Оралхан Бөкей
Оралхан сұрапыл соғыстың отты жылдарында, 1943 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келді. Бөкей Оралға еңбек майданына аттанғанда, Оралхан іште қалған нәресте еді. Оралдағы еңбек майданында жүрген әкесі аман келсін деген ниетпен, дүниеге келген нәрестеге Оралхан деген ат қойылады. Ниет қабыл болып, әкесі аман-есен оралады.
Оралханның әдебиетке бейімдігі оқушы кезінде-ақ көріне бастаған. Ол әдеби кітаптарды өте көп оқып, бейнелеп, шешен сөйлеуге бейім, жүріс-тұрысы тиянақты, өзгелерге сын көзбен қарайтын, қауып та тауып та сөйлейтін, көпшіл болған. Осындай ерекшелігін байқаған ұстаздары оқушылардың комсомол комитетінің хатшысы, қабырға газетінің редакторы етіп сайлаған. Оралхан оқушылар арасында көркем әдебиеттер конференциясын өткізіп, онда өзі оқыған кітаптарындағы кейіпкерлер туралы үнемі сипаттама жасап тұрған. Ауылдағы шағын клубта әдеби кештерді жиі өткізген. Жазушылардың шығармаларын жатқа айтқан, қазақ жазушыларының ішінде Сұлтанмахмұт пен Бейімбетті қатты пір тұтқан. Өзінің алғашқы «Сарыарқаның әңгімесі» атты «Лениншіл жаста» жарияланған әңгімесін Сұлтанмахмұтқа арнаса, ал әсіресе «Шұғаның белгісін» талай алқалы топта тебіреніп тұрып, жатқа айтқанын көрген куәгерлер әлі күнге жыр қып айтады .
Оралхан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін іркілмей айтқан. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: - Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін,- деген екен.
Арманының алысқа жетелегіні де рас, жетелеп қана қоймай сол арманының шыңына шыққаны да рас. Ал қарындасы Ғалияның айтуы бойынша Оралхан «Егер жазушы болмасам, әйтеуір өнер адамы болар едім»,- дейді екен. Оралханның әдемі қоңыр дауысы болғанын, гармонда жақсы ойнағанын, әнді нақышына келтіре, беріле орындайтыны да естеліктерде жақсы жазылған.
Осындай мысалдардан-ақ жазушының жасынан өнерді жанына серік етіп, сұлулыққа құштар болғанынын байқаймыз. Осы сұлулыққа құштарлық оны Өр Алтайдың айдай сұлу аруы Айманға жолықтырып, жиырма жыл тату-тәтті, ынтымақты отбасы құрып, тек бір перзентке зар болуы соңынан трагедиялық айырылысуға соқтырды. Алтайдың арман аруы: «Оралхан, будь счастлив. Береги себя. В моей гибели виновных не надо искать...», - деп соңында үш-ақ ауыз сөз қалдырып, өзін бір перзентке зарықтырып, тарықтырған мынау жалған дүниені Оралханның бақыты үшін тәрк етіпті. Оралхан үшін бұл қаза өте ауыр тиді, оның алдында бірінен кейін бірі алдымен әкесінен, артынан әпкесі Әймен, жанына ерекше жақын, ардақ тұтқан қарындасы Мәншүк қаза болғанда - Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді,- деп жүрегі қан жылаған жазушы соңынан аялаған анасынан айырылып қайғы үстіне, қайғы қосылып, өте ауыр соққы алады. Елдің айтуынша Оралхан бейіт басында зар еңіреп, Айманның зиратын екі кісілік етіп жасаттырып, сол жерде – Өлгенде жаныңа жатамын, саған ескерткішті көзімнен аққан қанды жасыммен жазамын! - деп ант беріпті. Тек қаза тапқан жазушының бұл аманатын артындағылардың орындамағаны өкінішті...
Әйтсе де, Айманның қазасынан кейін бұл дүниенің бар қызығы таусылғандай, өзі де күнделігінде «... Баяғы базары тарқамас қызығы да, қызы да көп күндер адыра қалған... Мен соңғы 4-5 жылда еш нәрсе жазғаным жоқ... Бәлкім, берерімді беріп алып, енді екі балам үшін өмір сүріп жүрген шығармын...»,- деп тек балалары үшін ғана өмір сүрген жазушы да көп ұзамай асық жарының соңынан бақи дүниеге аттанып кете барды. Мүмкін олардың рухтары сол жақта бірге жүрген де шығар, Айманның жанартаудай жалын атқан сүйіспеншілігі жазушыны көп ұзатпай, қасына алдырып алған болар.
Жазушы аз өмір сүріп, халқына берерін түгелдей бермесе де, Өр Алтайды бүкіл әлемге танытып кетті. Артында мол әдеби мұрасы қалды, қырықтың бел ортасында көрген, ғұмыр бойы армандаған құлындары Айханы мен Айжаны қалды. Ол үлкен дүниелер жазатын дер шағында болатын, «Алданған ұрпақ» деп аталатын үш кітаптан тұратын трилогиясын аяқтай алмай кетті.