Әбдікерім мектебі қайта жаңғырды

Асқақ Алтайдың алқымындағы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында бір ғасыр бұрын Әбдікерім болыс салғызған мектептің көшірмесі бой көтерді. 

Көне де жаңа нысан мектеп-музей болып ашылып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шара Әбдікерім болыстың туғанына 155 жыл толуымен және еліміздегі ең алғашқы білім ордаларының біріне саналатын мектептің 110 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Мектеп-музейдің ашылуына Әбдікерім Ережепұлының туған шөбересі Еркін Бәйіс те келген екен. Тұсаукесер лентасы қиылмас бұрын қойылған театрландырылған көріністе білім ордасынан түлеп ұшқан Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушы Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров және Дидахмет Әшімхан сынды елге белгілі тұлғалардың есімдері аталды.

Мәдени шаңырақтың ішінде Әбдікерім болыстан бастап белгілі тұлғалар туралы деректер қойылған. Бір бөлме өткен ғасыр үлгісіндегі сынып ретінде жабдықталыпты. Музейдің ашылуына куә болған ауыл тұрғындары айрықша қуанышты.

– Оқушы күніміз көз алдымызға келді, – дейді жетпістің жетегіндегі Нұрлан ақсақал. – Тарихымызды тірілткен аудан азаматтарына алғысым шексіз. Оның ішінде өз қаржысына осы мектеп-музей үйін салып берген Ұлықбек Тұмашиновке ризамыз. Музей ішін жабдықтауға зор үлесін қосып жүрген Дүйсен Бралиновке де мың алғыс.

Азамат Қасым.

Қасым, А. Әбдікерім мектебі қайта жаңғырды [Мәтін] / А. Қасым // Егенмен Қазақстан. - 2017. - 5 қыркүйек. - Б.3.

 


Басып шығару   E-mail