Ешкімге ұқсамайтын Ораш еді

Алты Алашты аузына қаратқан атақты жазушы, философ, публицист, драматург, жер шарының алтыдан бір бөлігінің небір танымал жазушыларының таңдайын қаққызған, Европа мен Азияның бірқатар елдерінде кітаптарын бастырған, жастар сыйлығының, республикалық Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкеев туралы әңгіме айту асқан жауапкершілікті талап ететін мәселе. Орекеңді отыз жылға таяу білгеніммен ол туралы күні бүгінге дейін жақ ашпаппын. Өткен аптада кітапханадан телефон соққан бір қарындас:

- Биыл Бөкеевтың туғанына 60 жас толады ғой. Соған орай естеліктер кітабын шығармақ жоспарымыз бар. Сіздің де қатысқаныңызды қалап отырмыз,- деді.

- Қолымыздан келсе, көрейік,- деп екі ұшты жауап бердім.

Апырмау, сонда не деп естелік айтамын? Кеше ғана жап-жас, әп-әдемі қалпында жанымызда жарқылдап жүрген Оралхан туралы да естелік айтатын кездің келіп қалғаны ма?... Орағаңмен 1966 жылдың қақаған аязды ақпанында таныстық. Өскеменде ауыл-село тілшілерінің семинары өткен. Ол кезде Большенарым аудандық газетінде қызмет істейтін жиырма үш жасар Оралхан түстен кейін облыстық газет редакциясының кабинеттерін аралап жүрді. Атына бұрыннан қанық едім. Ол ауданнан очерк, мақалаларын жіберіп тұратын. Қызыға оқитынмын да "мұндай жігіт облысқа неге ауыспайды" деп ойлайтынмын. Сол күні-ақ редакторымыз Мұқан Әбуғалиев бүкіл ұжымды жиып алып:

- Оралханды көптен құдаласып жүріп, қызметке алдық. Бүгіннен бастап бізде істейді, ауыл шаруашылық бөліміне әдеби қызметкер болып барады,- деп хабарлады.

Сөйтіп, Оралхан іске кірісіп кетті. Ең бір ұмытпайтыным - оның шапшаңдығы еді. Алғашқы күннен-ақ берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап, “енді не бар?» деп отырғаны. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады, материалды қанша берсең де "мынауың көп" деп айтатын кісі жоқ. Әдеби қызметкерлердің барлығы сайдың тасындай жігіттер. Бүгінде ардагерлер Мүслім, Оспан, Серік, марқұм Тұрғазы, Кеңес және басқалар редактордың көкейіндегіні өздері біліп-ақ отырады. Ең жасы мен - редакцияға келгеніме екі-ақ жыл болған. Мен онда өнеркәсіп бөлімінде әдеби қызметкермін.

Бір ай ма, екі ай ма өткен Оралхан келгелі. Кезекті бір лездемеде нөмірге сыншы Оралхан еді. Газеттегі материалдарды басмақаладан бастап шолып шықты. Шолды деп жұмсартып айтып отырғаным. Оралхан бүкіл нөмірді сойып шықты. Сынды, оның ішінде сыйпай қамшылаған емес, тас-талқанын шығарған сынды кім жақсы көрсін. Басмақала өзінің тікелей бастығынікі, очерк тағы бір бөлім меңгерушісінікі. Тіпті, суреттің түсініктемесін де қалдырмады. Ең ақырында:

- Газетті мынадай етіп шығаруға болмайды,- деп шорт кесті. Оралханның біз сияқты қара жаяу еместігін осы лездеме-ақ көрсетті. Шынында да, очеркті қалай жазу, хатты қалай қорыту керектігін көрсетті. Оның мінезі де, жүріс-тұрысы да, киім киісі де, тіпті, шаш қойысы да өзгеше еді. Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ ол маңайындағыларға менсінбей қарайтындай көрінетін. Бір нәрсені ұнатпаса, біреудің көңілін қалдырармын-ау деп ойламайтын, ойласа ойлар да, бірақ айтайын дегенін кері жұтпайтын, бастан сөз асыруды да білмейтін, лапылдап көп сөйлей де бермейтін, ал айтыса кетсе, түйдек-түйдек ойларын бұлтартпайтын дерек - дәйектермен дәлелдеп, қарсыласының үнін өшіретін, жарты сағат сөйлесе, бір сөзін екінші қайталамайтын шешен еді. Ол Өскеменде небәрі сегіз ай жұмыс істеді. Осы аз ғана уақытта Оралхан небәрі әдеби қызметкер бола жүріп редакция өміріне біраз серпіліс енгізіп кетті. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Оралхан қорытқан хаттарды кейде бөлім меңгерушісі шимайлап-шимайлап, "мынауың нашар, қайта қара" деп қайтарып беріп жататын. Сондайда күйіп кететін де "қай жері нашар?" деп қадалатын.

Ол кездегі адамдардың пейілінің кеңдігіне бүгін қайран қаласың. Өскеменде пәлендей жақын-жақпайы жоқ Оралхан Мүсілім Құмарбековтың үйінде тұрды. Жалпы Орекеңнің облыстық газетке келуіне себепкер болған Мүскен еді. Катонға барғанда тауып алып, жазған дүниелерін газетке жариялай жүріп, "мынандай мықтының ауылда жүргені жарамас" деп редакторды иландырған да М. Құмарбеков.

Редакциядағы ең жастар болғандықтан ба, Орекең екеуіміз тез шүйіркелесіп кеттік. Ол кезде шахмат пен дойбының "модадағы" кезі, қол босай қалса "соғысып"жатқанымыз. Кино, паркке де барып қоямыз. Жазда анда-санда суға шомыламыз. Күзде ол ауылына қайтатын болды. Большенарымда ұнататын қызы бар екен. Үйленіп, сол жерде аудандық газет редакторының орынбасары болмақ. Аупарткомның бірінші хатшысы Ойкен Рахимов ағамыз пәтер бермек екен. Сөйтіп, Оралхан 1966 жылдың қыркүйегінде ауылына қайтты да кетті.

Біздің байланысымыз үзілген жоқ. Оралхан мен Айман жеңешеміз Алматыға көшті. "Лениншіл жаста" бірнеше очеркі басылғаннан кейін Шерхан ағамыз Оралханды қызметке шақыртып алды. Алғашқы жылдары жас отауды пәтер мәселесі қатты қинады. Алматыға барған сайын "Лениншіл жасқа" соғып, сәлем беремін. Кешке үйіне ертіп апарады. Үй дегеніміз біреудің ауласындағы лашық. Дүрілдеп тұрған Орекеңе астананың бір дұрыс пәтері де бұйырмағанына ішің ашиды. Күндердің күнінде әйтеуір Ленин даңғылы бойынан екі бөлмелі пәтер алып, ол проблема да шешілді.

Оралхан Қазақстан журналистикасында құбылыс болды. Ол жазған көлемді очерктер мен көркем туындыларын былай қойғанда шағын мақалаларының өзі-ақ жұрттың пікірталасын туғызып жататын. "Тіпті, он жолдық хабар жазсаң да елді елең еткізетіндей жазу керек қой" деп желпініп отырушы еді. Талантымен танымал болды, астана да мойындады. "Лениншіл жасқа" барып жүргенде Орағаң арқасында Кәрібай, Қуанышбай, Ақселеу, Кәдірбек, Сағат, Жарылғап, Орысбай, Қалдарбек сияқты кейін атақты жазушы, ғалым болған жігіттермен таныстық. Бір қызығы - осылардың барлығы да Орекеңнің тар пәтерінің Айман жеңгей жасайтын кең дастарханына жиі жиналатын. Айман көркіне мінезі сай, өте ақжарқын, ашық жан еді. Өзі Қазақстан тұтынушылар одағында қызмет істеді. Қай уақытта болсын Оралхан достарын жарқырап қарсы алып жатқаны. Оның үстіне сонда жатқан студенттер, ауылдан қатынайтын туыстар, әйтеуір Оралханның үйі қонақсыз болғанын көрген жоқпын. Бір-ақ рет жеңгеміздің сасқанының куәсі болдым.

1977 жылдың 7 мамыр күні М. Әуезов атындағы драма театрында Оралханның "Қайдасың, қасқа құлыным" премьерасы болды. Театр лық толы көрермен. Ол спектакльді жұрт керемет жылы қабылдады. Басты рольдерде Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков, Құдайберген Сұлтанбаевтай талантты актерлер орындады. Оралханды сахнаға шығарып, көп мақтау сөздер айтылды. Өз кезегінде жазушы театр артистеріне рахметін жаудырды. Спектакльден соң Орекең Әнуарды, Құманды жұрттан бөліп алып, үйіне бардық. Әнуар өте сауықшыл отырған ортасын қызықты әңгімелерімен баурап алатын аға екен. Стол басында өнер, театр, әдебиет туралы Құман, Әнуар, Оралхан үшеуі көп әңгіме айтты. Бір талай тамақ желінді, ішімдік ішілді. Дәл сол күні Болгарияның курорттарының бірінде "Алтын Орфей" конкурсы болып, оны "Останкино" тікелей көрсетті. Конкурсқа Роза Рымбаева қатысып, гран-при алды. Қуанышымызда шек жоқ, Розаның жеңісі аяусыз-ақ жуылды. Таң атты. Көз ілген кісі жоқ. Айман жеңгей қайта-қайта шай ысытады. Түс болды, столға тағы бір табақ ет әкелінді. Келесі кешкі асты да аяқтадық. Екі мейманның қайтатын ойы жоқ. Ермегіміз - преферанс. Арасында Әнуар мен Құман кезектесіп ұйықтап алады. Оралхан екеуімізге рұқсат бермейді. Сонымен 9 мамыр, Жеңіс күнінің де таңы атты. Бір кезде жеңешем келіп:

- Ораш, базарға барып келмесең болмайды, тоңазытқыш босады, - дейді. Мұны естіген Әнуар:

- Келін тамақ әкел - деп Айманды онан сайын қинады.

Сөйтсек, үйде екі-үш жұмыртқа қалған екен, соны бөліп жеп екі тәулік дегенде тарасқанымыз бар. Бұдан былайғы жерде үйіне барғанда жеңгемізге "азық-түліктің үш күндік қоры бар ма" деп әзілдеуші едік.

Оралханның әке-шешесі, бүкіл туыстары ауылда болғандықтан Катонқарағайға жылына екі-үш рет қатынап тұратын. Өскеменде қарсы алып, шығарып салып жүремін. Ол кезде Катонға, онан әрі Шыңғыстайға жету оңай емес. Кейде Оралхан кейіп қайтатын. "Катоннан ауылға бару үшін автобус күтіп жүргенің, мені бүкіл Қазақстан басына көтергенде өз ауылым онша менсінбейді" деп өкпелеп отыратын. Бірақ өзі де қызық, "аға, көке" деп ешкімге өтініш айтпайды, оны ұнатпайтын. Өзі үдірейіп тұрған жанға мен сөйте қояйын дейтін қазақ қайда?

1982 жылдың көкегі ме, мамыры ма, "мен ертең келемін" деп телефон соқты.Ол кезде мен облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып істеймін. Обкомның екінші хатшысы Рысбек Мырзашев ағамыз. Өте келбетті, парасатты адам еді. Анда-санда мені өзімен аудандарға командировкаға бірге апарып қоятын. Сондай сапарлардың бірінде Оралхан туралы әңгіме айтылып, Рысбек ағамыз Оралхан творчествосын қызыға қадағалайтынын, бір келгенде таныстыруымды тапсырған. Сол сөз есіме түсіп, Рысбек ағаға кіріп, ертең уақытыңыз болса Оралханмен таныссаңыз деген ұсынымды мақұлдады. Оралханға қайта телефон соғып, Р.Мырзашевпен танысасың, екі-үш кітабыңды сыйға тартуға әзірлей кел десем, Орекең "үлкен кісіні әурелеп қайтеміз" деп қиқақтайды, бірақ соған келістік.

Танысқандарына Рекең де, Оралхан да разы болып, аға-іні болып тарқасты. Біздің көзімізше Рекең ағамыз Катонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Д.Девятовқа телефон шалып, ел таныған жазушыға қамқор болып, қарсы алып, дұрыстап шығарып салу, ауданды аралату, кәрі әке-шешесіне қолқабыс жасау жағын тапсырды.

Сол жолы Оралхан "райкомның қамқорлығында болдым" деп көңілді келді. Вертолетпен ұшып, бұрын көрмеген жерлерін аралапты.

Кейіннен Орекеңнің елге келіп-кетуі - жеңілдеді. Екі жылдай облыстық газеттің редакторы болып тұрғанда Өскеменнен Шыңғыстайға Оралханды алып неше бардым. Большенарымға ауаткомның төрағасы болып Марат Әкрамов барған соң жағдай тіптен жақсарды. Большенарымға ұшатын үш самолеттің біріне отырған Орекеңді ары қарай апару Мараттың мойынында болды. Ол екеуінің танысуына мен себепкер болдым. 1986 жылы Марат екеуімізді "білімдерің аздау" деді ме, Алматының жоғары партия мектебіне сырттай оқуға жіберді. Менің облыстық партия комитетінің идеология бөліміне меңгеруші болып барғаныма бір жылдай болған. Марат өмір бойы Таврияда жүрген адам, Оралханды танымайды. Алматыға жетісімен "Қазақ әдебиетінің" редакциясына келіп, Орағаңа сәлем бердік. Кешке Айман жеңешеге амандасып, сол бір көргеннен-ақ Оралхан Маратты ұнатып қалды да содан өмірінің соңғы күніне дейін сыйлап өтті деп ойлаймын.

Партия мектебінің сессиясы жылына 20 күннен екі рет болады. Оқуға әр барғанымызда сумкаларымызды жатақханаға тастай салып, Орекеңнің Жамбыл көшесіндегі үйіне тарту, таң атқанша әңгіме-дүкен құрып, арасында төрт-бес түнді Орекеңман өткізу, ертең Өскеменге ұшамыз дегенде, ағамызға келіп, таң сәріде аэропортқа сол үйден аттану әдетіміз еді. Ал бір-екі күн хабарсыз кетсек, Айман жеңгеміз бізге телефон соғып:

- Орекең кешке таман балкон жаққа жиі барып, әлгі екі қу келіп қалар деп елегізіп жүр,- деп, шақырып алушы еді марқұм.

Айекеңнің жампоздығы, кісі сыйлағыштығы, араласып-құраласуға пейімділігі, Орағаңның қас-қабағына қарап, оның көкейіндегісін оқып отыратындығы, туыстарға жанашырлығы керемет еді. Орекеңнің біраз жиендерін қаз тұрғызуға көп еңбек сіңіргенін көрдік. Оралханның атақты жазушы болуына әсер еткен анасы ма деп ойлаймын. Күлия шешей көкірегі ояу, көзі ашық, өте шешен адам еді. Жасы да озған, оның үстіне жарымжандығы бар үйден ешқашан ұзап шықпайтын, алайда ауылда, ауданда не жақсы, не жаман барын біліп отыратын. Орекең анасымен ұзақ әңгімелесіп, өткен-кеткенді сұрап біліп, көрші-қолаңның хал-жағдайынан қанығушы еді. Оралханның көптеген әңгіме-повестеріндегі сюжеттер, кейіпкерлер шешеміздің айтқандарынан туған дүниелер сияқты көрініп тұратын. Анасының әңгімесін Орекең қызыға тыңдайтын, сөзін бөлмейтін және ештемені қағазға түртіп алып отырмайтын. Шешейдің ұзақ-сонар әңгімелерінде мақал-мәтелдер, тамаша теңеулер мен әдемі сөз тіркестері ағыл-тегіл ағылатын.

- Ой, көп сөйлеп, басыңды қатырдым-ау, құлыным, - деп әңгімесін аяқтағанын сездірген кезде Оралхан:

- Тәте-ау, мұндай қызық әңгімені маған сенен басқа ешкім де айтпайды, - деп еркелеп, "осы анау кісі қалай болып еді?" деп тағы бір әңгімені бастатып жіберетін. Шешейдің талай әңгімелерін естідік. Оралхан шығармаларынан сол айтылғандардың көбін сәл өзгертілген, бояуы қоюланған қалпында байқап та жүрдік. Орекең аса туысшыл, бірақ туыстарына сын көзбен қарайтын, қаталдау болды. Оқуға селқос қарап жүрген жиендеріне ренжіп, ұрысып отырғанын көретінмін. Алматыда тұратын жерлестерімен қарым-қатынасы да кісі қызығарлықтай еді. Солардың арасында Әлібек Асқаровты бөле-жара бағалайтын.

- Әлібек жас болса да үлкендер ескермейтін нәрсені алдын-ала болжап, терең ойлайды. Амандық болса, осы інім мықты болар, - деп ризашылығын білдіретін. Шынында да, Әлібек алғыр да нағыз азамат. Қайғылы қазаны естіген сәттен бастап, күні бүгінге дейін Әлекең ағасына қызмет етуін доғарған жоқ. Орекеңнің жерлеуін, жетісін, қырқы, жылын ұйымдастыруда салмақ Әлібекке түсті. Ағамыздың басына құлпытас орнату да оңай шаруа болмады. Осының барлығына шырылдап, зыр жүгірген Әлібек. Оралханның 50 жылдығына орай екі томдық шығармалар жинағы, 2000 жылы "Өнер" баспасынан Р. Мәженқызының құрастыруымен "Оралхан" атты естеліктер, эсселер және мақалалар жинағы жарық көрді. Бұл істің басында Әлібек тұрды. Биыл О. Бекейдің төрт томдығын шығарсам деп талпынып жүрген де осы Әлібек. Ағасы тегін жақсы көрмеген екен. Әлібек Асқаровқа рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Мың жаса, Әлеке!

Орекең мен Айман бір сәбиге зар болды. Кейде кейіген сәтінде ағамыз "бізде атақ та, абырой да, ақша да бар ғой, бір-ақ нәрсе жетпей жүр" деп күрсінетін. "Осы Оралханның балалы болғанын көрсек-ау" деп ойлайтынбыз. Оның себебі бар. Біздің үйге келгенде балалар конфет, шоколад ұстаған қолдарымен Орекеңе жанасып кетсе, қайран ағамыз "қолдарыңды жуып келіңдер", - деп, олар тиіп кеткен жерін қолма-қол қағып-сілкіп отыратын. Орағаң кішкентайлы болып, көптен күткен күні туды. Барып-келіп жүргенде Айхан мен Айжан үстіне шаң жуытпайтын папаларының көйлек-шалбарына айран төгіп, шоколад жаққанда баяғы қылығын есіне салып көрдім. Сонда марқұм:

- Үстіме шай төкпек түгіл басыма кәкетіп қойса да, құдайға разымын - деп сәбилерін бауырына басып, басына көтеруші еді. Балалы болған соң Орекең   мүлде өзгерді, жұмыстан келісімен ұл-қызын айналып-толғанып, мәз-мәйрам болып жататын... Оралханнан айрылғалы он жыл өте шықты. Ешкімге де ұқсамайтын ағаның ажалына әлі сенбеймін...

Ж.Әділбаев.

Әділбаев, Ж. Ешкімге ұқсамайтын Ораш еді [Мәтін]  / Ж. Әділбаев // Ақ Ертіс - Иртыш. - 2003. - N2. - Б.43-48


Басып шығару   E-mail