның ерекше талант екенін байқадым. 1962 жылы ол ауылда «пионер вожатый» болатын. Мектептегі тәрбиелік жұмыстардың барлығын өзі атқаратын.

    1962 жыл. Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалған кезі.  Сыныбымызға кіріп келіп: «Маған «жаңа жыл» болатын бала керек, араларыңда қайсың жақсы сөйлейсіңдер?» – деді.

     «Әй, қара бала, осы сенен бірдеңе шығады. Мен Аяз ата, сен Аяз атаның баласы боласың. Ендеше кешке біздің үйге кел. Саған киім тігеміз», - деп бірден көп баланың ішінен мені ұнатып, үйіне ертіп алып кетті. Мәншүк қарындасы маңдайында «1963» деген жазуы бар қызыл костюм тігіп берді. Ертесіне киімдерімізді киіп біз өз міндетімізді аткардық. Ондай Аяз Атаны өмірбақи көрген емеспін. Сонда бір таңғалғаным - Оралханның шешендігі. Адам баласы қалайша бұлай ағылып-құйылып сөйлей береді деп ойладым. Жұрттың бәрі ұйып тыңдады. Күлдірді. Таланттыларды таниды. Бәріне аралап жүріп ән салдырды. Ол сондай көңілді-тін.

     (Жазушы Дидахмет Әшімханның естелігінен)

    Әшімханов Д. Ол ешкімге ұқсамайтын/ Д.Әшімханов//Ақ желкен.- 2010.- № 9.- Б. 32-34.

     

     

  • Қарапайым оқырман біле бермейтін тағы бір қыры - Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлер дайындайтын бөлімінде «Шешендік өнерден» сабақ беруі.
    Ағам шешен сөйлейтін. Ол өз ойын тыңдаушысына әдемі, жағымды дауыспен шебер жеткізе білетін. Дикциясы анық, саңқылдап сөйлейтін. «Мен дүйім халықтың алдына конспектісіз шығып сөйлегенді ұнатамын, адамдар неғұрлым көп болса, қанаттанып кетемін», – дейтін өзі. Ал баяндама жазып оқығанды ұнатпайтын.
    Ағам көркемсөзді керемет шебер оқитын. Анау-мынау әртістеріңді шаң қаптырып кетуші еді. Кейін өзі дүниеден өткесін Оралханды есте қалдыру және оның шығармаларын үздіксіз оқыту мақсатында «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері» байқауы ұйымдастырылды...
    • (Ғалия Бөкейдің сұхбатынан)