Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясында қаламгердің туған ауылындағы музей-үйінің ашылу салтанаты өтті. Жазушының жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады. Мерейтойға арналған “Шолпандай таң алдында туып батты” атты мақалалар мен естеліктер жинақталған кітаптың тұсауы кесілді. Музей ауласында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О. Бөкей мұражайына сыйға тартты.

Мерейтой “Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту” қоры мен Катонқарағай ауданы кәсіпкерлерінің қолдауымен өтті.