Қисық

Қисық

Қыйсықтан Құттықадам, Едіге, Айтқұл, Ұзақ, Көкілер тарап, «Бес Қисық» атанған.

Дәулеттің шөбересі (Досқұлы – Қисықтан) Көкі деген кісі ұрпақты болған. Бірнеше әйелдерінен 17 ұл көрген. Онан басқа алымта-қарымта заманында қарсы жақтан мал да, жан да қолды болып, басым жақ ағайын барысында олар бөліске түскен. Сондай бір мерзімде Көкі: «Мен мал алмаймын, жан алайын» - деп, қабағы түскен Ершен деген қалмақ баласы мен көзі қарақаттай жаудыраған қазақ баласы Ноғашты алыпты. Өзі кеңпейілді Көкі, балалы-шағалы болса да, Ершенді де, Ноғашты да бала етіп өсіріп, ержеткен соң «бөлтек балаға, селтек қыздарың бар ма?» - деп жүріп, екеуін де үйлендіріп, екі отау тігіпті.

Құдайдың құдіретімен... осы екеуінен де едәуір ұрпақ тарап, олардың ішінен тамаша ақындар да, шешендер де, әділ би де, орамды, пысық ауқатты бай адамдар да шыққан.

Ноғаштың Мәнекей деген баласынан 4 ұл туады. Аттары Күмпейіс, Көдебай, Таңырық, Тазбала төртеуі де өз қатарының алды, рулы елге белгілі жақсы жігіттер болып өседі. Ерекше өнерімен, өзі әнші, өзі ақын, өзі өте тұлғалы, келбеттісі Таңырық болады. Таңырық 18-20 жасынан бастап Қаратайға, Көкжарлыға белгілі ақын, әнші болып атағы шығады. Семей, Ом быға дейін барып, көп жиында айтысып, ән салып жүлде алған белгілі ақын екен.

ХVІІІ ғасырдың аяқ шенінде Өр Алтайға, Бұқтырма бойына орыс келімсектері, атты казак орыстар келе бастап, жергілікті халықтың өрісі, қонысы тарыла бастайды. Ептеген кикілжің жанжал да шығып қалады.

Осындай бір шақта, халқының еркесі, өзі де балғын денелі Таңырық бір жанжалда шыдамсыздық істеп, дау-жанжалға кездесіп қалады. Сонан тайқып, Өмір, Есілбай, Байқозы секілді батыр, ержүрек достарымен Қытай еліне өтіп кетеді. Жалғыз қызы мен келіншегін ала кетсе керек.

Қытай елінде Абақ керейдің, жайырдағы Наймандардың арасында жүріп, ауырып қайтыс болады. Жанындағы серік, жолдастарынан елге өлеңмен сәлем жолдайды. Бұл 1890 жылдардың маңайында. Таңырықтың елге айтқан өмірден өтердегі сәлемі баспа бетін көре алған жоқ, тек ел аузында, ағайындарыы, ұрпақтары буыннан – буынға ауызша айтумен жалғастырып, айтып келеді...

Таңырықтың бергі атасы Көкі болғанда, арғы атасы Қыйсық.

Кітапбаев, Б. Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды [Мәтін]: - Өскемен: Рекламный Дайджест, 2012. – 500 б.


Басып шығару   E-mail