МАҒЗҰМОВ ТОҚТАР НҰРЖАҚЫПҰЛЫ
Мағзұмов Тоқтар Нұржақыпұлы – жазушы, оралхантанушы, өлкетанушы.
1958 жылдың 6 наурызында Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген.
Атақ-Марапаттары
TURKSOY Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі – 2026 жыл
«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері – 2023 жыл
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – 2008 жыл
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі – 2003 жыл
Білім жолы
1977–1982 жылдары Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алды. Кейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді.
Еңбек жолы
Еңбек жолын 1982 жылы Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бастады. Шығыс Қазақстан аймақтық жекешелендіру комитетінде бөлім басшысы және комитет басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық мекемелерді қайта құру және тарату басқармасының басшысы, Өскемен қаласындағы жиһаз жасау комбинатының байқау жүйесінің басшысы, Өскемен қалалық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық мекеменің басшысы қызметтерін атқарды. Ел экономикасын дамытуға үлес қосумен бірге ұлт руханиятына да өз ризығын қосуға ықыластанған Тоқтар Нұржақыпұлы қызметін шығармашылықпен ұштастырып, қолынан қаламын тастамады.
Шығармашылық жолы
2012 жылдан бастап Тоқтар Нұржақыпұлы мемлекеттік қызметтен шығармашылыққа түбегейлі бет бұрды. Қазіргі таңда республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі.
Қаламгердің әдебиеттегі алғашқы қадамы әңгіме мен новелла жанрынан басталды. 1982 жылдан бастап шығармалары облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде, «Ақ Ертіс» журналында жарияланды. Кейіннен әңгімелері мен хикаяттары республикалық «Жұлдыз» журналы, «Жас Алаш» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрді. Романдары облыстық «Изумрудный Алтай» журналында оқырман қауымға ұсынылды.
Шығыс өлкесінің тарихы, Алтай шежіресі – жазушының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан да болар, шығармаларының басты ерекшелігі – зерттелген шынайы деректер негізінде жазылуында. Бұл орайда, Тоқтар Нұржақыпұлы «Тарих – бұрмалауды, Аруақ – қиянатты кешірмейді» деген өз қағидасын қатаң сақтайтынын айтады.
Осылайша, жазушы туған жер мен ел тағдырын, тарихи тұлғалардың ғибратты ғұмыр жолын көркем шығармалар арқылы ұрпаққа ұлағат ету бағытында кемел үлес қосуда. Өз зерттеулерінде облыстық, республикалық және шетел мұрағаттарындағы сарғайған құжаттарды кеңінен пайдаланады. Яғни, тарихи деректерді ғылыми негізде саралап, шығармаларының өзегі ету – басты ұстанымы.
Сондай зерттеу еңбектерінің бірі, Алаш Үкіметі атқарушы комитетінің мүшесі болып, Шығыстағы Алаш қозғалысының басшысына айналған Әбдікерім Ережепұлының өмірі мен қайраткерлік қызметіне арналған ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресей, Қытай және Моңғолия мұрағаттарындағы бұған дейін беймәлім болып келген тарихи деректерді жинақтап, зерттеді. Нәтижесінде, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында «Әбдікерім және Алаш» атты деректі шығармасын жазып, жұртшылыққа ұсынды.
Тоқтар Мағзұмов Алаш әдебиетінің аяулы жазушысы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге де елеулі үлес қосты. Жазушының шыққан тегі мен шығармашылық жолына қатысты ізденістерінің нәтижесінде «Райыстан Оралханға дейін» және «Жазушы жолы» атты деректі хикаяттары жарық көрді.
2006 жылы Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісімен түсірілген көркем фильмге продюсер болып, қазақ киносының қоры ұлттық маңызы зор туындымен толығуына үлес қосты. Фильм сол жылы республикалық «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіліп, ел ықыласына бөленді.
2019 жылы Тоқтар Нұржақыпұлы Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада «Оралхан Бөкейдің әдеби залы» атты орталықтың ашылуына ұйытқы болды. Бұл рухани орталықтың басты бағыты – Оралхан Бөкей шығармаларын насихаттау және дәріптеу. Қазақ әдебиетін оқыту, талдау арқылы жас ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын арттыру. Бүгінгі таңда «Оралханның әдеби залында» ұлттық рухтағы мәдени-ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Шығармалары
- «Қыз суреті» (2003 жыл);
- «Алтай әуендері» (2005 жыл);
- «Байберді асуы» (2007жыл);
- «Райыстан – Оралханға дейін» (2014 жыл);
- «Құзғынды қырғыны» (2015 жыл);
- «Жазушы жолы» (2015 жыл);
- «Әбдікерім және Алаш» (2016 жыл);
- «Алтай өрнектері» (2022 жыл);
- «Судьбы и тревоги Алтая» (орыс тілінде, 2023 жыл);
- «Тень Байтерека» (орыс тілінде, 2023 жыл);
- «Алтай Алашы» тарихи романы (2023 жыл);
- «Тау бөрісі» тарихи романы (2024 жыл).
Тоқтар Мағзұмов – төр Алтайдың тарихын жазғанда ақиқаттан аттамауды ар тұтқан Өлкетанушы. Туған өлкенің шежіресін терең зерттеп, көркем тілмен кестелеген бірегей тарихшы Жазушы. Оралхан Бөкейдің ғибратты ғұмыр парақтарын ашып, бұқараға ұсынған Оралхантанушы.
Шығармалары ұлттық рух пен сананы серпілтіп, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған әдеби мұра болуымен де құнды.
Сонымен бірге, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде аймағымыздың әдебиеті мен мәдениетін елімізге насихаттау һәм дәріптеу бағытында да зор үлес қосуда.
Тоқтар Нұржақыпұлы келешекте де төр Алтай тарихының құпия парақтарын ашып және зерттеп, зерделеп, бұқараға ұсынады деп бек сенеміз!

