Шыңғыстай ауылында Әбдікерімге арналған ескерткіш тақта ашылды

28.06.2017

Көненің көзі қайта қалпына келді. Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылындағы тарихи мектептің көшірмесі бой көтеріп, Әбдікерім болысқа арналған ескерткіш тақтасы ашылды.

Үлкен қоңыр үй осыған дейін Катонқарағай ауылында тұрған қарағайдан салынған көне ғимарат еді. Жуықта кәсіпкер Ұлықбек Тумашиновтың мұрындық болуымен Шыңғыстайға көшірілген қоңыр үйдің қабырғасына Әбдікерім болыстың ескерткіш тақтайшасы орнатылып, салтанатты түрде ашылуы болды. Тас тақтаға болыстың портреті басылып, Әрімжан ақынның төрт жол өлеңі қашалған екен:

Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,

Қаратай берекелі ел екен ғой.

Алтайда алтын ұя -мектеп ашқан,

Әпекең бір асқар тау бел екен ғой.

Ал мектеп мұражайдың ішінде Әбдікерім Ережепұлына арналған жеке бөлме болмақ. Қазіргі уақытта жәдігерлерді жинастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал енді бір бөлме жазушы Оралхан Бөкейге арналмақ. Сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылар мен осы мектептен қанат қаққан түлектерге де арнайы орын бөлінеді. Сол заманға сай сынып бөлмесі де жабдықталып қойды. Мұнда ескі парталар, глубос, оқушылардың көне сөмкелері қойылды. Ал бір бұрышында контрамарка пеш орналастырылды.

- Аудандық өлкетану мектеп-музейін тамыздың соңына қарай ашуды жоспарлап отырмыз. Атқарылмаған жұмыстар әлі көп. Әзірше қолда бар жәдігерлерді жинақтап жатырмыз. Сынып бөлмесіне Ыбырайдың, Абайдың қанатты сөздері төте жазумен жазылды, - дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.

Ал мектеп ауласына иесін жоқтап тұрғандай етіп аттың мүсінін жасалды. Бұл дегеніміз Әбдікерімнің Қытайда қалғанының белгісі іспеттес екен. Сондай-ақ, қураған теректің артық бұтақтары алынып, ақпен сырланды. Бұл кешегі өткендердің белгісі болса, дәл жанына жас тал егіп қоймақ. Яғни, бүгінгі ұрпақтың белгісі болмақ. Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына ауыл ақсақалдары, аудан басшылары жиналып, Әбдікерім рухына құран бағышталды.

Мерей Қайнарұлы

https://altaynews.kz/kz/arxiv/shyngystay-auylynda-abdikerimge-arnalgan-eskertkish-takta-ashyldy.html


Басып шығару   E-mail