Оралханның серілігі
«Шаш қойысының өзі ерекше болатын. 8-ші сыныпқа көшкенде шашын жіберді ғой. Сол кездің өзінде ол бойын түзей білді. Таза жүрді. Өзіне жақсы қарады. Мен өзім Оралханның көп қылықтарын, серіліктерін Сәкен Сейфуллинге ұқсатам.»
(Бала кездегі жолдасы Нұрлан Әкімбаевтың айтқандарынан)
Қасым, А. Біз ойын қуып жүргенде ол кітап оқып отыратын немесе Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы не білеміз? [Мәтін] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 17 ақпан. - Б. 20-21.
Оралхан киімге өте талғампаз-тын. Ауылдың дүкеніне жаңадан қандай киім түссе, сол киімді Оралханның үстінен көретінбіз. Жазушылардың ішінде де ең әдемі, ең жарасымды, соңғы сәнмен киінетін де осы Оралхан болатын. Және қандай киім кисе де өзіне жараса кететін.
Орағаң Алматыда жүргенде-ақ ешкімнен қымсынбай Алтайдың тиін бөркін киіп алатын. Тиіннің құйрығы төбесінде үкі сияқты желбіреп жүреді. Дубленканы да Алматыда ең алғаш кигендердің бірі - Оралхан.
Ол кісінің шашы өмір бойы ұзын болды. Сонда айтатын: «Осы менің бар сымбатым шашымда тұрған сияқты. Егер мен жұрт секілді шашымды ретке келтіріп қиып, тарасам, онда мен кәдімгі ешкібас болып шыға келер едім. Қидыруға басымның формасы келмейді, жетпей жатқан жерімді шашыммен толтырып қоямын» деп. Орағаң жылтырақ дүниеге әуес емес-тін. Мен қанша уақыт бірге жүріп, оның сақина таққанын көрмеппін. Үстіне артық-ауыс ештеңе жамамайтын. Қызыл түсті ұнататын. Мойнына шарф орап жүру немесе сәнді шүберек орамал байлап алу - Оралханда ғана болатын.
(Жазушы Дидахмет Әшімханның естелігінен)
Оның мінезі Алтайдың ауа-райы сияқты еді. Бірде борандай бұрқырап, енді бірде бұлттан шыққан күндей жарқырап шыға келетін. Өмірге, жақсылыққа, биікке деген құштарлығы да ерекше еді ғой. Ол ешқашан қол жеткен табысына қанағаттанып қалмайтын, үнемі алға қарай ұмтыла түсетін. Жүрген жерін думандатып, жандырып жіберетін. Өзін-өзі көрсете білетін. Алтайдың биік шыңдарында құлжа деген тәкаппар аң болады, Оралхан шашын сілкіп тастап, жалт қарағанда, сол кербез құлжаға қатты ұқсап кететұғын. Үстінде қылшық тұрмайтын, өте сәнді киінетін, өте таза жігіт еді.
(Сыныптасы Нұрсара Бақыжанқызының естелігінен)