Алып - анадан
             "Жалғыз ұлдың арқасын елге, аяғын жерге тапсырдым"
                                                                                            Күлия ана.
"... Менімше, Оралхандағы қызуқандылық, ой ұшқырлығы, нағыз ақынға бітер арқа оған қанмен берілген қасиет те, сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді мінездер отбасынан дарыған болса керек.
Осы тұста есіме ең алдымен Оралханның анасы - марқұм Күлия апам түседі. Ол кісі мен білетін етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі, қара сөздің бетінен қаймақ қалқитын шешен, көзі қырағы, сөзі өтімді адам еді.
Оралханның кенже қарындасы Мәншүк дүниеден қайтқанда Алматыдан жедел жеткен біз, ат басын азалы үйден бұрын бейіт басына тірегеміз. Үлгергеніміз сол.
Оралхан жаңа қазылған қабірге жас топырақты уыстап сеуіп, қарындасына жоқтау айтып отыр екен. Бір әредікте жолықтық. "Келіп қалдыңдар ма? - деді сыбырлай сөйлеп, сосын терең күрсініп. - Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді", - деді тағы да.
Мен Күлия апамды ойладым. Мұның алдында қызы Әйменнен, отағасы Бөкейден айырылған. Бұл қазаны қалай көтеріп кетер екен дедім іштей.
Оралхан екеуміз бейіттен 200 қадамдай жердегі қара шаңыраққа әр қадамымызды санап басып әзер жеттік.
Күлия апам әдеттегідей төсек үстінде отыр екен. Мені бауырына басқан күйі шерін сәл тарқатып алды да, іле қайратына мініп, ширақ сөйлей жөнелді: "Е-е, бауырым (аталас ру жағынан мені солай атайтын), "Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді" дегендей, қартайған шағымда қара шалды алға сап, қасына екі қызын қосып беріп, арттарында аңырап қалам деп ойладым ба. Күні - түн, түні - мұң боп отырған Күлия апаңның түрі осы, бауырым. Қайтейін, енді қалғанына береке берсін деймін де. Ақсағын қойып, сауын түгендер кез келді міне".
Күлия апамыздың әр кездегі тілеуі - бір Оралханның амандығы еді.
" Жалғыз ұлдың арқасын елге, аяғын жерге тапсырдым" деген сөз осындай ғана ананың ауызынан шығар еді. "Алып - анадан, ат - биеден" деген сөз осындайда еске түспес пе..."
Жазушы Дидахмет Әшімханның Оралхан Бөкей жайлы естелігінен.

"...Шешеме апарып беремін"
Оралханның қызық мінездері көп. Ауылға келгенде дастархан жайып, жамбас қоямыз ғой. Сонда «Ей, андағы жамбасыңды кеспе» - дейді. «Неге?» десең, «Газетке орап, қойып қой. Шешеме апарып беремін» - дейтін. Шешесін керемет құрметтеді. Қай үйге барса да, сөйтетін.
(Бала кездегі жолдасы  Нұрлан Әкімбаевтың айтқандарынан)

Қасым, А. Біз ойын қуып жүргенде ол кітап оқып отыратын немесе Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы не білеміз? [Мәтін] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 17 ақпан. - Б. 20-21.

Оралханның атақты жазушы болуына әсер еткен анасы ма деп ойлаймын. Күлия шешей көкірегі ояу, көзі ашық, өте шешен адам еді. Жасы да озған, оның үстіне жарымжандығы бар үйден ешқашан ұзап шықпайтын, алайда ауылда, ауданда не жақсы, не жаман барын біліп отыратын. Орекең анасымен ұзақ әңгімелесіп, өткен-кеткенді сұрап біліп, көрші-қолаңның хал-жағдайынан қанығушы еді. Оралханның көптеген әңгіме-повестеріндегі сюжеттер, кейіпкерлер шешеміздің айтқандарынан туған дүниелер сияқты көрініп тұратын. Анасының әңгімесін Орекең қызыға тыңдайтын, сөзін бөлмейтін және ештемені қағазға түртіп алып отырмайтын. Шешейдің ұзақ-сонар әңгімелерінде мақал-мәтелдер, тамаша теңеулер мен әдемі сөз тіркестері ағыл-тегіл ағылатын.
- Ой, көп сөйлеп, басыңды қатырдым-ау, құлыным, - деп әңгімесін аяқтағанын сездірген кезде Оралхан:
- Тәте-ау, мұндай қызық әңгімені маған сенен басқа ешкім де айтпайды, - деп еркелеп, "осы анау кісі қалай болып еді?" деп тағы бір әңгімені бастатып жіберетін.
                                         (Әріптесі Ж.Әділбаевтың  естелігінен).

Әділбаев Ж. Ешкімге ұқсамайтын Ораш еді: Оралхан Бөкейдің туғанына 60 жыл толуы қарсаңында / Ж. Әділбаев // Дидар. - 2003.- 17 мамыр. - Б. 5