О.Бөкей өмір жолы

Бөкеев (Бөкей) Оралхан (1943-1993) – журналист, жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.

1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепті аяқтаған соң, пионер жетекшісі, «Алтайский» совхозында тракторист болды. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген соң,  Үлкен Нарын аудандық «Еңбек туы» газеті редакциясында жұмыс істеді. Кейін «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеті, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»)  газеті, «Жұлдыз» журналы редакцияларында қызмет етті. 1991-1993 жж. – «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарған. 

1970 жылы «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды.  «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1976), “Ән салады шағылдар” (1978), “Үркер ауып барады” (1981), “Біздің жақта қыс ұзақ” (1984) повестер мен әңгімелер жинағының авторы.

Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да тілдеріге аударылған. Оның өзге тілде жарық көрген шығармалары - «След молний», молодая гвардия, М, 1978; «Поющие барханы», Советский писатель, М, 1981; «Чағылған», Қырғыстан, Фр., 1981; «След молнии», Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982 Оралхан Бөкейдің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер Б.Аюханов) балеті қойылды.
 
1994 жылы Оралхан Бөкейдің «Таңдамалы» жинағының  1-томы, 1996 жылы 2-томы жарық көрді.
 
О. Бөкей - Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының (1976), Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлығының (1978), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1986) лауреаты. Үкіметтік марапаттары: «Құрмет белгісі» ордені, ҚазССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы. Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы.
1993 жылы 17 мамырда шығармашылық іс-сапар барысында Үндістанда қайтыс болған.

Басып шығару   E-mail