Оралхан көпшіліктің айтуымен емес, көзбен көріп, ауызба – ауыз сөйлескен жолдас жігіт еді. Марқұм көп шешіле бермейтін, тұйықтау жан болатын. Оралхан маған қашанда өзінің ішкі жандүниесімен, ішкі әлемімен арпалысып жүретіндей көрінетін.
Оралхан қайтыс болғаннан кейін, марқұмның жолдасы Ардақ жеңгеміз, тағы бір топ дос - жараны маған Оралхан қабірінің басына қойылатын құлыптас жасауға ұсыныс білдіріп еді. Оралханның образын сомдау – мен үшін қызықты да, күрделі дүние болды. Табиғат – Ана Оралханнан ештеңесін аямаған еді. Дос сүйініп, дұшпан күйінген құдіретті дарынмен бірге, Оралхан қыз қызыққандай бітім – келбет иесі де болатын. Өзі аса талантты суреттеген Кербұғысындай керіліп жүретін жан еді. Маған «сыртқы сән – салтанатымен бірге, арпалысқан ішкі жандүниесін қалай бейнелесем екен», деген ой маза бермеді. Содан, марқұмның туған – туыс, дос – жарандарымен әңгімелесіп, жазған дүниелерін қайта парақтағаннан кейін, бір ішкі символикалық шешімге келді. Нәтижесінде бір нәрседен бұлқынып шыққысы келген, бір нәрсені үзгісі келген Оралханның бюсті дүниеге келді. Өзіміз жиі теңей беретін Оралханның Кербұғысы – бұл жолы аяқтарын бауырына жинақтап, ақырын жантайған Кербұғы – қабіртастан орын алмаса – күнә болатындай болып көрінді. Ағамыздың бейнесіне жеңгеміз Ардақ, Оралханның туыс, дос – жараны, менің қуанышыма, ризашылықтарын білдірді. Образдың дәл шығуына кезінде марқұмның бет – жүзінен алынған масканың да септігі тиді.
Сөз мәйегі қатар өріліп жататын Оралхан творчествосын өз басым Шыңғыс Айтматов творчествосымен салыстырғанды ұнатамын. Мысал ретінде «Ақ кемедегі» бұғы тағдырын айтсақ та болар. Оралхан психологиялық – философиялық шиеленістерді шебер береді. Сосын, оқиғаны өмірдің өзінен алатын. Оралхан творчествосы шырқау шегіне жетпей дүниеден өтіп кетті. Бұл менің өз ойым. Тірі жүрсе ғой, әлі талай тың да салмақты дүние тудыратын еді – ау, ерім...
Әбішев Бақыт, мүсінші