Көркемсөздің Құлагері

Есімі елге танымал қаламгер Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған Шығыс елінен бастау алып, кең көлемде дүркіреп аталып өтті. Шығармашылығымен дүйім жұрттың жүрегінен орын алған талантты жазушы аз ғұмырында әдебиетте өшпестей із қалдырып, өзіндік жол салып кетті.

Мерейтойға жиналған көпшілік қауым, атап айтқанда, елімізге белгілі ақын-жазушылар Төлен Әбдік, Кәдірбек Сегізбаев, Жанай Омар, Жұмабай Шаштайұлы, Нұртөре Жүсіп, Ұлықбек Есдәулет, Шәрбану Бейсенова, Нұрдәулет Ақыш, «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының бас директоры Қонысбек Ботбай, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев, т.б. сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.

«Бір кездері бұл ауыл Шәңгіштай деп аталған екен. Оралхан жазушылыққа бала кезден құмарланды. Өр Алтайдың құнарлы табиғатынан уызданған қаламгер өзгеге ұқсамайтын қолтаңба қалдыра білді, повестері мен сағынышқа толы әңгімелерін, романдарын бірінен кейін бірін шығара бастады. Жазушының шығармалары орыс тілінде орталық басылымдарда жарық көріп жатты. Енді, міне, ел-жұрты жазушы талантына бас иіп, мерейтойын жасауда» деп атап өтті белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханов.

Мерейтойдың үшінші күні Мұзтаудың мұзбалағына арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Ұлттық аспаптар оркестрі домбырашыларының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауыны» да ерекше сезімге бөледі.

Осы сәтте ортаға шыққан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған қауымды құттықтап: «Өнер адамының, әдебиет өкілінің ғұмыры – мәңгілік. Жазушы мен ақынның арқасында ел мен жердің аты шығып, кіндік қаны тамған өлкеге деген құштарлық артады. Оралханның әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның кез келген шығармасын алсаңыз, туған жер мен елге деген ыстық махаббаты айқын сезіледі. Жазушының шығармаларын насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіру міндет. Екі-үш күннен бері дүбірлетіп той өткізіп жатқандағы мақсат – жазушының есімі мен тұңғиық әлемін ел жадында тоқи беру. Ескерткіш – тарихи құндылыққа жатады. Бүгінге дейін Өскеменде Оралханға ескерткіш тұрғызылды. Өңірде оның есімімен үш мектеп аталады, бірнеше көше бар. Ал туған жерінде мынадай үлкен ескерткіштің орнатылуы шын мәнінде ерлік. Оған қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкерлер Тумашинов, Исабаев, Сқақов, ауданның бұрынғы басшысы Бекбосынов, тіпті еліміздің түкпір-түкпіріндегі Оралханның шығармасына бас иетін азаматтарға, бір күндік жалақыларын аударған аудан жұртшылығына алғысым шексіз» дей келе, одан әрі «Талантты режиссер Жаңабек Жетіруов Оралхан туралы 40 минуттық деректі фильм түсірді. Аманшылық болса, енді көркем фильм түсіруге әзірленіп жатыр. Оған «Қазақфильмнің» басшысы Ермек Аманшаев көмек жасайды деген ойдамыз» деген пікірін білдірді.

Ал Астанадан келген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын оқыса, жазушының достары Төлен Әбдік, Қуанышбай Құрманғали да жылы лебіздерін білдірді.

Катонқарағайдағы Мәдениет үйінде «Көркемсөздің Құлагері» атты ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияның ұйымдастырушысы әрі модераторы Әлібек Асқаров жиынды ашып, мұндай іс-шараны жазушының туған жерінде өткізуде терең мағына жатқандығына тоқталды.

Мерейтой барысында жазушының туыстары Оралхан аруағына арнап құран-қатым түсіріп, ас берді. Жиналғандар «Қоңыр» тобы мен жергілікті өнерпаздардың өнеріне сүйсініп, ризашылықтарын білдірді.

Бағдагүл Балаубаева.

 

Балаубаева, Б. Көркемсөздің Құлагері [Мәтін]: О.Бөкеевтің Катонқарағай ауылындаға ашылған ескерткіші туралы/ //Ана тілі. - 2013. – 19 қыркүйек.


Басып шығару   E-mail