Соңғы сапарда

  • Махаббаттың мәңгілік ақ күмбезі - ұлы Тәж-Махалды көріп аса таңғалып, «Бұл өзі бүкіл түркі ұрпағының келіп тағзым ететін қасиетті орны екен» деген тебіренісі әлі есімде. Сонда өзін «Мен Бабырдың ұрпағымын!» - деп таныстырып, көкірегіне ерекше бір күй толып еді...

     

    Әріптестері Ор-ағаңның Тәж-Махалдан қайтқанда көлік ішінде ән салып, ерекше көңіл күймен сондай шаттанып қайтқанын айтады. Әсіресе, Делиге оралып, «Тәж-Махал» қонақ үйіне келгендегі жедел сатының ішінде орнатылған Бабырдың мүсінінің қасына иықтасып тұрып алып: «Қалай, ұқсаймын ба?» - деп, өзін Бабыр бабасына қатты ұқсатқаны да бар екен. Сондай бір шаттаныс үстінде: «Мен қайта оралған Бабырмын» десе, енді бірде: «Менімен әңгімелесіп қалыңдар, ертең менің әңгімемді іздейтін боласыңдар», - депті Оралхан аға. Сезімтал жүректің Жер бетінде жасар санаулы ғана сәтінің қалғанын сезгендігі шығар, сапарлас болған әріптестеріне әзілмен болса да сан сырды сездіріп кетіпті.

    (Алпысбай Шымырбай, жазушы)

    Жұмабай Н. Оралхан Бөкей. Суреткердің соңғы сапары: аңызы мен ақиқаты/ Н.Жұмабай // Қазақ  әдебиеті. – 2012.- 14 қыркүйек

     

    Аграда сәл аялдаған тұс болды. Мәшинеге отыра бергенде ойда жоқ әңгімені қозғады: «Мен туралы ертең естелік жазасыңдар ғой, қазір «мен бар, Мұхаң бар» деп жазып жатыр ғой... - деп аяғын әзілге бұрып жіберді. Сол сәтте мән бергенім жоқ бұл сөзге. Жексенбіде Делиге жетіп, түнде «жақсы» десіп, ертесіне ұйқысынан оянбай қалған Ор-ағаңды көргенде... Бәрі де көрген түстей болды ғой...

    (Нұртөре Жүсіп, журналист)

    Жұмабай Н. Оралхан Бөкей. Суреткердің соңғы сапары: аңызы мен ақиқаты/ Н.Жұмабай // Қазақ  әдебиеті. – 2012.- 14 қыркүйек